Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Scopus Award 2018» сыйлығына ие болды

189

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Scopus» халықаралық дерекқорына кіретін жоғары рейтингілік журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша Қазақстанда көшбасшы болып танылды. Бұл туралы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген «Scopus Award 2018» сыйлығын марапаттау рәсімінде еліміздің ең үздік авторлары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін марапатталды. Бұл ғалымдар мен университеттерді белсенді ғылыми қызметке ынталандыруға бағытталған «Elsevier» халықаралық компаниясының беделді әлемдік ғылыми сыйлығы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «High Performance Award»  номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Айта кетерлік жайт, әлемдегі ең ірі ғылыми деректер базасы тарапынан танылуы кездейсоқ емес, қазақстандық авторлардың әрқайсысының жоғары дәрежелі ғылыми журналдардағы бесінші басылымы ҚазҰУ ғалымдарының үлесі болып табылады.

Сонымен бірге, университет ғалымдары тоғыз номинацияның алтауы бойынша марапатталды. Атап айтқанда, ҚР ҰҒА-ның академигі Т.Рамазанов «Жыл зерттеушісі» сыйлығының лауреаты, профессор Қ.Жұмағұлова – «Ғылымдағы әйел», Жану проблемалары институтының директоры З.Мансұров – «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік зерттеуші», физикалық-химиялық зерттеу әдістері және талдау орталығының директоры Б.Кеденов және постдокторант М.Әлімжанова – «Ауылшаруашылық ғылымдары саласындағы үздік зерттеуші», постдокторант А.Керимраи – «Best Scopus Journey», профессор С.Т.Нұртазин – «Биомедицина ғылымы саласындағы үздік зерттеуші» сыйлығының лауреаты атанды.

Осылайша, биыл ҚазҰУ жетекші халықаралық дерекқорлар – «Scopus» және «Web of Science» ғылыми журналдарындағы жарияланымдар саны бойынша Қазақстанның көшбасшысы болып танылды. Бұл жетістіктер университеттің әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуы мен ғылымды интернационалдандыру саясатының нәтижесі болып табылады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *