ТЕРЕҢ ТАРИХТАН — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

275
17 қараша — Халықаралық студенттер күніне орай өтетін «Тәуелсіздік-тірегім, Түркістаным-жүрегім!» атты республикалық жастар форумына қатысатын қонақтар ауданға келіп, шежірелі Отырардың көне тарихымен танысты. Өңірдің әр саладағы белсенді жастары алдымен аудан орталығындағы «Алтын шаңырақ» мейрамханасында түскі ас ішіп, Отырардың шөлді қандыратын шұбаты мен дәмі тіл үйіретін бауырсағынан дәм татты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында аудан әкімі Ерлан Айтаханов меймандарға қонақжайлылық танытып, сонау бір жылдары әлемдегі даңқты шаһарлардың бірі болған Отырардың көне тарихы мен бай мұрасы жайында кеңінен әңгімелеп берді.
Сөз барысында аудан басшысы: «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің келешегі білімді жастардың қолында екенін айтып, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Сондай-ақ, ұлттың кемел келешегіне, бүгінгі жас ұрпаққа артылар ең үлкен міндет — сананың түзу жолмен қалыптасуы мен білімділік, жан-жақтылық жасампаз елдің жастарына тән екендігін тағы да айтқан Ұлт Көшбасшысы әлемдік білім бәсекесінің шыңына ел жастары да шыға алатынына үлкен үміт артты. Бүгінгі шара да Елбасымыздың салиқалы саясатын жүзеге асыру бағытында өтіп жатқан шаралардың бірі. Шындығында қазақ елінің білімді жастары мемлекетімізді қашан да қияға жетелері Һақ. Баршаңызды «Қазақ өркениетінің алтын діңгегі» саналған киелі Отырар ауданының тарихымен танысуға шақырамын»,-деп, форумға қатысатын белсенді жастардың алдағы сапарларына сәттілік тіледі.
Мұнан соң қонақтар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен «Отырар төбеге» барып, топырақ астына көмілген ежелгі Отырар қаласының тарихынан сыр шертетін қарт жәдігерлермен және бай мұраларымызбен танысты. Одан әрі Бабтардың бабы — Арыстанбаб бабамыз жатқан кесенеге барып зиярат жасаған жастар түркі әлемінің рухани астанасы болған Түркістан қаласына сапарларын жалғады.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *