Түркістанда қала күні аталып өтті

433

Түркістандықтар қала күнін атап  өтті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мерекеге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы күнмен құттықтады. Аймақ басшысы қаланың облыс орталығы мәртебесін алуымен, тарихи шаһар жаңа сипатта дами түскенін атап өтті. «Елбасымыздың Түркістанды облыс орталығы деп әйгілеуі бекер емес. Бұл қаланы түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы ету — алға қойған басты мақсатымыздың бірі. Өйткені, мұнда өткеннен сыр шертетін түркітілдес халықтарға ортақ мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер орын тепкен. Сондай-ақ, біздің рухымыз бен беделімізді асқақтатып тұрған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің орны бір төбе. Себебі қазақ тарихында өшпес із қалдырған 21 хан, 19 би, 52 батыр, 8 сұлтан мәңгілік мекенін осы киелі топырақтан тапты. Барлығы біздің осылай бақытты өмір сүруімізге өлшеусіз үлес қосқан асыл тұлғалар. Ендеше, біз бейбіт заманда ата-баба аманатына адалдық танытып, туған өлкемізді түлетуге барлығымыз атсалысуымыз қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы. Мерекелік жиында облыс басшысы қаланың экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан 11 адамды Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», 12 адамды Түркістан қаласының дамуына сіңірген еңбегі үшін төсбелгілерімен марапаттады. Салтанатты шараға халықаралық түркі әлемінің форумына келген Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Болгария, Иран, Ресей, Дағыстан елдерінің әдебиетшілері мен ақын-жазушылары  арнайы қатысты. Айтулы шарадан соң, өңір басшысы мәртебелі меймандарды жеке қабылдап, түбі бір тарихы ортақ бауырлас елдер арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы өзара байланыстарды нығайту жайын талқылады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *