«Қазақ ұлттық музыка өнері» аудиоархивтің тұсау кесер рәсімі өтті

260

Қазақстан республикасы Ұлттық музейінде «Қазақ ұлттық музыка өнері» аудиоархивтің тұсау кесер рәсімі салтанатты түрде аталып өтті. Бұл туралы РМҚК Ақпараттық-имидждік жұмыстар қызметі хабарлайды. 

Елбасымыздың бастамасымен Мәңгілік Ел болуға бағыт алған халқымыздың тұрмыс тіршілігін бейнелейтін, өмір салтын суреттейтін жалпы тарихымыздың ажырамас бір бөлігі,ол – ұлттық музыкамыз. Табиғатымыздың сырын шерткен өнеріміздің маңыздылығын болашақ жастарға бағдар болатындай, есті ән естіп, дұрыс бағыт алуына ыңғай жасау біздің міндетіміз.

Қазақ музыкасы – тарихымыздың ажырамас бөлігі болғандықтан, оны болашақ өнер сүйер жастарға өз қалпында жеткізу үшін, орнығып сақталатын орындары да маңызды нысана болып саналады. Ескіден бүгінге жеткен таспалардың да күтімі ерекше. Өткен ғасырда таспаға түскен дауыстарды, сандық жүйеде жаңғырту да жіті назарда.

Л. Кочетов, Қазақстан Республикасы ұлттық Музейі директорының міндетін атқарушы: «Тәуелсіз еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған жобалардың мыңдап өмірге жолдама алғаны ақиқат.Соның ішінде шоқтығы биігі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынанкейін тың серпін алды.Бүгін сондай соны бастамаға куә болғалы тұрмыз.Ол – заманауи форматтағы ән-күй жинағын Ұлттық музейде жасақтау ісі. Өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылында Затаевич бастаған өнер зерттеушілері қазақ даласына келіп, халқымыздың ән-күйін хатқа түсіре бастады. Оларды орындаушылар туралы қысқа да болса мәліметтер қағаз бетінде пайда болып, ғылыми айналымға шықты.Содан бері бұл үрдіс бір сәтке де үзілген емес.Бұған теле-радиокомпаниялар, концерттік мекемелер үлкен үлес қосып келеді.

Әсіресе, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жоспарлы да жүйелі жұмыс жасап отыр.Бірақ, өмір өз талабын алға шығарып отырады.Біз көнеден бүгінге жеткен аудиотаспаларды, бірінші кезекте, өз қалпында сақтап, екіншіден, өнерсүйер жастардың күнделікті кәдесіне жарату, ғылыми айналымға шығаруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз»— деді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы: «Атағым дардай болып есептелетін менің де музыкалық мұраларға қол жеткізуде үлкен қиындықтарға душар болатыным бар. Артымнан еріп келе жатқан ауыл жастары үшін сөз мүлдем бөлек. Сондықтан, мұндай игі бастама көптеген талантты жастардың ізденуіне жол ашады. Мұқағали ақыннан қалған мынадай сөз бар: «Шаң басқан архивтерден табылармыз». Ол заманда, шын мәнінде, солай болатын. Мен бұл ізгілікті жобаның ғұмырлы боларына сенемін»- деп өз пікірін білдірді.

Іске қосылып жатқан аудиоархивтен көнеден жеткен күйлер мен әуезді әндерді алғашқы орындаушылардың нұсқасында тыңдауға болады. Сондай-ақ, болашақта ел арасында халықтың ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздарды шақырып, бұрын-соңды таспаға түспеген шығармаларын жазып алып, өңдеп, кейін жұртшылық назарына ұсыну жоспарланған. Музейде өткізілетін осындай әрбір мәдени шара соңында өнер адамдары өздерінің туындыларын қалаған нұсқасында өткізіп кете алады. Яғни, қор ұдайы толығып отырады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *