Елімізде алғашқы рет «Денсаулық елшісі» атағы берілді

1745

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің белгілі спортшылары, әншілері және актерлерімен кездесті. Жүздесу барысында оларға «Денсаулық елшісі» атағы берілді. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлайды.

«Жақында Елбасы өз Жолдауында бүгінде халықты мазалап отырған ең басты мәселе денсаулық сақтау саласы мен медициналық қызметтің сапасы екендігін атап өткен болатын. Әрине, біздің медицина саламызда мәселе көп. Бірақ, әр адам денсаулығының 50 пайызы  оның салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақта «Ауырып ем іздегенше,  ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан біздің министрліктің стратегиясында аурулардың алдын алу айрықша басымдыққа ие бағыт», — деді ол кездесу барысында.   Сонымен қатар Елжан Біртанов соңғы жылдары  елімізде спортпен айналысып, дұрыс тамақтануға ден қойған халықтың үлесі де артып келе жатқанын баса айтты. «Осы орайда біз бұл жұмыстарға есімі елге танымал азаматтарды да тартқымыз келеді. Халық сыйлайтын, құрметтейтін сіздермен бірге жұмыс істеу ойымызда бар. Ұсынысымызды қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Денсаулық елшілері — өнер, спорт, эстрада әлемінің  белгілі тұлғалары өз қызметтері аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады», — деді министр. Еліміздің ең алғашқы «Денсаулық елшісі» атағы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаға, актер Нұрлан Әлімжановқа, әнші Қайрат Нұртасқа, әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендірге берілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *