ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДА ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ

210

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы 88 кәсіпорында айлық жалақы көтеріліп, ең төменгі жалақы көбейеді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбында Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

«Жолдауға сай біздің өңірде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы айтатын болсақ. Алдымен, облыстағы кәсіпорын басшылары ең төмен жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, іске кірісті. Бүгінгі таңға облыс аумағында 9798 кәсіпорыны бар. Ең төменгі жалақыны көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде әзірге 88 кәсіпорынында жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеруге келісті. Бұл тағы да көбейеді», — деді әкім.

Аймақ басшысы баспасөз жиынында Түркістан облысының білім саласына енгізген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі республикада ең үздік жүйе ретінде таңдағанын айтып, қазір басқа өнірлерге тарату мәселесі қолға алынғанын жеткізді. Нәтижесінде, жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беретін 32 532 педагогтың айлық жалақысына қосымша 30% қосылған. Бұдан бөлек, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа формат бойынша 4 200 педагогтың айлық жалақы санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемақы төленіп жатқанын да мәлімдеді (1 млрд. 67 млн. теңге қаралған).

Облыста 468 197 оқушы қамтитын 902 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында жалпы 60 555 педагог кадрлар қызмет етеді (2017 жылы – 55147), өткен жылмен салыстырғанда 5 408-ге өсті.

Сондай-ақ, жиында облыстың медицина саласындағы жаңалықтары да жарияланды. Яғни, алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) деңгейінде басымдықты және негізгі ауруларды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында облыста Ауруларды басқару бағдарламасы (бұдан әрі — АББ) енгізілуде. Ағымдағы жылы Түркістан облысының 23 алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарында үш нозология бойынша ауруларды басқару бағдарламасы енгізілген.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерін оқытып, сертификат алғандарға жалақысына 20 пайыз қосымша ақы төлеу арқылы кезең-кезеңімен өсіру жоспарлануда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *