Мал ұрлығының алдын алу, жолын кесу және қылмысты ашу мәселелері талқыланды

344

Парламент Сенатында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында мал ұрлығының алдын алу, болдырмау және шешу жолдары талқыланды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Еліміздің Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 21802 мал ұрлығы туралы дерек тіркелген және олардың тек 38,,4 пайызы ғана ашылған. Сотқа оның 14 пайыз ғана қылмыстық іс жіберілген көрінеді. Жәбірленушілерге келген зиян 3,5 миллиард теңгені құраған және оның 48 пайызының ғана орны толтырылған.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров дөңгелек үстел отырысын аша келіп, еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында көтерілген мәселелердің маңызын атап өтті және негізгі табысы мал өсіруден түсетін ауылдық жерлерде болатын мал ұрлығы ауыл тұрғындарына елеулі түрде зиян келтіріп отырғанына тоқталды. «Мал ұрлығы ауылдық жердегі кәсіпкерлікке зиян келтіріп, мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі болуда. Ұрлыққа қарсы іс-әрекет елеулі мәселелердің бірі болып отыр, оның шешімін табу үшін тек полицияның ғана емес, орталық мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың күш-жігері де қажет», — деді Б.Бекназаров.

Сенат Төрағасының орынбасары әсіресе шекаралық облыстардың жағдайы қиын екенін, онда малды табынымен көрші елдерге айдап әкететінін атап өтті.

Малдың есеп-қисабын, таңбалау мен ен салу және құжаттарын жасауды ұйымдастыруды міндеттейтін құқық талаптарын мал иелері мен шаруашылықтар басшыларының және жергілікті өзін-өзі басқару

органдарының елемеуі ауыл шаруашылығы малының ұрлығы көбеюіне жол береді.

«Мал ұрлығының деңгейі белгілі бір дәрежеде қылмыстық жолмен пайда болатын малға деген сұранысқа байланысты болады. Оны сатуға қарсы іс-әрекет және ұрланған малды сатып алу мен сатып жіберуге жауаптылық жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өте төмен», — деді Б.Бекназаров.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мал ұрлығы жөніндегі қылмыстық істердің 90 пайызы – орта дәрежедегі істер екенін, ол бойынша қазіргі кездегі қолданыстағы заң қылмыскерлерге татуласу рәсімдері арқылы жазадан құтылып кетуге мүмкіндік беретіні туралы дөңгелек үстелге қатысушыларды хабардар етті. Оның пікірінше, егерде адам тиісті жазасын алмаса бассыздық пен еркіндікке бой алдырып, одан да ауыр қылмысқа бара алуына мүмкіндік беріледі.

Дөңгелек үстел отырысында еліміздің Жоғарғы Сотының судьясы Е. Әріпов, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі А.Евниев, Бас прокуратураның Норма шығармашылық қызметін үйлестіру басқармасының бастығы А.Мұхаметжанов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов, заң ғылымдарының докторы, профессор И.Борчашвили сөз алды.

Жан-жақты талқылаудан кейін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким бұл мәселе бойынша жұмыстардың одан әрі жалғасатынын атап өтті. Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар қабылдады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *