«Көшпенділер әуені» республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауы өтеді

338

Дәстүрлі музыка өнері ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан асыл құндылық. Ол халқымыздың тарихымен бірге жасасып келеді. Сонымен қатар бағзыдан жеткен дәстүрлі әуен бүгінгі ұрпақтың санасында қайта жаңғырып, тыңдарман жүрегіне жол табуда.

Бұл орайда қазақ халқының  дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы деуге толық негіз бар. Көшпенділер заманынан сақталып, қазіргі заманға дейін жеткен байтақ өнер өзінің төлтума табиғатымен, ғажайып болмысымен, қайталанбас әсерімен ерекшеленетіні сөзсіз.

Ұлттық музыканы ұлықтауға, дәріптеуге бағытталған «Көшпенділер әуені» республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауы өн бойына қазақтың әнін, киелі аспабы – домбырашылық пен көне мұра қобызды тоғыстырған ғаламат жоба.  Рухани байлығы мол, іскер азаматтардың арқасында былтырдан бастап қолға алынған сайыс көрермендер қошеметіне бөленді.  Ол биыл да жалғасын тапқалы отыр. «НомадLife» — өмірді сақтандыру компаниясы осы байқаудың құрылтайшысы болып, ұлттық өнерімізге жанашырлық танытып, қолдау жасап отырғанын айта кеткеніміз жөн.

Өткен жылмен салыстырсақ, биылғы байқаудың ерекшелігі өте мол. «Дәстүрлі ән» — үшінші номинация болып байқаудың ережесіне қосылды. Әр номинацияға дәстүрлі өнеріміздің Ұлы перзенттерінің есімдері берілді. Мысалы, Домбыра номинациясы – Құрманғазының атымен, Қобыз номинациясына – Қорқыт бабамыздың аты берілсе, Дәстүрлі ән номинациясы – Мұхит деп аталды. Осымен, 21 ғасырдың өнер ұрпақтары өткен ғасырлардың Ұлы тұлғаларына басын иіп, өзінің құрметін білдіруде. Әр номинацияның өзінің қомақты қаржы қоры бар. «Ұстазыңды ұлы әкендей сыйла дегендей» дегендей, ережеде ұсынылған тағы бір жаңалық, лауреат болып атанған үміткерлер, ұтып алған сый ақының жартысын өзінің ұстазына беру міндетті.

 Биылғы байқауға серіктес ретінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры қосылып, «Көшпенділер әуені» байқауы жылда өтетін халықаралық «ЖасSTAR» өнерлі жастар фестивалінің аясында өткізіледі. Бұндай серіктестік қарым-қатынас, бұл сайыстың шекараларын одан әрі ашылуына, дәстүрлі музыка өнерінің дамуына, өсуіне әкеледі. Әр жобаның өзінің алдына қойған  мақсаты бар. «Көшпенділер әуені» байқауының басты мақсаты – дарынды жастарға қолдау жасап, дәстүрлі орындаушылық өнерді одан әрі биікке көтеру. Аталған байқау қазан айының 19-күні басталады.

Біржан ХАСАНҒАЛИЕВ,

П.Чайковский атындағы Алматы

музыкалық колледжінің директоры,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *