Теңгенің монологы

830

Осыдан 25 жыл бұрын дүние есігін ашыппын. Тек атаның ғана баласы емес, халықтың баласы болғандықтан, маған қадалған көз де, сұғынған тіл де көп болыпты. Ең бастысы — миллиондардың үкілеген үміті едім. Жұрт маған болашағын сеніп тапсырды. Бірақ, мен сол сенімді ақтай алдым ба?

Долларға шаққандағы құным да әжептәуір еді. 1 долларды шытырлатып 4 теңгеге ғана сатып алып жатқанда, жұрттың көңіл-күйі де жаман болмаған. Бірақ, бір жылға жетпей, он есеге құнсызданып шыға келгенімде, көпшілік менен теріс айналатын шығар деп қатты қобалжыдым. Дегенмен, іштен шыққан шұбар жыланмын ғой. Халқым кешірді. Өкініштісі сол, менің долларға шаққандағы құным арзандап, сатып алу мүмкіндігім азайған сайын, халқымның жасаған еңбегі үшін алатын жалақысы өспеді. Олар маған іштей назалы еді. Мен сол арзандаған күйі арзандай бердім. Баяғының батырлары ай санап емес, күн санап өсуші еді. Мен керісінше, ай санап емес, күн санап құнсыздана бердім. 1996 жылы 1 доллар 60 теңгеге, 1997 жылы 75 теңгеге жетті. Онымен де тұрмады, 1999 жылы 120, 2000 жылы 142 теңгеге бірақ шарықтады.

Бірақ менің де аялдап, біршама уақыт тұрақтаған кездерім болды-ей. 2006,2007,2008 жылдары 120  теңгеге 1 доллар сатып ала алатын деңгейге жеттік. Бұл қуаныш ұзаққа созылмады, менің барлық тағдырым қара алтын — мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді болып келді. Бір қызығы қара алтынның бағасы құлдыраса да, менің құным түседі, шарықтаса да менің құным түседі. Менің құным түскен сайын елдегі тұтыну тауарларының құны өсе түседі. Бірақ жұрттың айлық жалақысына қосылатын қосымша мардымсыз. 2009 жылы тағы да 20 пайызға арзандап, 147 теңгемен 1 доллар алатын деңгейге түстім. Оған да шүкіршілік етіп, тағы төрт жылды артқа тастап, халықты риза ете бастағаным сол еді, Солтүстіктегі көршіміз қаһарына мініп, Украинаға қырғидай тиді. Қырымға қол салып, өзіне заңсыз қосып ала салды. Бұны өзге алпауыттар жаратпады ма, Аюдың экономикасын тұқыржылатуға көшті. Оған күн де бір айып пұл салады. Ал біз көршімізбен бір экономикалық аймаққа ендік қой. Көршімізге түскен салмақ бізге батпандап жетеді. Біз тек шикізатқа ғана тәуелді емеспіз, сонымен қатар импортқа да тәуелдіміз. Доллардың құны өскен сайын, сырттан келетін тауардың да құны шарықтап барады. Доллар бағасы да күн сайын мың құбылады, тауар бағасы да солай.Тек 2010-2016 жылдар аралығында азық-түлік бағасы 70 пайызға өскен.

Осылай сүйкімсіз күйде 25 жасқа жетіп қаппын. Ат жалын тартып мініп, ержетіп, ес жиятын кез. Бірақ мына инфляция құрғыр есім жиғызар емес. 25 жасқа жеткен соң, жас жігіттің өсуі тоқтап, ақылы кемелдене түседі ғой. Мен де ақыл-ес тоқтатып, біршама тұрақтанғым келеді… Күнде шарықтап өсіп, маған миығынан қарап күліп тұратын доллар, еуро, юаньдердің қатарында тұрғым келеді. Тіпті, өзгені былай қойшы, мына көрші Қырғыздың сомы құрлы бола алмадым ғой. Оның өзін менен бесті беріп, бірін әзер алып жүр халқым. Еххх, арман көп, бірақ….

Есен Байнұр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *