Астанада «Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестивалі басталды

213

«Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалін  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры ұйымдастырып отыр.  Шараның  салтанатты ашылу рәсімі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Фестиваль аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге әлемнің 10 елінен 40-қа жуық қандасымыз қатысты. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай және тағы басқа елдер бар. «Бар қазақтың бір ғана отаны бар, ол — Қазақстан. Біздің бүгінгі санымыз — 16 миллион. Оның 12 миллионы — елімізде, қалған 4 миллионы шетелде тұрады. Жалпы 44 мемлекетте қазақтар бар, негізгі шоғыры Қытай, Өзбекстан және Ресейде орналасқан. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі шара — соның дәлелі», — деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Кездесу барысында шеттен келген қандастарымыз өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерін, мұқтаждықтарын айтты. «Біздегі ең басты мәселе — тіл мәселесі болып отыр. Қырғызстанда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда, Қытайда қазақ тілді мектептер бар. Ал 30 мыңға жуық қазақ өмір сүріп жатқан Қырғызстанда қазақ мектебі демей-ақ қояйық, қазақ тілін үйрететін үйірме жоқ. Осының салдарынан біздің ұрпақ қырғыз тілін оқып не қазақ емес, не қырғыз емес болып өсіп келеді. Осы мәселені шешіп беру жағын қарастырсаңыздар екен» — деді Қырғыз елінен келген қандасымыз.

Шарада Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы түсірген «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Онда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары Алтайдан Анадолыға дейін жалғасқан тағдырлы көштің барысы мен қазіргі Түркияда тұрып жатқан қандастарымыздың өмірі баяндалады.

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *