Танымал тұлғалар Түркістандағы ХҚО-да қызмет көрсетті

424

«Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облыстық филиалында «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» республикалық акциясы өтті. Шараға елімізге танымал тұлғалар қатысып, халыққа қызмет көрсетті, деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі. Акция аясында әйгілі әзілкеш, «Нысана» театрының экс-актері, «Ерекше шоу» теле-жобасының басшысы Дәнекер Оразбай мен бокстан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дина Исламбекова,  оның жеке жаттықтырушысы Алмас Қуатбеков Халыққа қызмет көрсету орталығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының электронды қызметтерін насихаттады.  Оларды көрген тұрғындар алғашында таңырқап, тосырқап қалды. Артынша атақты жерлестеріне құрмет көрсетіп, кеңестерін алды. Қазақстан спортының мақтанышы, көкірегінде алтын медалі жарқыраған чемпион Дина өз жаттықтырушысымен бірге халыққа сыпайы және сабырлы күйде кеңес беріп, электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін түсіндірді.  Ал шоумен Дәнекер Оразбай азаматтарға  электрондық кезек талонын таратса, «Шаншар» әзіл-сықақ тератрының актеры Ғалымжан Қалыбай халықты «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторына» бағыттап отырды.

«Міне, облысымыздың жұлдыздары біздің ұсынысымызды бірден қабылдап, тұрғындарға қызмет көрсетуге қуана келісті. Оларды халық құрметтейді және электрондық қызмет алу туралы кеңестеріне құлақ асады деген үміттемін. Еліміздің болашағы жастар қолында, сондықтан біз акцияға жас таланттарымызды шақырдық»,- дейді Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Мәди Аманжол.   Халыққа кеңестік қызмет көрсеткен «жұлдызды мамандар» шаршаса да, жұмыс күндеріне дән риза. «Бұл бөлімдегі жұмыс та бокстағыдай күш-қайратты, темірдей төзімділік пен үнемі дамуды талап етеді екен», — деді Дина Исламбекова. Айта кетерлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облыстық филиалы 2018 жылғы 1 қазанда құрылған болатын. Қазіргі таңда  филиал құрамында 25 фронт-офис пен 34 бэк-офис бар. Онда еңбектеніп жатқан мыңнан астам маман халыққа аптасына алтын күн таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *