Түркістан облысынан шетелге экспортталған көкөніс көлемі 500 мың тоннаға жуықтады

163

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов Түркістан облысындағы егістік жердің көлемі 807,4 мың гектарға жеткенін мәлімдеді.

 «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Осы ретте аталған саладағы өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл масақты дәнді дақылдардың егіс көлемі 23 мың гектарға артып 227 мыңға, дәндік жүгері 7 мың гектарға артып, 44,3 мыңға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып, 114 мың гектарға жетіп отыр», — деді Нұрбек Бадырақов. Басқарма басшысының міндетін атқарушы сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан 1 литрі 158 теңгеден 40,2 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін атап өтті. «Бүгінге дейін жанар-жағармайдың 28,7 мың тоннасы нарықтағы бағадан 27 теңгеге арзандатылып, агроқұрылымдарға бөлінген. Одан бөлек, 50 пайыз жеңілдікпен агроқұрылымдарға 80 мың тонна минералды тыңайтқыштар бөлінді. Оның 75 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген»,-деді Нұрбек Бадырақов.

Биылғы жылы Түркістан облысында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналған. Бір ғана ақмаржанның тоннасы 12 мыңға жеткен. Мақта дақылының гектарынан түсімділігі 25 центнерден, 195,5 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,8 млн. тонна өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Өңірден алынған 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *