Азаматтық ала алмай жүрген 30 мың қандасымыздың мәселесіне кім жауапты?

707

Қазіргі кезде Оралман куәлігінің уақыты өтіп кетіп, ҚР азаматтығын ала алмай жүрген 30 мыңдай қандасымыз бар. Жақында біраз қандасымыздың шағымын жинап, Атажұрт ерікті жастарының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы Астанаға барып қайтты. Бұл Сапарда Қыдырәлі мырза ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінде істейтін Дастан  деген жігітпен жолығыпты. Атажұрт еріктілері сайтының жазуынша Дастан мырза Оралман мәселесінің шешімін табады деген үміт сыйлапты. Бірақ, Қыдырәлі мырзаға бұған дейін өздеріне осы мәселе туралы ешкімнен ұсыныстардың түспегенін айтыпты.
Енді менің айтарым, оралман куәлігінің уақыты өтуіне байланысты азаматтық ала алмай жүрген қандастар мәселесі қазіргі күйіп тұрған мәселе. Бұл туралы Ауыт Мұқибекұлы да, «Жебеу» де бірнеше xат жазды. Мәселенің шешілу жолын ұсынды. Сөзіме дәлел ретінде «Жебеудің» аталған министрлікке 29 тамыздағы жазған ұсыныс xатын, 18 қыркүйектегі Бекболат Тілеуханның осы xатқа уағында қарап жауап беруін талап етіп министрге жазған xатын салып отырмын.
Сонда бұл Дастан деген азамат (Атажұрттың сайты мен Қыдырәлі мырза фамилиясын жазбады) неге осы күнге дейін жазылған ұсыныстарды көрмеген, білмеген болып отыр? Ертең Қыдырәлі Оразұлынан басқа адам барса да «сенен бұрын ешкім ұсыныс айтпады» деген сөзін айтып, шығарып сала ма? Бұған дейінгі ұсыныстарды жоққа шығарғаны бұл мәселеге селқос қарағаны емес пе? Бұл 30 мың қандас, бірнеше жылда өсіп-өніп 100 мың қазақ болады. Жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар деген. Сонда елімізге өлшеусіз үлес қосар азаматтарымыздың мәселесіне бей-жәй қарағанымыз ба? Әлде бұл адам министрлікке өткен аптада ғана жұмысқа кірген, қандастарға қатысты құжаттармен танысып үлгермеген бе?

 

Тұрдыбек Құрметханның фейсбук парақшасынан



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *