Түркістанда «100 аңыз» кітабы жарыққа шықты

230

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы аңыз әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» кітабы жарық көрді. Жаңа кітаптың тұсаукесері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференциясы барысында өтті. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлайды.Аталған шарада сондай-ақ,  «Жетпіс хикмет» кітабының латын әліпбиіндегі нұсқасы таныстырылды.  Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мерейтойына орай музей қорындағы құнды жәдігерлер негізіндегі шығарылған альбом-каталогтар «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом» атты кітаптардың жарық көруіне қолғабыс етті.

«100 аңыз» кітабы деректілігімен, бұрын соңды жарияланбаған тың мәліметтерімен құнды саналады. Жинақ ғалым-мамандарға, оқытушыларға, жоғары оқу орнының студенттері мен жалпы көпшілік қауымға арналады. Ал, «Жетпіс хикмет» кітабында әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидың соңында қалған телегей-теңіз мұрасы қамтылған. Сол рухани қазынадан алынған жетпіс хикмет «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне келушілер мен жалпы оқырмандарға латын әліпбиінде басылып отыр.

Сондай-ақ, «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары»  ақпараттық ғылыми танымдық альбом — каталог ретінде жарық көріп отыр. Онда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі қорына 40 жылдан астам уақыт бойы жинақталған, Түркістан аймағындағы көне қалалар мен қоныстар орындарында жүргізілген археологиялық зерттеу-қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстардың ерекше үлгілері берілген. «Зергерлік бұйымдар топтамасы» жинағы аталған  тарихи-мәдени қорық-музейі қорында сақталған зергерлік әшекей бұйымдар топтамасы берілген.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *