Білім саласындағы жемқорлықты жоятын «Sitcen» жобасы жүзеге асуда

900

Түркістан облысының барлық мектептеріне jumys.sitcen.kz порталы арқылы қатардағы қызметкерлер мен педагогтарды жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі ендірілді. Оның артықшылығы — жүйе арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысын автоматтандырады, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Түркістан облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова бұл жүйеде білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары жайлы хабарламалар орналастырылғанын айтты. Электронды жүйеде 1571 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарлама жарияланған.

«Қазіргі таңда jumys.sitcen.kz порталы арқылы 837 адам жұмысқа орналасқан. Жүйеге жалпы жұмыс іздеушілер тарапынан қызығушылық танытып, бүгінгі күні 62 778 қолданушы тіркеліп отыр. Сондай-ақ, 4632 жұмысқа қабылдау туралы өтініш келіп түскен. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарына қабылдау mektep.sitcen.kz порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған жүйеде мектепке қабылдау конкурсын өткізу толық автоматтандырылған», — деді Ардақ Мәдіханқызы.

Ата-ана өзінің баласын портал арқылы кез-келген дарынды балаларға арналған мектепке конкурсқа қатыстыра алады және порталдағы онлайн тестілеуден жоғары балл алған бала мектепке қабылданады. Сонымен қатар, облыстағы мектептер «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Алдағы жылы Түркістан облысының білім саласында педагогтардың аттестациясын және олардың білім жетілдіру курстарынан өтуін автоматтандыру, білім ұйымдарындағы кітап қорын пайдалануды және оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын автоматтандыру жүйелері жүзеге асады деп жоспарлануда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *