Бүгін — Бүкіләлемдік философия күні

712

Бүгін елімізде ұлттық валюта күнімен қатар, бүкіләлемдік философия күні де атап өтілді. Әр жылдың қараша айындағы үшінші аптасының бейсенбісі Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) шешімімен Бүкіләлемдік философия күні деп аталады. Философтардың төл мерекесін жыл сайын әлем болып тойлайды.

Бұл күн тұңғыш рет 2002 жылы 21 қарашада тойланған болатын. Биылғы Бүкіләлемдік философия күні 15 қараша күніне тура келеді.

Философия — адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез-келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, діл, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады. Философия сөзі грек тілінен аударғанда — даналыққа деген махаббат мағынасын білдіреді. Б.з.д. VII-VI ғ.ғ. Ежелгі Үндістан, Қытай және Грекия жерлерінде бір уақытта пайда болады. Деректерге сүйенсек, «философия» терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің атақты пәлсапашысы (философы) және математигі Пифагор.

Философтар мерекесін болашақ философ мамандар дайындап отырған, ҚазҰУ-дың философия кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы да ерекше дайындықпен атап өтті. Мерекелік жиында кафедра меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева Қазақстандағы философиялық мәселелер туралы баяндама жасап, студенттерге магистрант-докторанттардың ғылыми зерттеулерінен танысырылым ұсынды. Сондай-ақ, кафедра ұстазы Асқар Лесхан философияның ғылымдағы рөліне тоқталып, шәкірттеріне  тағылымды ой айтты.

Ғылым-білімді тең игеремін деген әр азамат, философияны білуі міндетті. Сондықтан бұл пәннің маңызы қай заманда да өзекті. Ал біз философтар күнімен осы салада еңбек етіп жүрген ғылыми қызметкерлер мен студенттерді шын жүректен құттықтаймыз!

Досжан Балабекұлы

(Суреттерді түсірген автор) 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *