«Қазақстанның болашағы — Қазақ тілінде» атты семинар өтеді

127

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысында өтетін «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинарға байланысты баспасөз жиыны өтті, — деп хабарлайды kazgazeta.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саясаткер, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Дос Көшім: «Кеңес үкіметінің шекпенінен босап шыққан елдердің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жағынан кемшін тұстарымыздың бары жасырын емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам болып атсалысу керек. Яғни, мемлекет тарапынан қазақ тіліне жасалып отырған жағдайды дұрыс пайдалануымыз керек. Соңғы кездері қоғамда жиі айтылып жүрген мәселенің бірі мемлекеттік тілді көтеру. Әлеуметтік желілерде, жиындарда түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылып жатады. Бірақ, іс жүзіне келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Менің айтқым келгені қоғамда мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру керек. Азаматтар тарапынан қажеттілік болмаса, бұл мәселе сол күйі қала бермек», – деді. Жиында 2018 жылдың 15-17 қазан күндері Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинардың өтетіні туралы хабарланды. Баспасөз жиынында көтерілген тағы бір мәселе — латын графикасына көшу жайлы болды.  Брифингке қатысушылар бұл мәселеге бейжай қарамай, тіл жанашырлары мен ғалымдар  қатысатын жиындарда ортаға салып, қазақ тілінің сауаттылық мәселесін қолға алу керектігін атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *