«Тренинг личностного роста» фильмінің трейлері жарияланды

235

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы үстіміздегі жылы 22 қарашадан бастап ұлттық прокатқа шығатын «Тренинг личностного роста» фильмінің трейлерін жария етті. Картинаның режиссері «Қызғылт қоян туралы хикая», «Инопланетяндардың қатысы жоқ» фильмдерімен танылған Фархат Шәріпов деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген фильм жасы қырыққа келген, орта жас күйзелісін бастан кешіріп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу – көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді.

Фильмнің түсіру жұмыстары Алматыда жүргізілді. Картинаның басты рөлін сомдауға көптеген үміткерлердің арасынан Дулыға Ақмолда бекітілген болатын. Сонымен қатар, фильмге Ержан Түсіпов, Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Қалиева, Филипп Волошин және басқа да актерлер түскен.

Аталған кинотуынды 23-ші Халықаралық Пусан Кинофестивалінің «Азия киносына назар салу» бағдарламасына қатысқан болатын.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *