Сейілбек Асанов: «Түркістан болашақта Қазақстанды «бағатын» өңір болып кетуі де мүмкін»

121

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысына ауысуы, өзгеше айтсақ атауының өзгеруі бекер туындаған мәселе емес. Бұл дүние тарихи себептермен тығыз байланысты. Өйткені бізге дейінгі Мағжан Жұмабаевтың өзі Солтүстік Қазақстан облысында туса да «Солтүстік Қазақстан екі дүние есігі ғой»-деп, емес,

— «Түркістан екі дүние есігі ғой

Түркістан ер Түріктің бесігі ғой» — деп, жырлап кетті. Ол Түркістанның цевилизациясын, Түркістанның даму темпін, бізге дейінгі кезеңін айтты. Ол жердегі адамдардың даму эволюциясын басқа жерлермен салыстырғанда қарқынды болды. Өйткені, ол жерде сауда-саттық өте қатты дамыды. Ал, сауда жақсы дамыған жер болғандықтан адамдарының материалдық әлеуеті де жақсы болды деген сөз. Сондай-ақ, Түркістанда бұрыннан егіншілік, мал шаруашылығы, егіс шаруашылығы жақсы дамып, қалыптасқан. Адамдарының мәдени дамуы өте жоғарғы деңгейде болған. Оны қандай фактілермен дәлелдейміз?!

Біздегі Отырарды айтсақ болады. Сайранды айтсақ болады. Ар жағында орналасқан Ташкент, Өзбекстан, Самарқант. Демек, өзбектердің, парсылардың мәдени дамыған ошақтарына жақын орналасқан. Осы мәселе, Оңтүстік Қазақстанның регион ретінде дамуының өте үлкен факторы болды. Оңтүстік өңірден ақын-жазушылардың, мәдениет қайраткерлерінің көп шығуы климатына да байланысты. Оңтүстіктегі жылы ауа-райының өзі адам баласына үлкен серпін береді.

Өзбекстанмен шектесетіні өз алдына үлкен мәселе. Себебі, Өзбекстан Республика ретінде үлкен локоматив. Сайран тұрғындары, Самарқанттағы діни оқулар, осының бәрі оңтүстік өңірдің дамуына үлкен ықпал еткен. Қоқан хандығының ХІХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы осы өңірдің көркейіп гүлденуіне, адамдарының жер өңдеумен айналысуына, тұрақтанып, қалалануына үлкен әсер еткен.

Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы етіп ауыстыруының өзі тарихи себептеріне байланысты. Ол жердегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің, Арыстан Баб кесенесінің бар болуы үлкен өнеге. 90-жылдардың басында Қожа Ахмет Иассауи атын университет атауына берілуі кездейсоқтық емес. Осы университеттің Түркістанда ашылуының өзі жай қарап қоя салатын дүние емес. Түркістан болашақта облыс орталығы болып қалады деген идея, пікірлер сол кезде айтылған. Түркі дүниесінің рухани астанасы болмағы да айтылған. Оны түрік ағайындар да, өзбектер де мақұлдап, қолдап отыр.

Сондықтан, тарихи-әлеуметтік маңыздылығы бойынша Түркістан облысының құрылуы өте дұрыс стратегиялық қадам. Ол жердегі мықты этностардың өмір сүруі Түркістанның белгілі бір дәрежедегі мықтылығы. Ал, Түркістанның мықтылығы ол біздің иммиджімізге оң әсерін ғана тигізеді.

Қазір, оңтүстіктен солтүстікке жастарды көшіру процесі жүріп жатыр. Ол болашақта адам санын көбейту арқылы мегаполис жасау үшін. Бұл – біз қаласақ та, қаламасақ та жүретін процесс. Жүруі тиіс процесс. Шекаралас аймақтарда осындай мегаполистердің болуы күттірмейтін мәселе. Алдағы 10 жылда ол мәселе жүзеге асуы керек. Ол үшін еңбек күші де, материалдық көмек те аянбауы керек. Өйткені ол жерде қазақтардың санының өсуімен қатар қазақылану процесі де жүре бермек.

Түркістан облысына осындай статус берілуінің тағы бір себебі демография мәселесі. Оңтүстік Қазақстан өңірі адамдарының барлығы дерлік белсенді адамдар қатарында. Қай сала болмасын. Мегаполис атағының берілуі ол адам санына ғана емес, жұмысқа қабілетті, бәсекеге қабілетті адам санына да тікелей байланысты дүние. Бизнес элитасының көптігі, жеміс-жидек, жер өңдеу кәсібіне бейім негізгі жұмыс күшін, негізгі капиталды құрап отырғандықтан ол жерге осындай үлкен статус берілді.

Бұл болашақта Қазақстанды «бағатын» қала болып кетуі де мүмкін. Бұған жету үшін басқа өңірлерге көбею керек. Ширау керек. Түркістан өз бағасын ала білді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *