Жалпыхалықтық диктантқа екі миллионға жуық адам қатысты

1167

Елімізде латын графикасындағы әліпбиге негізделген жалпыхалықтық диктант өтті. Диктант бір уақытта өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда жүргізілді. Акцияның ұзақтығы — жарты сағатты құрады.

Республикалық акцияға 2 млн-ға жуық адам қатысты. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай айтты. Сондай-ақ, қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар»  және «Қазақ радиосы» арналарында тікелей эфирде қолжетімді болды. Диктанттың тақырыбы — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрды. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.

Диктант жазу акциясы әлеуметтік желіде де біршама қаралды. «Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Маржан Тілеубекова  Facebook парақшасында: «Бүгін корректорлар мен тілшілер жиналып латын графикасымен диктант жаздық. Алғашқы 3 сөйлеміне ілесу қиын болды. Жаза берсек, үйреніп кететін сияқтымыз. Аса қиын емес екен»,-деді.

Ал тағы бір әріптесіміз Руслан Беген: «Бүгін жалпыреспубликалық акция диктант жазуға қатыстым. Шынайы түрде жаздым. Латын әліпбиін зерттеуші, тіл жанашыры ретінде (бұл туралы жобам бар) айтарым, бұл әліпбидің өмірі ұзаққа бармайтынына, жазуда халыққа қиындық туғызатынына көзім жетті. Кемшін тұстары жетерлік, төл әріптерімізді әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Әсіресе, «і» мен «и», «ы» мен «й», «у» мен «ұ» әріптері 1-сынып оқушысы түгілі латын қаріптерін меңгерген бізді де шатастырады»,-деп пікір қалдырды. Ал сіз диктантты қалай жазып шықтыңыз?

Т. Төлегентегі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *