Түркістанда үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VIII Азаматтық Форумы басталды

110

Түркістан қаласында үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VIII Азаматтық форумы басталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Екі жылда бір рет өткізілетін аталмыш форум — қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдерінің арасындағы өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл жүргізу үшін құрылған сұхбат алаңы. Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған форум аясында «Үкіметтік емес ұйымның ұйымдық дамуы» және «Жастар ұйымдарының азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі. Еріктілер қозғалысын дамыту» тақырыптарында 2 пленарлық секция өтті.

Жиынды «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Дос Көшім және Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев ашты.

Дәстүрлі шара  мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қоғамның Үкіметтік емес секторы мен мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. «Қасиет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Андабаева мен «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков пленарлық секцияның тізгіншісі ретінде жиынға келген үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің мүшелерімен бірге өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиында Түркістан облысы әкімдігіне қарасты басқармалардың өкілдері мемлекет тарапынан жасалынып жатқан әлеуметтік жобалардың сипаттамасына, оның жастарға тиімділігіне тоқталды.

Пленарлық секция барысында айтылған ұсыныстар хаттамаға жазылып, тиісті орындарға жолданатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *