Елбасы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды

194

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақтөбе қаласына келді. Сапар аясында Қазақстан Президенті өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Президентінің арнайы ат басын бұрған нысандарының бірі —  «Ақтөбе» индустриялық аймағы болды. Мемлекет басшысына индустриялық аймақта іске асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрландыру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін атқарылған жұмыстар туралы мәлімделді.

Ақтөбе облысының әкімі өңірдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.

Есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсу қарқыны сақталып отыр. Өнеркәсіп өсімі – 105,7 пайыз. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында өндірілген өнімнің құны 1,3 триллион теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 167,3 миллиард теңгені немесе 104 пайызды құрады. Осы айда 85 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22,1 пайызға артық. Биылғы 9 ай ішінде 318 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, – деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңір басшысы негізгі  мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Бес әлеуметтік бастаманың» жүзеге асырылу барысы жөнінде есеп берді.

Баяндаманы тыңдаған соң, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арналған жолдауды тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, облыстағы орташа жалақыны өсіру, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және өңірдің, әсіресе Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

 Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Ақтөбедегі «ACE Tennis Center» теннис орталығына, жалпы аумағы 8 500 шаршы метр болатын Мұз сарайына, «Аяла» балаларды сауықтыру орталығы мен «DaruZharygy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің офтальмология орталықтарына барып, олардың жұмысымен танысып қайтты.

    




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *