Торғын Тасыбекованың 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтеді

183

 26-қазан сағат 18.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық артисі, белгілі өнер тұлғасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Торғын Тасыбекованың 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтеді. Бұл туралы М.Әуезов атындағы  Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының «Маркетинг және қоғаммен байланыс» бөлімі хабарлайды.

Сахнада 60 жыл жарқырап келетін артист – Торғын Тасыбекова көп жылдар бойы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында актер шеберлігінен сабақ беріп, шәкірттер тәрбиелеген. Сондай-ақ, теле-радио және кино өнеріне де атсалысып келе жатқан өнер иесі. Әнші Майраның прототипі Сәбира ролін орындаған «Ән қанатында» («Қазақфильм» киностудиясы) фильмі қазақ киноөнерінің алтын қорына енді.

Торғын Тасыбекова Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келді. 1957-1961 жж. Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөлімін профессор А. Тоқпановтың шеберханасында үздік бітіріп шықты. Сол жылдан бері М. Әуезов театрында еңбек етеді. Театрда «Абай» (М. Әуезов) трагедиясында Мағыш, «Сенек қорыған ит» (Лопе де Вега) спектаклінде Марселла рольдерімен сәтті тұсаукесер жасаған актриса сахнада жүзден аса роль – сан тағдырлы әйелдер бейнесін сомдады. Актрисаның бойындағы нәзік лиризм, шынайы сахналық ойын, әуезді дауыс, әншілік әсем үн ол кескіндеген бейнелерді бірден ерекшелендіреді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *