Әлімжан Құртаев Мақтарал ауданының басшылығымен кездесті

226

Кеше, яғни 17 қазан күні Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Түркістан облысы, Мақтарал ауданының басшылығымен кездесті.

Жиын барысында сенатор  өмір сапасын жақсарту, халыққа қолайлы жағдай жасау және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға қатысты Жолдауда айқындалған міндеттерді алға тарта отырып, егжей-егжейлі талқылау өткізді. «Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы мерзімі мен мағынасы, салмағы жағынан да өзгеше болды. Бұл жолы Президентіміз: «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» болады деді. Бірінші кезекте Елбасы халық табысының өсуіне мән берді. Осы ретте Елбасымыз үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды», — деді Әлімжан Сейтжанұлы. Ауданның құрметті азаматы Қасымхан Хаметов Жолдауда айтылған басты міндеттерді орындау үшін атқарушы биліктің белсенді жұмыс жүргізуі қажет екенін атап өтті. Мақтарал аудандық мәслихатының депутаты, академик Ибадулла Үмбетәлиев ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді атап өтті. Осы салада табысқа қол жеткізу үшін озық технологияларды пайдалану қажет екені айтылды. Аудандық мәслихаттың депутаты Берік Шәмшиев мақта саласына бөлінетін субсидияларды арттыруды ұсынды. Аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Сәрсекбаев жанар-жағармай материалдарын беру мерзімдерін өзгерту мәселесін көтерді. Аудан ардагері Пердеш Есенбеков ауданның шалғай орналасқанын ескере отырып, тікелей теміржол және әуе қатынасын ашу мәселесін қозғады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Б.Асанов жаңа Мақтааралда кезек күтіп тұрған мәселелер көптігін, аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жобаларды жүзеге асыру үшін келер жылдан бастап облыстық және республикалық бюджеттен қаржылардың толық берілуіне ықпал жасауды сұрады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *