Еркінбек ШОҚАЙ, Алматы қаласының бас имамы: Ұлттық дәстүріміз Ислам дінімен біте қайнасқан

394

Дінге деген әртүрлі көзқарас – еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері халқымыздың бас ауруына айналған. Атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі жолды жоққа шығарып, өз бетінше діндар болғысы келетіндер қарасы көбейген. Осы орайда діни сауаты жоқ адамдарды арбап алатын ағымдармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? 27 жыл ішінде қандай өзгерістер болды? Осы және өзге де сауал­дарымызды Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы, белгілі қари Еркінбек Шоқайға қойған едік. Кейіпкеріміз еліміздегі қазіргі діни ахуал, дәстүрлі емес діни ағымдар жайлы сөз қозғады. Олардың негізгі белгілері мен жат пиғылдылардың торына түсіп қалмау жолдары туралы да ұмытқан жоқ.

– Діни білімді қайдан алдыңыз? Қалай қари болдыңыз?
– Әрбір адамның тәрбиесі, тұлға ретінде қалыптасуы өзінің туып-өскен жерімен байланысты ғой. Бала күнім тәуелсіздік алған жылдарымызға тура келді. 6-сыныпта оқып жүргенде ауылдың имамы мектепке келіп, араб тілінен сабақ беретінін, дін үйрететінін айтты. 20-30 шақты бала сол кісіден ілім үйренуге жазылдық. Дін үйренуге қызығушылығым жоғары болды. Мектеп бітіргенше сол имамнан тәлім алып жүрдім. Кейін имамның ақыл-кеңесімен діни білімімді Шымкент қаласындағы Арыстан баб медресесінде жалғастырдым. Онда Құраннан сабақ беретін Кәмілжан деген қари ұстазымыз болды. Сол кісі менің жаттау қабілетімнің жақсы екенін айтып, Құран жаттататын орталығына шақырды. Ол жерде 3 жыл білім алып, Құранды толығымен жаттап шықтым. Бірақ оның мағынасын түсінбейтінмін, себебі араб тілін білмейтінмін. Десе де, өзім жаттаған аяттарды түсініп, түсіндіре білетін деңгейге жету үшін араб елдерінде білім алуды армандайтынмын. Сол арманым орындалып, Ливан еліндегі Триполи университетінде «Шариғат. Ислам құқығы» факультетінде білім алуға Алла нәсіп етті. Университетте оқып жүріп, Құранның түрлі оқу жолдары – қырағаттарды қосымша орталықта оқыдым. Солайша университетті бітірген кезде Құранды оқудан иджаза алып шықтым, яғни қасиетті Құранды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткеніндей оқуға қол жеткізіп, оған ресми түрде рұқсат алдым. Елге оралған соң қызметтік жолымды Астана қаласындағы Президенттік Мәдениет орталығында ғылыми қызметкер болып бастадым. Еуразия ұлттық университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурада оқып, «Құрандағы диалог мәселесі» деген тақырыпта магистрлік диссертация қорғадым. Арада 7 жылдай қызмет еттім. Қазір Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде 3-курс­та докторантурада оқимын. Бүгінгі түйткілді мәселе – тәкфиризм бойынша диссертация жазып жатырмын.
– Қазіргі діни ахуалға қандай баға бересіз? Бұрын қандай едік? Қазір қандаймыз?
– Шынын айту керек, бастапқыда діни ахуал күрделі болды. Себебі Кеңестік дәуірде өмір сүрдік. Ол кезде діннің қаншалықты шектелгенін, тұншықтырылғанын білеміз. Ұстаздар, дәрігерлер, құрылысшылар сияқты мамандар үздіксіз даярланып жатса да, діни мамандар жүйелі түрде оқытылған жоқ. Ал сол Кеңес одағы ыдырағанда біз діни-рухани вакуумде қалдық. Мұны Араб елдерінен, батыстан, Үндістан, Қытай сияқты шетелдерден келген әртүрлі миссионерлік сипаттағы тұлғалар ұтымды пайдаланды. Дінін жоғалтуға шақ қалып, оң-солын танып үлгермей жатқан халықты жан-жаққа тартып кетті. Алайда 1992 жылы қабылданған «Дін туралы» Заң 2011 жылы толығымен өзгертіліп, жаңа жағдайдағы ахуал ескеріле отырып, жаңарды. Дін істері агенттігі құрылды. Осыдан кейін діни ахуалға мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады. Дінтанушы мамандарды, имамдарды көптеп дайындай бастадық. Мысалы, Нұр-Мүбарак университетінде соңғы 7-8 жылда бакалавриат, магистратура, докторантураға мемлекеттік грант бөлінетін болды. Бұл елдегі шиеленісіп кеткен діни ахуалдың шешілуіне, реттелуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Қазір халықтың сауаты осыдан 5-10 жыл бұрынғымен салыстырғанда біршама көтерілді. Жат ағым өкілдері баяғыдай еркін көсіліп жұмыс істемейді, заңның шеңберінде жүреді. Қоғамның осындай талабының нәтижесінде аяғын тартып қалғаны байқалады. Жұмыстарымызды осылай жүйелі түрде жалғастыра берсек, діни ахуал әлі де жақсара түсетініне сенімдімін.
– Атырау облысында Дін істері басқармасының басшысы болып қызмет атқардыңыз. Еліміздің батыс аймағындағы ағайындар дін десе секеммен қарайтын деңгейге жеткен. Сіз қызмет атқарған жылдары қандай еді? Нені өзгерте алдыңыз?
– Атырау облысына 2011 жылғы, 2012 жылғы лаңкестік оқиғалардан кейін аймақ өте қиын жағдайда тұрғанда бардық. Ол мешітке келетін жамағаттың басым көпшілігі салафиттік ағымға бой ұрып кеткен, өте агрессиялық көзқараспен өмір сүріп жатқан, сол пиғылдарын іс-әрекетке айналдыруға бейім тұрған уақыт еді. Имамдар мешітте уағыз айтқан кезде олар тыңдамайтын, дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабы, Матуриди ақидасы туралы айтылса, қарсылық танытатын. Олар өздерін ықпалды сезінгендері соншалықты, Атыраудағы діни ахуалды өздеріне бағынышты көретін. Соларды ескере отырып, көптеген жобаларды қолға алдық. Ең бірінші жұмысымызды мешіттегі жамағатпен жұмыс істеуден бастадық. Сол уақыттағы облыс басшысы Бақытқожа Ізмұханбетовтың қолдауымен, оннан аса білімді, діни тұрғыда, дәстүр тұрғысынан сауатты мамандар мешіттерде тұрақты түрде түсіндіру, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Айтқандарын ұнатпаған адамдарды сұхбаттасуға шақырып, олар бір хадис айтса, біздікілер 4-5 хадис айтып, олар бір мәселені айтса, біздің мамандар соған қатысты 4-5 мәселені көтеріп, дәлелдеп отырды. Сол уақытта Ерсін Әміре деген ғалымымыз салафит көсемдерінің бірі болған Октам Зауырбековпен арнайы пікірталас ұйымдастырды. Ол тоғыз сағатқа созылды. Сонда Октамның дәлел-дәйектерінің, пікірінің, көзқа­расының әлсіз, жаңсақ екені дәлелденді. Бұл пікірталас тек Қазақстан мұсылмандарына ғана емес, ТМД елдеріне де әсерлі болды. Татарлар, өзбектер, қырғыздар да оны тыңдап, бағалады. Сөйтіп, имамдарға қарсы шығып отыратын басқа ағымдағы бауырларымыз бір жарым жылдың ішінде қалыпты күйге түсті. Әңгімеге ілініп қалудан, сұрақ қойылуынан қашатын болды. Мұның барлығы да – сол жерде жүргізілген сауатты жұмыстың нәтижесі. Сосын 2013 жылдың соңында сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның тапсырмасымен М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрында алғаш рет – дін тақырыбына арналған «Хақ жолы» деген қойылым қойылды. Сценарийін театр директоры Асылбек Ихсанов жазды. Оған Астанадағы Дін істері агенттігі оң бағасын берді. Осыдан соң жат ағыммен күресте театрдың, өнердің мүмкіндігін қолдану туралы идея туып, басқа облыстарда да қойыла бастады. Кейін «Өнер қырандары» театры да осы тақырыпқа арналған қойылымдарын ұсынды. Кейін ел тарихында алғаш рет дін, жат ағыммен күрес тақырыбында бес бөлімнен тұратын «Өмірзая» деген телесериал түсірдік. Онда ақ пен қараның күресі көрсетілген. Нәтижесінде жат ағым жетегінде жүргендер бұрынғыдай ерегеспейтін, көрсе сыйлап, құрметтеп тұратын, мүмкіндігі болса, сөйлеспей қашып кетуге тырысатын болды. Одан бөлек мемлекеттік мекеме қарамағынан арнайы баспахана қалыптастырдық. Сол арқылы діни кітапшаларымызды 200-300 мың данамен шығарып, облыс бойынша таратып отырдық.
– Дәстүрлі емес діни ағымдардың негізгі белгілері қандай? Жақынын жат ағымның жетегінен құтқарғысы келетін адамдар қайда жүгінуі керек?
– Жат діни ағым туралы айтқанда негізгі белгілері ретінде сыртқы атрибуттарға емес, адамның санасына мән бергенді жөн көремін. Өкінішке қарай, кейде сақалмен, киіммен, балақпен күресіп кетіп жатамыз. Мәселенің түп-төркініне үңілетін болсақ, оның сақалды солай сала-құлаш қылып өсіруіне санасы итермеледі. Балағын қысқартуға да көкейінде тұрған сенімі апарды. Сондықтан ең бірінші адамның сенімімен, түйсігімен жұмыс істеу керек.
Егер бір кісі жат ағымның жете­гіне түсіп кетсе, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы өзгереді. Ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан діни ұстанымымыз – Әбу Ханифа мазхабы, Матуриди ақидасын ұстанып, осы дәстүрлі жолды жалғастырып келе жатқан Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жұмыстарын, имамдардың айтқан­дарын жоққа шығара бастайды. Имамдарды тыңдауға құлқы соқпайды, оларды қолдап сөйлегендерді ұнатпайды. Себебі жат ағымдар олардың санасына ең бірінші мешіттегі жұмысқа, имамдарға, діни басқармаға қарсы түсінік береді. Сол себепті жақыныңыздың жат ағымда жүргеніне күмәндансаңыз, мешіт, имамдар туралы сұрап, білуге болады. Содан кейін үйдегі қарым-қатынасқа да селкеу түсе бастайды. Мысалы, Атырауда жүргенде бір бақуатты кісі үйіне шақырды. Еш нәрседен тарықпай өскен баласы дәстүрлі емес діни ағымға кіріп кеткен екен. Баланы мешітке апарайын десе, көнбейді. Сөйтіп, мені үйіне қонақ етіп, баласын дастарқан басына шақырды. Ал баланың ата-анасымен қарым-қатынасы дұрыс емес, оларды сыйламайды, дұрыстап сөйлеспейді. Неге? Өйткені ата-анасы, туыстары оның сенімінде емес. Баласы үстел басына келгенімен, бізбен отырып тамақ ішпеді. Мені ертіп келгені үшін әкесіне ашуланып, тыңдамайтынын айтып, тұрып кетті. Әкесі болса, көз жасына ие бола алмай қалды. Айтуынша, баланың отбасымен бір дастарқан басында тамақтанбағанына 2-3 жылдың көлемі болыпты. Бәрі үстелден тұрып кеткен соң, өзі тамақ істеп ішеді екен. Ал біздің дініміз бойынша, ата-ана басқа дін өкілі болса да, олармен дұрыс қарым-қатынаста болып, қызмет ету керек, оларды ренжітуге болмайды. Құранда: «Ата-ана сені қылмысқа итермелесе, олардың айтқанын жасама, бірақ оларға қызмет етуіңді, жақсылық жасауыңды тоқтатпа» дейді. Осы екі мәселе адамның діни тұрғыда адаса бастағанының айқын дәлелі бола алады.
Мұның алдын алу үшін ата-ана баласын күнделікті қадағалауы керек. Жаман ауруды бірнеше деңгейге бөліп қарағандай, жат ағыммен улануды да төрт деңгейге бөліп қарасақ, алғашқы екі деңгейде олардың бетін бері қайтару мүмкіншілігі жоғары. Бала дінге енді бет бұрып, уағыз тыңдап, кітап оқуды бастаған кезде, оның дұрыс емес жолда екенін ескертсе, қоя салуы мүмкін. Ал егер үшінші, төртінші деңгейге өтіп кетіп, жат ағым өкілдерінің айт­қанын санасына түпкілікті құйып алса, «басқаларыныкі қате» деген сенімді көкейіне орнатып алса, оны қайтару қиын. Оған не айтсаң да, қабылдамайды. Сол себепті де алғашқы улану белгілерін байқаған бойда, әрекетке көшу керек. Ол үшін үнемі баланың кімдермен араласып, кімдерді тыңдап жүргенін бақылауда ұстау керек.
– Бұл бағыттардың таралуына интернет өте үлкен әсерін тигізіп отыр. Көпшілік білмегенін діни маманнан емес, «гуглдан» сұрайтын болды. Ал онда қаншама мәлімет бар. Діни сауаты жоқ адамға қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін ажырату қиын. Осы орайда, қандай кітаптарды оқуға, кімдердің лекцияларын тыңдауға кеңес берер едіңіз?
– Дін істері және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы барлық діни материалды дінтану сараптамасынан өткізеді. Сондықтан барынша осы министрліктің, Діни басқарманың оң қорытындысын алған, Қазақстанда оқуға, таратуға рұқсат етілген, заңға қайшылығы жоқ еңбектерді оқу керек. Әсіресе, адам дінге енді бет бұрған алғашқы кезеңдерде. Себебі олар ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырата алмайды. Ал әртүрлі кітаптарды тек маман ғана оқи береді. Себебі оның діни білімі, діни сүзгісі бар. Ал уағызға келетін болсақ, діни басқарманың уағызшыларының, атап айтқанда Ерсін Әміре, Бауыржан Әлиұлы, Арман Қуанышбаев, Ризабек Батталұлы секілді тағы да басқа үлкен ғалым азамат­тардың уағыздарына ден қойған дұрыс.
– Мешіттерде діни сауат ашу курс­тары ашылған. Алайда, халық оларға да сеніңкірей бермейді. «Сондай курстарға барып жүріп, басқа ағымға түсіп кетіпті» дегенді де естиміз. Сол курстар қаншалықты бақылауда?
– Мешіттердегі діни сауат ашу курстары Діни басқарманың арнайы бекіткен бағдарламасымен оқытады. Онда бөтен пікір насихатталуы, бөтен сенімнің үйретілуі мүмкін емес. Себебі ұстаздар ол курстарға Діни басқарманың сараптау комиссиясының емтиханынан өткен соң ғана тағайындалады. Ол жоғары деңгейде қадағаланады. Бірақ сауат ашу курстарына барып жүрген кейбіреулер сол мешітте жүрген басқа ағымның адамдарымен (мешіт баршаға ашық қой) әңгімелесіп, солардың уағызына еріп, сауат ашу курстарын тастап кетуі мүмкін. Сосын адамдар оны «мешітке діни сауат ашу курсына барды да, адасып кетті» деп ойлайды. Сондықтан ата-ана баласын діни сауат ашу курстарына берсе, қадағаласын. Бала сабаққа кіріп, ұстазға барды ма, әлде мешітке келіп, өзге адамдармен араласып жүр ме? Ал ересек адамдар сауат ашу курсына барса, тек сол курстардағы сенімді ұстаздардан ілім үйренуі керек. Мәселе адамның өзінде. «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз бар. Адам өзіне берік болса, мешітте адаспайды. Көптеген кісілер Жұма намазына бірінші рет келеді. Олар әлі намаз оқуды білмейді. Міне, сондай кісілер жат пиғылдылардың арбауына түсіп қалмауы үшін, біз Жұма намазынан кейін намаз үйрету семинарларын өткізіп тұрамыз. Намаз үйренгісі келетіндер Жұмадан кейін қалып, үйренуіне; ары қарай білім алғысы келсе, курстарға қо­рықпай келе беруіне болады.
– Елімізде көптеген ауыл-аймақтар­дағы мешіттерде әлі күнге дейін сауатты маман жетіспейді. Бұл мәселе неге шешілмей жатыр?
– Біз Кеңес одағының тұсында дін мамандарын дайындаған жоқпыз. Тек бірлі-екілі адамдар ғана Бұқарадағы Араб медресесіне, Ташкенттегі Ислам университетіне барып оқыды. Оларды дайындауға тәуелсіздік алған соң ғана шындап ден қойдық. Қазақстандай үлкен елді 20-30 жыл ішінде дін мамандарымен толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес. Нұр-Мүбарак университетінің ашылғанына 17 жыл ғана болды. Мемлекеттік гранттың бөлінгеніне де көп болған жоқ. Сондықтан, дін мамандарының алғашқы 50 жылда жетіспеуі – табиғи жағдай. «Елу жылда – ел жаңа» дейді ғой. Тағы бір 15-20 жылдан кейін бұл мәселе толығымен шешіледі деген сенімдемін. Әрбір ауыл, елді мекендер мамандармен қамтамасыз етіледі.
– Алыс ауылдар мен аудандарда, ірі қа­лаларда ауқатты адамдар мешіттер салып, көпшіліктің игілігіне ұсынып жатады. Сол мешіттердің жұмысы қалай үй­лестіріледі?
– Мешіт салғысы келетін азаматтар ҚМДБ-ға ұсыныс білдіреді. Сосын сол мүфтияттың рұқсатымен, тікелей қадағалауымен, жергілікті биліктің келісімімен салады. Мешіт құрылысы толығымен аяқталған соң, Діни басқарамаға тапсырылады. Себебі мешітті жеке кісілер жүргізбейді. Ол туралы арнайы заң бар. Ал қалай біздің жүйеге өтеді, басқа мешіттер секілді тәртіппен жұмысын бастайды.
Азаматтар мешіт салуға неге ынталы? Ол – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бері адамдарды тәрбиелейтін, тек қана жақсылық, игілік, имандылық насихатталатын орын. Өздеріңіз білесіздер, мешітте ешқашан адамдыққа жат тірлік болған емес. Мешіт – Алланың үйі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жерден Алланың үйін салатын болса, оған Алла тағала жаннаттан сондай сарай соғып береді» дейді. Сосын сол мешітте қанша адам намаз оқыса, соларға намаз оқуға мүмкіндік жасағаны үшін салған адамға ол өмірден өтіп кетсе де сауап жазылады. Біздің азаматтарымыз мешіттерді осындай сеніммен салып жатыр деп ойлаймын.
– Дәстүрі дінмен сабақтасқан, салт-санаға ерекше екпін берген елдің ұрпағымыз. Соңғы кездері дәстүрді жоққа шығаратын діни қауым пайда болды. Маман ретінде дін мен дәстүрдің аражігін ашып баға берсеңіз… Жалпы көктен түскен киелі кітаптарда дәстүрге байланысты нақты байламдар бар ма?
– Дәстүр – бір елдің ғасырлар бойы қалыптасып, бірге жасасып келе жатқан әдет-ғұрыптары, тарихи ерекшеліктеріне, құндылықтарына айналған жоралғылары. Қазақтың дәстүрі көп жағдайда өзіміздің ата дініміз – Ислам дінінің тәлімдерімен біте қайнасқан. Көптеген салт-дәстүрле­рімізден Исламның тәлімін, белгілерін көреміз. Мысалы, сүндет той салтын алайық. Сүндет – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «сунна» деген сөзінен шыққан. Ер баланың сүндеттелуі – Пайғамбары­мыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Біз сол баланың сүндеттелгенін, енді азамат болғандығын жариялап, той жасаймыз. Демек, бұл – Ислам дінімен тікелей ұштасқан дәстүр.
Сол секілді беташар дәстүрі бар. Осыған тиісетіндер көп. Мен бұл салтты тікелей шариғатымызбен байланыстырамын. Қалай? Беташар әулетке келін түскен кезде жасалады. Қазақ жаңа түскен келінін ешқашан үйге жайдан-жай кіргізіп, қазан-ошақ басына араластырмаған. Оны арнайы жоралғыларымен, салтанатты рәсімімен таныстырып, сәлемін бергізіп барып, кіргізген. Мұның дінмен байланысы қандай? Шариғатта адамзаттың әртүрлі ұлт, ру болып бөлінуінің, әркімнің есім иеленуінің мақсаты – танысу деп түсіндіріледі. Адамдар танысқан кезде, арада қарым-қатынас орнайды. Қоғамдасу, топтасу, бір-біріне көмектесу, қамқор болу, жақсы көру – осы үдерістің барлығы танысудан басталады. Беташарда келінді – бүкіл әулетке, әулетті әрқайсының ерекшеліктерін айта отырып, келінге таныстырады. Яғни беташар – шариғаттың мақсатын орындау және оның салтанатты түрде жасалуы. Бұл – бір. Екіншіден, Алла тағала Құран кәрімде: «Бір үйге кіргенде рұқсат сұра және сәлем беріп кір» дейді. Үйге баса-көктеп кіре салу Исламның әдебіне жат. Ал беташарда келінді барлығына сәлемдестіреді, яғни сәлем салдырады. Осы сәлем салуды «Алладан басқаға иілуге болмайды» деп, жоққа шығаратындар бар. Алладан басқаға құлшылық мақсатында рүкуғ, сәжде жасауға болмайды. Ал сәлем салуда келін құлшылық мақсатында емес, амандасу, құрмет мақсатында иіледі. Егер мүлдем ешкімге иілуге болмайтын болса, Алла тағала Адам атаны жаратқан соң, жындар мен періштелерге: «Мен оны өзімнің құдіретіммен жараттым. Енді сендер менің құдіретіме бастарыңды иіп, адамға құрмет жасап, сәжде қылыңдар» деп айтпайтын еді ғой. Ол – Алланың құдіретіне, ұлықтығына құлшылық, адамға құрмет. Ал Адамды құрметтемеген, Алланың құдіретін мойындамаған Ібіліс қияметке дейін Алланың рақымынан қуылды, лағынеттелді.
Жылу жинау салтымыз бар. Пайғам­барымыз (с.ғ.с) бір бауыры, сахабасы қиналғанда жылу жинаумен айналысқан. Мысалы, көктемде Аягөз ауданындағы ауылдарды су басқанда Алматы облысының мешіттері жылу жинадық. Талдықор­ған мен Алматы қаласынан жиналған жылуға кейбір отбасыларға үй алып бердік. Сонымен қатар қаншама көмек жеткізілді. Міне, бұл да – біздің шриғаттың тәлімімен біте қайнасқан дәстүріміз.
Абай «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп айтады. Біздің шариғатымыз дінге қайшы емес, қоғамның жағымды жақтарын қалыптастыруға үлес қосатын дәстүрлерді дұрыс дәстүрлер деп, ал діни нанымға қайшы, қоғамға зиянды дәстүрлерді бұрыс деп екіге бөледі. Алла тағала Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Сен дәстүрге, ғұрыпқа бұйыр» дейді. Ғұрып деген не? Қоғамда қалып­тасқан жағымды жағдайлар. Дәстүрге солай саналы түрде қарау керек. Егер біреу дәстүрге тіл тигізсе, олай деуінің себебін сұрау керек. Біздің атадінімізге, сенімімізге қайшы келмесе, керісінше, біздің шариғатпен біте қайнасқан дәстүр болса, ол адамның адасып отыр­ғанын ескерткен дұрыс. Дәстүр мәселесіне осылай кеңдеу қараған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *