Мақта цехының жұмысы жанданып келеді

974

Биылғы жыл барысында Жетісай ауданында 7 мақта зауыты үздіксіз жұмыс істеді. Яғни бұл зауыттар ақ алтынды қабылдап алып, қайта өңдеу ісіне мән беріп келеді, — деп хабарлайды kazgazeta.kz аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде мақтаны қайта өңдеуден өткізетін шағын цехтар да жұмысын жандандыру үстінде. Солардың бірі – Жетісай ауданы Қызылқұм ауыл округі Жалпаққұм ауылындағы жеке кәсіпкер Өмірзақ Махамбетовтің мақта түту цехы. Шағын цех 2015 жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда мақта және жүн түтуге арналған 5 қондырғы жұмыс істеп тұр.

«2015 жылы отбасымызбен осы кәсіпті ашу үшін «Каспий» банктен 3,5 млн теңге несие алдық. Қазіргі айлық табысымыз жаман емес. Мақта жинау науқанында жұмысымыз жақсы жүреді. Қыстың күндері сұраныстар саябырсиды. Десек те, жұмысымыз жүйелі. Алдағы уақытта үйімізге жақын маңнан 50 соттық жер телімін алып, цехымызды үлкейтсек деп отырмыз», — дейді Өмірзақ Махамбетов.

Цехтың өнімдерін негізінен Жетісай ауданының тұрғындары тұтынады екен. Көрпе-жастыққа, қыз жасауына қажетті мақта өнімдерінің бәрі осында әзірленеді. 5 бала-шағалы отбасын асырап отырған шағын цехтың қазіргі орналасқан жерінің құжаттары жоқ екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Махамбетовтер отбасы Қызылқұм ауыл округінің әкімдігінен кәсіпкерлік мақсатында жер теліміне сұраныс жолдаған. Әкімдіктегілер бұл мәселені жақын арада шешіп беруге тырысамыз деп отыр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *