Шынайы оқиғаға негізделген қойылым

825

Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» халық ауыз әдебиетінің ХХ ғасырдағы алыбы, ақын, эпик жыршы Жамбыл жайлы «Жыр-жолбарыс» атты музыкалық спектаклінің тұсаукесері өтті. Оған елімізге белгілі дәстүрлі өнер өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Спектакльдің мақсаты — Жамбыл өмірінің ХІХ ғасырдағы соңғы ширегін қамтитын қойылымда оның тұлға ретінде қалыптасуын және азаматтық ажарының сомдалуын сахналық бейнелеудің заманауи тәсілдері арқылы көрсету, жүз жасаған эпик жыршының өзі өмір сүрген қоғамға қаймықпай ой айтқан кезеңдерін жұртшылықтың назарына ұсыну.

Қойылымда қазақ би нақыштары заманауи контемпорари, фолькденс би бағыттарымен синтезделіп ұсынылды. Мұнда динамикалық сценография қолданудың нәтижесінде драматургияның заңдылықтары сақталып, хореография, дәстүрлі музыка мен драмалық сахналар өзара жымдаса түскен.

Пьеса бейнелеу құралдарының сахналық қойылымдарын ескере отырып жазылғандықтан, мәтіндер қысқа әрі астарлы, бейнелі теңеулерге негізделіп, қазіргі драматургия мен музыкалық драманың шарттары үйлесім тапқан.

Спектакльдің кеңесшісі Жамбылдың көзін көрген Шаштай ақсақалдың ұлы Жұмабай Шаштайұлы, пьеса авторы Әннәс Бағдат, қоюшы режиссер Есләм Нұртазин, режиссер-хореограф Әсел Абақаева.

Әннәс Бағдат, пьеса авторы:

Жамбыл атамыз ғасыр жасаған адам. Бұл қойылымда атамыздың жастық шағын, ақын ретінде, әрі азамат ретінде қалыптасқан өмірін қамтуды мақсат еттік. Қойылымның жанры-музыкалық драма. Атамыздың айтыстарын, жырларын пайдаландық, ал режиссерлік шешіммен түрлі билер дайындалды.

Тек Жамбыл  ғана емес, елге танымал тұлғалардың өмірін шығармаға айналдыру қиын. Себебі әр адамның санасында сол тұлға туралы қалыптасқан бейне бар. Сол тұрғыдан алғанда қиын болды. Дегенмен, Жамбыл өмірі толықтай қағазға түскен, мұралары сақталған. Сол шынайы деректерге сүйене отырып, жазуға тырыстық.  Пьесаны жазуға бір ай уақыт кетті.

Суреттерді түсірген: Д. Балабекұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *