Жүрсін ЕРМАН: Айтыстың мақсаты – қоғамға ой тастау

291

– Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы – Әділет министрлігінде тіркелген республикалық қоғамдық бірлестік. Осыдан жеті жыл бұрын академик ағамыз Мырзатай Жолдасбековпен бірге Астанада құрдық. Қазіргі таңда 300-ге тарта айтыскерлер мен жыршы, термешілеріміз бар. Қолымыздан келгенше айтыс ақындарын тәрбиелеуге қол ұшын созамыз. Ұлт өнеріне жанашырлықпен қарайтын басшысы бар өңірлерден өкілдіктерімізді аштық. Мысалы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында бір-бір айтыскерлеріміз ақындар мектебін жүргізіп, балаларды тәрбиелеп, тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек үш жыл бұрын «Алатау» дәстүрлі өнер ­театрынан «Айтыс» деген шығармашылық топ құрып берген. Серік Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Шұғайып Сезімхан сияқты белгілі айтыскерлер мен сайтты жүргізетін сегіз-тоғыз адам сол жерде айлық алып, жұмыс істейді. Бұл ұйым айтысқа басшылық жасау, өтетін жерін, қатысатын ақындарды анықтау сияқты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады.
– Аға, қателеспесем, айтыстың ыстығы мен суығын көріп келе жатқаныңызға жарты ғасырға жуық уақыт болыпты…
– Қырық төрт жыл болды.
– Осы уақыт аралығында айтыс қалай дамыды? Айтыстың бүгінгі келбеті қандай?
– Бала кезімізде Болман Қожабайұлы, Әжиакпар Балқанов, Тайжан Қалмаған­бетұлы деген ақындарды тыңдап өстік. Сол әсер еткені болуы керек. 1974 жылы Жезқазған теледидарында қызмет істеп жүргенде айтыс ұйымдастыру туралы идея туды да, қаладағы Мыс комбинаты, КазМедСтрой және Шахтапроходколау тресінің атынан айтыс жаздым. Ол кезде қағазға қарап айтысатын. Онда жаңағы ұйымдардың жақсылықтары, социалистік жарыс­та қол жеткізген табыстары, еңбек адамдары, басқа мекемелердің жұмысындағы кемшіліктер сөз болады. Мәтінді ақындық, ән айтатын қабілеті бар жігіттерге айтқызып, арасын кәсіпорындардың өмірінен түсірілген суреттермен, бейнемен ­жауып, эфирге шығардым. Ол кезде 23 жаста едім.
Кейін 1982 жылы Алматыдағы рес­пуб­ликалық телевидениеге ауысып келдім. Оншақты жыл әдеби-драмалық хабарлардың бас редакторы болдым. Сол кезде айтысты облысаралық көлемде ұйымдастырдық. Мысалы, Қызылорда мен Алматы облыстары айтысса, құрамында ақындары, термешілері, әншілері бар қызылордалықтар Алматы облысын аралап, шаруашылықтарын көріп, ақпарат жинайтын. Алматының тобы да Қызылорда облысына барып, дайындалатын. Сөйтіп, жасаған айтысымыз үлкен өрлеу алды. Оған облыс басшылары қолдау көрсетті. Сол кезде Көпбай Омаров, Қалихан ­Алтынбаев, Көкен Шәкеев, ­Шымболат Ділдебаев сияқты мықты ақындар халыққа танымал болды. Сондай ескіні көрген көшелі ақындар қатарына кейін Әселхан Қалыбекова, Әсия ­Беркенова, Қонысбай Әбілов, Тәушен Әбуовалар қосылды. Келе-келе Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Баянғали Әлімжанов сияқтылар айтыстың көшін ілгері қарай бастап, кең танымал етті. Сол шақта теледидардың мүмкіндігін пайдаланып, айтысты респуб­лика бойынша өткізе бастадық. Бірақ мұның бір кемшілігі бар. Сол арқылы біз ұлттық өнердің қалыптасқан пішінін ептеп бұзып алдық па деп қорқамын. Өйткені ақындар телеарна уақытына шектеледі, қазылар баға береді. Бұрын ешқандай қазы болмаған ғой. Айтыста жеңіліп қалған ақын сол айтысты ел ішінде насихаттап жүрген.
Айтыс деген суырыпсалма, ат сүрін­генше сөз табатын тапқыр ақын­дардың сайысы ғой. Сол қабілеттің біздің қанымызда бар екенін дәлелдеу үшін 84-85 жылдары айтыстың шағын формаларын пайдаландық. Қайым айтыс, өтірік өлең айтысы, қыз бен жігіт айтысы, сүре айтыс, түре айтыс деген жанрларды тірілттік. Қазір олардың барлығы тарихтың сахнасынан шегінді, өйткені суырып салмалықтың бар екені дәлелденді. Қазір біздің есебімізде 200-ден астам айтыскер ақын бар. Барлы­ғы­ның қолынан суырып салып айту келеді.
80-жылдары осындай сұхбат бергенде «Айтыс ХХІ ғасырға бармайды» деп сәуегейлік айтқанбыз. Өйткені бетіміз бұрылып кеткен, ана тілі ұмытылып бара жатты… Құдайға шүкір, сол сәуегейлігіміз өтірікке шықты. Айтыс­ты теледидардан көріп өскен балалар айтысқа келді. Олар бұрынғы төселіп қалған ақындарды сахнадан ығыстырып барады. Өйткені жас ақындар суырып салмалық өнерді еркін меңгерген, ақпаратты жылдам игереді, айтыстың бүкіл амал-тәсілдерін біледі. Бірақ орта буын ақындарының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Айтыстың қазіргі бейнесін солар жасап отыр. Мысалы, былтыр желтоқсан айында Алматыда бірінші рет «Айтыстың ақтаңгері» атты айтыс өткіздік. Соны Арқалықтағы аждаһа Айбек Қалиев жеңіп алды. Биыл да өткіземіз деп отырмыз…
Айтысқа әркім әртүрлі сын айтады. Сынның шыны да бар, бос сөзі де баршылық. Жуырда Астананың жиырма жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық айтыс өтті. Сонда керемет сөздер айтылды. Айтыстың құндылығы – көркем образдар, бейнелеу өлеңдер, қоғамдық ортаға пікір тастап, халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерді жырлау. Жұрт соны талқылаудың орнына, «Бәйгені анау неге алды? Мынау неге алмады?» дегенді әңгіме қылды. Бәйгені Мәскеуден келіп Вася, Ташкенттен келіп Тәшмет әкетіп жатқан жоқ, қазақтың өз балалары алып жатыр. Өлең деген ғайып нәрсе. Бір ақын өмір бойы жоғарыдан көріне бермейді, сүрініп кетеді, сөзінен жаңылады, жауап бере алмай қалады. Кім бүгін бабында тұрса, сол бәйге алады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Біреулер «Сендер осы айтыс арқылы қандай мәселені шештіңдер?» деп сұрап жатады. Алматыда шығып жатқан «Алматы ақшамы» газеті осы айтыс арқылы дүниеге келген. Ол кезде тек «Вечерняя Алматы» деген газет болатын. 1988 жылы айтыста ақындар «Неге қазақша газет жоқ?» деген мәселе көтерді. Соны орталық комитет қарап, үш айдан кейін «Алматы ақшамы» шыға бастады. Бес-алты жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында да айтыс өтті. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып отырған. Сонда ақындар Семей мен Абай ауданының арасындағы жолдың өте ­нашар екенін айта келе, «Абайдың жолын салу «Абай жолын» жазғаннан қиын болды ғой» деді. Мұны естіген әкім уәде берді де, жол жасалды.
Айтыстың мақсаты – мәселені шешу емес, қоғамға ой тастау. Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында «тарихыңды таны», «түпкі тамырыңды біл», «ұлттық кодыңды тап», «дәстүріңді, салтыңды, ғұрпыңды сақта» десе, айтыс – осының барлығымен әуеліден ешкімнің нұс­қауын­сыз-ақ айналысып келе жатқан өнер. Бұл айтыс кешегі Кеңес кезінде халықты тәуелсіздікке дайындады. Қазір тәуелсіздік алған елге де қалтқысыз қызмет етіп жатыр. Ұлттың ұстазына айналды. Өйткені бұл – бір адамның емес, жалпы қоғамның ортақ перзенті.

Айтыс деген суырыпсалма, ат сүрін­генше сөз табатын тапқыр ақын­дардың сайысы ғой. Сол қабілеттің біздің қанымызда бар екенін дәлелдеу үшін 84-85 жылдары айтыстың шағын формаларын пайдаландық. Қайым айтыс, өтірік өлең айтысы, қыз бен жігіт айтысы, сүре айтыс, түре айтыс деген жанрларды тірілттік.

– Айтыс бұрындары телеарнадан үз­діксіз беріліп тұратын еді. Қазір респуб­ликалық айтыстардың өзі телеарналардан берілмейді…
– Ол ештеңе емес. 2008 жылы айтыс­ты екі жылға мүлдем жауып тастаған. Өйт­кені айтыстың үстінде биліктің ша­мына тиетін қатты-қатты сөздер айты­лады. Ақиқатты айтпаса, айтыс – айтыс болмайды. Ол эфирді байытатын концерт емес.
Қазақстан Халықтары Ассамблея­сының XXV сессиясында Елбасының алдында осы мәселені көтердім. Елбасы сол парламенттің депутаттары, министрлер, әкімдер қатысқан ұлы жиналыста айтысты өңірлерде өткізуге көмектесу, Астана мен Алматыда қорытынды айтыс жасау туралы тапсырма берді. Содан бері жағдайымыз жақсы болып тұр. Барлық өңірлерде айтыс өтіп жатыр. Бірақ айтыстың теледидардан көрсетілуі ақсап жатқаны рас. Мысалы, қыркүйек айында Алматы қаласы Алатау ауданының 10 жылдығына арналған үлкен айтыс өтті. Соны «Қазақстан» арнасы түсіріп алды, бірақ әлі көрсеткен жоқ. Астанада өткен халықаралық айтыс та берілген жоқ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қаринмен сөйлесіп, себебін сұрадым. «Берейік деп жатырмыз» дейді, бірақ әлі жоқ. Күтіп отырмыз. Осы аптада қыркүйектегі айтыс көрсетіле бастауы керек. Кім біледі? Бірақ қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Айтыстың ең өткір, ең тәуір тұстары сол желі арқылы таралып жатыр.
– «Алтын домбыра» айтысы биыл жалғасын таба ма?
– «Алтын домбыра» биыл 16-17 желтоқсан күндері Астана қаласындағы Қазақстан Орталық концерт залында өтеді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеткілікті қаражат бөліп берді. Мүлдем басқа пішінде, кішкене шоуға айнал­ды­рың­қырап, дүркіретіп өткізуге дайында­лып жатырмыз. Оған жыл бойы өткен айтыс­тардың жеңімпаздары ғана қатысады.
– Телеарнада жұмыс істегенсіз. Бас­шылық қызметте де болдыңыз. Бүгін мен өткенді салыстырғанда, қандай өзгеріс бар? Ақпараттық кеңістіктің халі қандай?
– Көтере алмайтын шоқпарды беліме байлап жатырсың ғой… Мен радиода 3-4 жыл директор болдым. Кейін Мақат Садық деген белгілі журналист келді. Сол маған: «Алты айда сендер көрмеген радио жасап беремін» деді. Бір жылдан кейін мен: «Сен расында біз тыңдамаған радио жасадың. Радионың дәстүрін сақтай алмай қалдың» дедім. Радиода ел тыңдайтын азулы хабарлар бар еді. Соның бәрі жоғалып кетті. 1921 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының ықпал етуімен ашылған 100 жылдық тарихы бар радио қазір халықтың көкейіндегі сөзді айтатын хабарлардан гөрі «Ламифарен» мен еліккен-желіккен эстраданы беретін болды. Құндылықтың орны ауысып кетті.
Теледидар туралы пікірім одан да жаман. Ғалым Доскен төраға болып тұрғанда ұлттық бағыттағы хабарлар жасалушы еді. Қазір соның бәрінен айы­рылып қалдық. «Қалаулым» сияқты­ларды неге көрсетеді? Талабымды қанағаттандыратын, рухани тояттандыратын бағдарламалардың жоқтығынан күніне бір рет тек «Хабар 24», Ресейдің «Россия 24» арнасындағы жаңалықтарды ғана көремін. Бізге халықтың рухын көтеретін хабарлар керек. Өйткені біз әлі оң-солымызды түгендеп, төрт құбыламызды танып болған жоқпыз. Сырт келбеті болғанымен ар жағында ой, көзінде жалын жоқ жүргізушілер пайда болды. Бұл сөзімді маған қолдау көрсетіп отырған «Қазақстан» арна­сының басшылары ұнатпауы мүмкін, бірақ басқа арналардың деңгейі одан да төмен. Барлық арна қосылып, кезіндегі «Қазақстан» ұлттық арнасының жұмысын атқара алмай отыр. Теледидар деген – ұлттың тәрбиешісі. Өйткені оны бала-шағаң көреді. Сол арқылы пікірін қалыптастырады, бойын-ойын түзейді. Соларға ұлттық ұстаз болуға жарайтын телеарна бізде әлі жоқ…
– Әңгімеміздің ауанын өзгерт­сек. Өзбекәлі Жәнібеков, Тұманбай ­Молдаға­лиев, Қадыр ­Мырзалиев, ­Оралхан Бөкей сынды елге елеулі тұл­ғалармен жақын араластыңыз. Ол туралы ес­телік-эсселеріңізде жазып жүрсіз. Игі жақ­сылар­дан не үйрендіңіз? Ол кісілерді бүгінгі ұрпақ жете тани алып жүр ме?
– Мен Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарақұм деген Құдайдың өзі ұмытып кеткен, Совет үкіметі бармаған ауылда, құмның ішінде өскен бала едім. Ауылымызда жарық та, жол да, теледидарыңыз не, радио да болған жоқ. Сол ауылда өскен кішкентай қара бала өмір жолында Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай ­Жолдасбеков, Оралхан Бөкей, Қасым Қайсенов, Камал Смайлов, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев сынды жақсылармен сапарлас, аралас-құралас болды. Бір кездері Өзбекәлі Жәнібеков Орталық комитеттің қаулысымен мені айтыс үшін жұмыстан шығармақ болды. Партия солай талап етті. Тұрсынбек Кәкішев араласып, жұмыстан кетірмей, алып қалды. Бірақ сол Өзбекәлі Жәнібековті жұмыстан шығармақшы болса да, қатты құрметтеймін. Ол туралы өлең, баллада, естелік-эссе де жаздым. Олар ұлттың қайраткерлері еді. Кеше ғана Қызылорда облысында «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығы, партияның өлкелік комитетінде бөлім басқарған Ілияс Қабыловтың 110 жылдығы болды. Солардың барлығы кешегі қысылтаяң уақытта ұлт қамын ойлады. Сол үшін жазаланды. Қасірет шекті. Атылып кетті. Біз айтып отырған ағалар – солардың ізбасарлары. Оралхан Бөкеев қазақ әдебиетінде қандай мектеп жасап кетсе, Ақселеу Сейдімбек қазақтың күй тарихын, ауызша шежіресін жасау арқылы тұтас бір энциклопедиялық бағыттағы институттың жұмысын істеді. Мен солардан не үйрендім? Шамам келгенше, тағылым алдым, құрметпен қарадым. Солармен араласу арқылы, бәлкім, бір-екі баспалдақ көтерілген шығармын деп ойлаймын.
– Өзбекәлі Жәнібеков туралы естелік-эссеңізде «Қайран асыл ағаның қанша аяулы арманы өзімен бірге өшіп кетті» деп жазасыз. Ол кісінің ел білмейтін қандай армандары бар еді?
– Өзбекәлі Жәнібеков ашық аспан астында музей жасауды армандады. Бір кездері екеуіміз Ұлытау ауданынан ары асып, Арғанатының ішіне кіріп, сақ ­заманынан, әлде ғұн заманынан қалған ба… далада тұрған балбал тастарды іздеп бардық. Сол кездің өзінде олардың көбі жоғалып, 2-3-ақ белгі қалыпты…
Биыл «Жұлдыз» журналының №4 санында классик жазушы Мұхтар ­Ма­ғауин­нің «Естеліктер кітабынан» үзінді жарияланды. Сонда ол ұстазы Ілияс Есенберлиннің соғыстың ­алдын­да Ұлы­таудың ең биік шыңы – Едігеге шық­­қанын, сондағы Тоқтамыс хан мен Едіге батыр қабірінің жанынан Алтын орда батырының да қабірін көргенін жазады. Кейін Мұхтар ұлы Едігемен бірге сол шыңға қайта шығыпты. Барса, жаңағы ұстазы айтқан батырдың қабірі ашылып, сүйегі шашылып жатыр екен. Соны қайта жерлеп, басына белгі қойып, ас беруді маған аманат етті.
Аманаттың жүгі ауыр. Ұлытау ауда­нының әкімімен хабарласып, 10 қазан күні сол батырдың тақтасын дайындап, басын қайтадан көтеруге, ас ­беруге дайын­далып жатқанмын. Төлеген ­Жаманов деген ақын қабірдің жағдайын көріп келуге Ұлытауға кетті. Бірақ қабірді таппай келді. Құр тастар қалыпты. Соның бәрін видеоға түсіріп әкелді. Сосын Америкадағы Мұхтар Мағауинге телефон шалып, «уатсаппен» видеоны көрсеттім. «Иттің балалары, құртыпты ғой» деді. Сөйтіп Алтын Орда батырының қабірінен айырылып қалдық. Ескерткіш тақтасы да қойылмады… Біздің тарихты құрметтеуіміздің түрі – осы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін не қылғанымызды естуің бар шығар? Соны «жөндейміз» деген сылтаумен қаншама сүйек қосылып кетті. Абылай ханның сүйегін де жоғалтып алдық па деп қорқамын. Қазір Абылай хан, Қазыбек билер орнында бар ма, жоқ па белгісіз. Жатқан-тұғын. Осылай шолақ ойлайтын басшы келген сайын біздің тарихымыз түгенделудің орнына, тоналып жатыр. Қазақтың даласында осындай қаншама тарихи жәдігерлер бар еді. Сарайшықты алып қараңыз. Су шайып бара жатқан кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев теңіз жағына бетон құйғызып, жұрнағын сақтап қалды. Сарайшық әлемдегі ұлы қалалардың бірі болған. Мәскеуде тұрған Кремль – Сарайшықтағы орталық алаңның, куполалар – Қазан қаласындағы үлкен мешіттердің көшірмесі. Иван Грозный соның көзін құрту үшін тапсырма беріп, Сығанақты жойып жіберді. Жалғыз Сарайшық емес, Сауран, Сығанақ, Баласағұн, Шірік-Рабат бар еді бізде. Қызылордада Алаштың ардақтылары тұрған үйлер бар еді. Соларды сақтаудың орнына құртып жібердік. Орыстар А.Пушкин тізесін бүккен жердің бәріне құрметпен қарайды. Л.Толстойдың ауылы Ясная полянаға, И.Тургеневтің еліне барсаңыз да, әр тасын ұрпақ тәрбиелеудің құралы қылып отырғанын көресіз. Ал біз…
– «Мұхтар Әуезов қабірінің басындағы жыр» деген өлеңіңізде:
«Итке ашамай салғаннан иман таппай
Сені іздедік – өлгенде сөз қадірі» дейсіз. Сөздің қадірін өлтірген кім?
– Сөздің қадірін өлтірген – өзіміз. Қазақ сөзді кие тұтқан, бір ауыз сөзге тоқтайтын халық еді. Алысқа бар­май-ақ, айтыстан мысал келтірейін. Сөзден жеңілген ақын тоқтауы керек. Ғұмырымда сөзге тоқтаған Баянғали Әлімжанов деген ақынды ғана көрдім. Қазіргілер жеңілсе де, астында жатып, үстіндегінің бетін тырнап жатады.
Сөздің қадірі кеткені сондай әдебие­тіміздің де берекесі қашып барады. Қазір 8 миллион қазақтан 800 жазушы бар! Бәріміздің есіл-дертіміз қалай болғанда да билікке жағынып, мем­лекеттік сыйлық, «Дарын» сыйлы­ғын, атақ, орын алу… Ал оған татитын еңбегі бар ма? Орыны түгіл, атағы жоқ Абай әлемді меңгеріп тұр. Біздің 800 жазушымыз қазірдің өзінде мемлекеттік сыйлық үшін астыртын күрес жүргізіп жатыр. Кісі салу, таныс табу… Сөз қадірін білсек, олай жасамас едік. Мысалы, Балтық елдерінде мемлекеттік сыйлыққа ешкім өзін-өзі ұсынып, жүгірмейді. Тұрақты комиссия бар. Солар жыл бойы қадағалап отырып, ақын-жазушының қай туындысы сыйлыққа лайық екенін анықтайды. Біз болсақ, бәйгені өзіміз қолдан жасап, бірімізбен-біріміз алысып жүрміз. Сонда сөздің қадірі, ақиқат қайда қалды? Десек те, үміт бар. Халықтың санасы оя­нып келеді. Ана тіліміз аяқасты болды деп жатамыз ғой. Мұның барлығы – уақытша процесс. Бүгінде тілдің қанатын жаю кезеңі жүріп жатыр. Қолдану аясы кеңейіп келеді. Латын әліпбиіне көшу арқылы түркі дүниесіне бет бұрдық. Қарап отырсаңыз, қазақтың әнін айтып, күйін тартып, қазақша судай сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері көп. Бәрі – қоғамдағы өзгерістің көрінісі. «Мәскеу бір күнде тұрғызылмайды». Бір күнде қазақ тілінің бағасы аспандап кетпейді. Мұхтар Шаханов болмасақ та, жүрген жерімізде тілдің тағдыры үшін күрессек, нәтижесін береді.
– «Адамгершілік айырылды
өз бағасынан,
Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан» деп жырлайсыз. Неге түңілдіңіз? Мағжан сенген жастар қайда?
– Әке мен баланың, үлкендер мен жастардың арасындағы қарым-қатынас Абай заманында да күрделі болған. Тургенев пен Толстойдың заманында да «жастар азып барады» деген қорқыныш болды. Бұл заңды құбылыс шығар… Кейде шошисың. «Болашақты» бітіріп келгендердің біразы қазақтан тамырын үзіп алған. Қазір әр жерде билік басына келіп жатыр. Солардың ішіндегі шала қазақтар ұлттың мұңын қалай мұңдап, жоғын қалай түгендейді? Қазақтың жігіттері қазақ қыздарының қорғаны болуы тиіс. Қыздар «аға» деп құрметтеп, арқасын сүйеуі керек. Сондай азаматтар табылмаған соң қыздарымыз көрінгеннің қолтығында кетіп жатыр. Бұл қазақ азаматтарының абыройы азайғанын көрсетеді. Осындайды көріп, қарның ашқанда жазылған жолдар ғой. Жастар қабілетті болған кезде қарттардың көңілінде тыныштық орнайды. Кезінде орыс әдебиетіне Тургенев келгенде Некрасов: «Тургенев сияқты жастың қасында жүрмек түгілі, соңынан еріп жүрудің өзі – бақыт» деген екен. Сондай қарттардың көңілін тыныштандыратын жастар көбейсе екен.
– Өлеңдеріңіз туралы айтып отырмыз ғой. Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Не жазып жүрсіз?
– Қазір пәлендей жазып жүрмін деп айта алмаймын. Мен өмір бойы аз жазған адаммын. Қазақтың ән өнері тарихына үңілсек, бір әнімен қазақтың музыка мәдениетінің тарихында қалған адамдар бар. Абайдың баласы Ақылбай «Ақылбайдың әні» деген бір-ақ әнімен, Жарылғапберді «Шама» дейтін әнімен қалды. Арқаны әнге бөктірген Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы», «Шіркін-ай», «Үшқара» деген төрт-ақ әні бар. Мәселе санда емес, сапада. Соған тырысып-ақ келемін. Бірақ қатарластарым алға кетіп қалған соң, жақында мемлекеттік тапсырыспен шығару үшін министрлікке 5 томдық шығармаларымның жинағын тапсырдым. Биыл шығармашылық кешімді өңірлерде өткізуді жоспарлап отырмын. 15 қараша күні Атырауда, көктемге сала Астанада, Оралда өтеді. Алматыда да өткізіп қалармыз…
Менің төңірегімде тек жас айтыскер ақындар ғана емес, жазба ақындар да көп жүреді. Түркістаннан тауып алған балам Батырхан Сәрсенхан қазір үлкен ақын болып қалыптасып келеді. Мирас Асан болса, үшінші кітабының тұсауын кесті. Жастарда да жастар бар. Жақында бір ақын жігіт алғы сөз жазуға кітабының қолжазбасын әкеліп берді. Алғы сөз емес, сөгіс жазып бердім. Қазір көп жас ақындарда эллегия, эклектика, уайым-қайғы басым. Мектеп партасынан кеше шыққан баланың басында қандай трагедия болуы мүмкін? Мұқағали солай жазса, оның басында соғыс салған қасірет, жетім-жесірлердің, халықтың мұңы бар еді. Қазіргілердікі қандай мұң, қандай қайғы? Тәжірибесі болмаған соң, жын-шайтан, періште, аруақты, өлімді жазады. Бұл – еліктеу, тезірек танылуға құлшыныс. Ар жағыда негіз, тиянақ жоқ. Мұндай поэзия қазақты жарылқамайды. Шынайы, мөлдіреген поэзиялар жазылуы керек. Айналып келгенде бәрі қазақтың қара өлеңіне келіп тіреледі. Тіліміз – өлеңге жаратылған тіл. Мысалы, қазақ тілінде 2,5 миллион сөз болса, соның негізін атау тұлғалы, тұйық райлы етістіктен тұратын сөздер құрайды. Кез келген сөздің ұйқасы бар. Орыс тілі арқылы әлем әдебиетінің үлгілерін оқып отырмыз ғой. Орыстар «вновь – любовь» деп ұйқастыра береді. Қазақтың өлеңі биік деңгейге шығып кеткен. Абайдан, Дулаттан бастау алған поэзия озық үштіктің қатарына кіріп кетті деп ойлаймын. Ол жай қиял емес. Осындай поэзияның иесі болғанымыз, қазақ тілінде сөйлегеніміз – бақыт.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *