ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰСТАЗДАР БІЛІКТІ ПЕДАГОГ, БІЛІМДІ ҚАЛАМГЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

565

Биылғы жыл қуанышы мен жақсылығы мол жыл болды десек қателеспейміз. 2018 жыл еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығын тойласақ, киелі Түркістанның облыс орталығы атанған жылы ретінде де есте қалары анық. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы білім саласының қызметкерлері үшін тағы бір естелігімен есте қаларлықтай болып отыр. Биылғы жылы ұстаздарымыздың төл басылымы — «Ұстаз» газеті де 20 жасқа толып отыр. Осыған байланысты қалалық білім бөлімі мен редакция ұжымы ұстаздар арасында волейболдан турнир ұйымдастырып, жабылу салтанатын жоғары деңгейде өткізді.

Белгілі педагог, қаламы қарымды журналист Ғани Жақсылықұлы Ысқақовтың бастамасы, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Жарқынбек Құлбайымбетұлы Құлбайымбетовтың қолдауымен өмірге келген газет 20 жыл ішінде қала жаңалықтарынан басқа қаладағы білім саласының тыныс-тіршілігін, жаңа әдістемелер мен технологияларды педагогтарға жеткізіп отырды.

2005 жылдан бастап жыл сайын мұғалімдер арасында газеттің кубогі және алғашқы редакторы Ғ.Ысқақовты еске алуға арналған қалалық волейбол турнирін өткізу дәстүрге айналған. Бұл турнир биыл да өз жалғасын тауып, он төртінші рет жалауын көтеріп отыр.

Қаланың облыс орталығы атануына байланысты қала аумағында орналасқан ауылдық округтер Кентау қаласының қарамағына өтті. Сонымен қоса осы ауылдарда орналасқан мектептер «кентаулық» атанды. Бұдан бұрынғы турнирлерде белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген мектептерді ескере отырып, жарыс екіге бөлініп өткізілді.

Жарыстың жабылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ғани Құрмашұлы Рысбеков пен қалалық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы Құлбайымбетов білікті педагог, білімді қаламгер Ғани Жақсылықұлы жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның өмір жолын кейінгі буын ұстаздарға үлгі етті.

Сонымен қатар, газеттің бүгінгі қызметіне жоғары бағаларын беріп, редакция ұжымымен қатар оқырмандарын да газеттің 20 жылдық мерекесімен құттықтады. Ал, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Диана Абайқызы да өзінің жылы лебіздерін жеткізіп, сый-сияпатын тапсырса, әке жолын қуып, бүгінде белгілі журналист болып қалыптасқан Ақмарал Ғаниқызы да ұстаздар қауымына ризашылығын білдіріп, әкесіне арнаған сағынышқа толы өлең жолдарын оқыды. Осыдан кейін шара марапаттау салтанатымен жалғасын тапты.

Турнир барысында өзінің үздік ойын-өрнегімен дараланғандар «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Ардагер ойыншы» және «Ең жас ойыншы» номинацияларына ие болды. Үздік ойындарымен дараланып, командалар ішінде үздік шыққан «Тұран» жалпы орта мектебінің командасы жарысқа қатысқан кентаулық ауыл мектептері арасында жеңімпаз атанды. ІІ орынды «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебінің командасы иеленсе, екі бірдей ІІІ орынды М.Мұса атындағы және «Қызыл жол» жалпы орта мектептерінің командалары қанжығаларына байлады. Ал, түркістандық командалар арасында Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебі жүлде қорларын газеттің тағы бір кубогімен толықтырды. ІІ орынға М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының командасы иелік етсе, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі мен Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның командалары ІІІ орыннан көрінді. Аталған командалардың барлығын қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, қалалық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Д.Турманова, қалалық спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбековтер марапаттап, қалалық білім бөлімі мен редакцияның арнайы дипломдарымен қатар заттай сыйлықтарын табыс етті.

 Серік Елемесұлы Әуесханов,

«Түркістан облысы және Шымкент қаласы

бойынша кәсіподақтар орталығы»

аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *