Түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды

378

Түркістанда түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы толық аяқталды, деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Орталық Азияда теңдесі жоқ, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын жалғыз зауыттың жобалық құны – 7.5 млрд теңгені құрайды. Онда күніне 100 тона сүт өндіреді және  100 адам еңбек етеді. . Түркістан индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорынның құрылысы өткен жылдың қаңтар айында басталған. Алып өңдеу кешені толықтай соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы алдын ала өңдеу цехына жеткізіліп, осы жерде толық өңделеді. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығарады. 15 тонна түйе сүтінен 1 тонна дайын ұнтақ алынады. Мәселен, құтыдағы құрғақ ұнтақты суға езіп, шұбат ретінде пайдалана беруге болады. Бір құтының ішіндегі ұнтақтың салмағы – 330 грам. Егер мұны түйе сүтіне айналдыратын болсақ, 3,5 литр дайын шұбатқа айналады. Зауыттан шыққан дайын өнім негізінен Қытайға экспортталады.

Аталған кәсіпорын – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны – 21 млн доллар, яғни 7,5 млрд теңге. Дайын тауар толықтай экспортқа шығарылатындықтан, өнім сапасына қойылар талап та жоғары.

«Біздегі құрал-жабдықтар ең жаңа технологиямен жабдықталған. Бұл жерде адамның қол күші жұмыс істемейді. Тек қана мамандар қадағалап, бақылап, басқарып отырады. Бүгінгі таңда монтаж жұмыстары аяқталып, қазір іске қосылуға дайын тұр» — дейді зауыт директорының бірінші орынбасары Жазира Озатқызы.

Зауытқа қажетті шикізат Түркістан облысындағы түйе шаруашылықтарынан жеткізіледі.  Бұл бір жағынан өңірдегі түйе шаруашылығының дамуына серпін берсе, екіншіден ұлттық сусынымыз әлемдік нарыққа шығады. Бүкіл Орта Азия көз тіккен зауыт қазір сынақ мерзімінде жұмыс істеп жатыр. Мекеме биылғы жылдың соңында толық іске қосылмақ.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *