Сенат комитеті Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі туралы заң жобасын қарады

355

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Халықаралық Қызыл Крест Комитеті – соғыс, зорлық құрбандарын қорғау, төтенше жағдайлардың нәтижесінде зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі ізгілікті миссияны орындайтын, гуманитарлық құқықты насихаттайтын тәуелсіз, бейтарап ұйым.

ХҚКК осы ұйымның айрықша мәртебесін айқындайтын Соғыс құрбандарын қорғау жөніндегі 1949 жылғы Женева конвенциясының және 1977 және 2005 жылдардағы оған Қосымша хаттамалардың негізінде жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы бұл Конвенциялар мен Хаттамаларға 1993 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңде қосылды.

Қазіргі уақытта ХҚКК-нің әлемнің 80-нен астам елдерінде өз өкілдіктері бар, ол олармен екіжақты келісімдердің деңгейінде қарым-қатынас жасайды, бұл елдерде де ХҚКК-нің халықаралық құқық субъектілігі мойындалады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚКК-нің арасындағы Қазақстан Республикасындағы ХҚКК Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасында ХҚКК өкілдігін ашудың шарты болып табылады. Заң жобасының қабылдануы ХҚКК тұрақты кеңсесінің ашылуы үшін қажетті жағдайларды жасауға, оның ішінде құқық субъектілігін мойындауға, артықшылықтар мен иммунитеттер беруге, салықтардан босатуға, үй-жайларына баса көктемеуді қамтамасыз етуге және ХҚКК мандатына сәйкес Қазақстан Республикасында оның қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады.

ХҚКК өкілдігін ашу Мемлекет басшысының көпжақты дипломатия хабын құру туралы бастамасын іске асыруға ықпал етеді. Келісімде ұлттық заңнамаға қарағанда өзге нормалардың қамтылатындығын ескере отырып, осы Келісім «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5, 11-баптарына сәйкес ратификациялауға жатады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *