Азия Параойындарының жүлдегерлері марапатталды

109

Бүгін жаңа Паралимпиадалық жаттығу орталығында Азия Параойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді, деп жазады baq.kz агенттігі.

Марапаттау салтанаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнімен басталды. «Жаңа ғана Қазақстанның гимні ойнағанда бәрімізде Қазақстан Республикасының азаматтары екенімізге мақтаныш болды. Еліміздің тәуелсіздігіне көп уақыт болмаса да, Қазақстан әлемдік аренада жетістікке жетіп келеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, осы Ұлттық Паралимпиада комитетінің жаңа ғимаратын ашты. Бұл дегеніңіз мемлекеттік параспортқа ерекше назар аударатынының дәлелі. Сіздер дәл осы жетістіктеріңіз арқылы өзіңізге, Қазақстан халқына дәлелдедіңіз. Жастар да сіздерге қарап бой түзейді. Сондықтан жеңісті күндеріміз әлі алда. Төрт жылдан бері біздің командамыз өзгермей, керісінше жастармен толығып жатыр», — деді Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев.

Қазақстан құрамасынан ІІІ Азия Параойындарына спорттың 9 түрінен 90 спортшы қатысты. Еліміз спорттың 6 түрінен: пара жүзу, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау және шахматтан жалпы есепте 33 медаль алды. Спорттың 4 түрінен: дзюдо, пауэрлифтинг, волейболды отырып ойнау және шахматтан алғаш рет медаль алдық. Сонымен қатар, командалық спорттан да алғаш рет жүлдені – «қоланы» Қазақстанның волейболды отырып ойнаудан құрамасы сыйлады.

Мәдениет және спорт министрі  спортшыларды жетістігімен құттықтады. «Бүгін – ерекше күн. Неге десеңіз, бәріміз сізді марапаттау үшін арнайы жиналып отырмыз. Сіздердің жетістігіңіз – тек сіздің емес, Қазақстанның жетістігі. Өздеріңіз білесіздер, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жолдауында бұқаралық спорттың кеңінен таралуына ерекше көңіл бөліп жатыр. Ол жаңа 100 сауықтыру орталығын ашуға арнайы тапсырма берді. Қазақстан тек экономика, геосаясат саласында дамып қана қоймай, олимпиадалық ойындарда да жетістікке жетіп келеді. Осы орайда Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевқа алғыс білдіремін. Себебі санаулы жылдың ішінде ҰПК алғашқы медальдарды сыйлап жатыр. Осы тамаша жетістіктерге қол жеткізуге атсалысқан барлық жаттықтырушыға, дәрігерге, спортшы мен ҰПК қызметкерлеріне алғыс білдіремін», — деп ризалышығын білдірді министр.

ҰПК атқарушы диреткоры Ерлан Сүлейменов параспортшылардың алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті. «Осы ойындағы статистикалық деректерімізді білесіздер. Енді Токио ойындарына дайындаламыз. Оған осы Азия Параойындарына қатысқан спортшылар мен алдағы уақытта квалификациядан өтетін спортшыларымыз барады. Токиоға квалификация 1 қазанда басталды. Сондықтан олар дайындықты бастап кетті. Біздің ҰПК орталығында спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет Токиоға дайындық үшін қажетті қаражатты бөледі деп үміттенеміз. Рио-де Жанейроға 11 адам барса, енді Токиоға 20-дан кем болып бармаймыз деп үміттенемін», — дейді Ерлан Сүлейменов.

6-13 қазан аралығында Индонезияның Джакартасында ІІІ Азия Параойындары өтті. Оған 43 елден 3 000 спортшы қатысты.

Қазақстан пара спортының тарихында алғаш трансляция жүрді. Оны Qazsport телеарнасы түсірді. Оның үстіне пара жүзу мен пара пауэрлифтингтен тікелей көрсетілім болды.

Спорт түрлері бойынша:

Жүзу – 20 медаль (5 алтын, 9 күміс, 6 қола)

Пауэрлифтинг – 5 медаль (3 күміс, 2 қола)

Дзюдо – 3 медаль (1 күміс, 2 қола)

Жеңіл атлетика – 3 медаль (1 күміс, 2 қола)

Шахмат – 1 күміс медаль

Волейболды отырып ойнау 1 қола медаль (12 адам)

Сонда Қазақстан қоржынындағы 33 медальдің 5-еуі алтын, 15-і күміс және 13-і қола жүлде болды. Командалық есепте 13-орынды иемденді. 40 спортшы 90 медальді түрлі дәреже бойынша алды (44,4%).

Медалистердің жүлде қоры: бірінші орын үшін 10.000$, күміс үшін 5.000$, қола медальға 3.000$ беріледі. Спортшылар тасымалы республикалық және аймақтық бюджет есебінен төленеді.

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *