Сенатта 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет таныстырылды

341

Парламент Сенатында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыруға арналған заң жобаларының топтамасы қаралды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Руслан Дәленов еліміздің 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын сенаторларға таныстырды.

Баяндамашының айтуынша, алдағы кезеңге әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 60 АҚШ доллар деңгейінде болатын сценарий қабылданды. Жалпы ішкі өнім 2019 жылы 3,9 пайыз деңгейінде болып, 2023 жылға 4,6 пайызға дейін өсуі болжанып отыр. Жалпы ішкі өнімнің жылдық орташа қарқыны 4,2 пайызды құрайды. ЖІӨ-нің номиналды көрсеткіші 2019 жылы 64 145,7 миллиард теңгеден 2023 жылға 86 944,7 миллиард теңнеге дейін өседі. ЖІӨ 2019 жылы жан басына шаққанда 9,9 мың АҚШ жолларын құрайды, 2023 жылға 12,9 мың долларға ұлғаяды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2019 жылы — 2 450 млрд. теңге, 2020 жылы – 2 300 млрд. теңге, 2021 жылы – 2 000 соммасында белгілеу қарастырылуда.

2019-2021 жылдарға белгіленген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерлері Ұлттық қордағы қаражаттың тиісті қаржы жылының соңына жалпы ішкі өнімнің болжамды мәнінен 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді.

Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов еліміздің ақша-несие саясаты туралы баяндама жасады. Қаржы реттеушісінің міндеті инфляцияны біртіндеп 4 пайыздан төмен деңгейге дейін төмендету, бұл салыстырмалы деңгейде дамып жатқан елдерге тән екендігі туралы айтылды. 2018 жылғы 10 айда инфляция 3,7 пайызды құрды. Жылдық инфляция 2018 жылдың қазанында өткен жылдың аяғындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 5,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл 2015 жылдың қазанынан бастап ең төмен көрсеткіш.

Ұлттық банкінің деректері бойынша 2018 жылдың 9 айында төлем балансының айтарлықтай жақсаруы байқалды. Өткен жылы 4,6 млрд. долларды құрған ағымдағы шот тапшылығы 0,9 миллиард долларға дейін

төмендеді. А.Ахметов алдағы жылдардағы ағымдағы шот тапшылығы көлемінің төмендеу үрдісі күтіліп отырғанын, ол соңында ұлттық валюта бағамына кері әсерді азайтатынын айтты.

Еліміздің Қаржы министрі Алихан Смайылов сенаторларға «2019 — 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.

Баяндамашы атап өткендей, бюджет жобасы негізгі үш негізгі міндетті шешуге бағытталған:

1. кез келген экономикалық жағдайда да қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау;

2. 2025 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясын іске асыру аясында жеті басымдық саясаты мен реформалардың орындалуын қамтамасыз ету;

3. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.

А. Смаилов республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін таныстырды. Үш жылдық республикалық бюджеттің түсімі 2019 жылы – 9,8 трлн теңге, 2020 жылы — 10 трлн теңге, 2021 жылы – 10,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2019 жылы 10,7 трлн теңге, 2020 жылы – 11,1 трлн теңге, 2021 жылы – 11,4 трлн теңге болады. Бюджет тапшылығы 2019 жылы – 945 млрд теңге, 2020 жылы – 998 млрд теңге, 2021 жылы – 936 млрд теңгені құрайды.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің жобасы 2019 жылы 1,5 пайызынан 2021 жылға қарай 1,3 пайызға дейін ЖІӨ-нің бюджет тапшылығын төмендету есебінен қарызды қауіпсіз деңгейде ұстап тұру міндетін қамтамасыз етеді.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова «2019 — 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына бағалау жөніндегі қорытындыны таныстыра келіп, бюджетті қалыптастыру үдерістері едәуір жақсарғанын атап өтті. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды жалпы «пулмен» немесе кейінге қалдыру шарттары бойынша қарау азайды. Бюджет жобасына материалдарды қалыптастыруда оған берілетін мәліметтерді кеңейтіп және тәптіштеп беру әдістері өзгерді. Бұл саладағы жұмыстар бюджет жөніндегі сапалы шешімдерін қабылдауға және бюджет саласының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Таныстырылымда қаржы құжатының жекелеген олқылықтары да атап өтілді. Атап айтқанда, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттердің шектік мәні ұлғайған. Үш жылдық бюджет жобасын қалыптастыру барысында орта мерзімді бағдарлар бойынша 1 триллион теңге болып белгіленген бюджет көрсеткіштері сақталмаған.

Сонымен бірге Н. Годунова көптеген олқылықтар Парламент Мәжілісінде қарау барысында жойылғанын атап айтты.

Сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы, Әли Бектаев, Асқар Бейсенбаев, Серік Бектұрғанов және басқалар баяндамашыға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстар айтты.

Шара соңында Сенаттың Қаржы және ббюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина заң жобасы жұмыс топтары мен Парламент жоғарғы Палатасының тұрақты комитеттерінің отырыстарында жалғасатынын атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *