Отырар аудандық мәдениет сарайында Теңге күні аталып өтті

326

15 қараша ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні. Бұл қаржы секторы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнімен де тікелей байланысты. Биыл ұлттық валютамыз – теңгенің айналысқы енгеніне сонау 1993 жылдан бастап 25 жыл толды. Осы жиырма бес жыл ішінде ауданның қаржыгерлері де ел экономикасының темірқазығы саналатын теңгенің тұрақтануына елеулі үлес қосты. Осы орайда бүгін аудандық мәдениет сарайында Ұлттық валюта — Теңге күні мен қаржыгерлер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Аталған шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде: «Бүгінгі күн тек қаржыгерлердің ғана емес, Ұлттық валютаны, яғни теңгемізді күнделікті қолданатын барша қазақстандықтардың мерекесі деуге әбден болады. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Егемен еліміздің төл теңгесін айналымға енгізді. Бұл қадамды даналық, көрегендік, елдің болашағын тереңнен ойлағандық деп бағалауға болады. Тәуелсіздігіміздің даңғыл болашағына түскен мемлекетіміздің экономикасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі қаржыгерлеріміздің Қазақстан экономикасының қаржылық әлеуетін дамытуға және оны күшейтуге, сондай-ақ кәсіпкерлік секторының қаржы жағынан ырысты-берекелі болуына мүмкіндік туғызуға бағытталған ерен жұмыстарының арқасы деп білемін»,-дей келе қаржы саласы мамандарының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан соң аудан басшысы ауданымыздың экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бір топ қаржыгерлерді «Алғыс хаттармен» марапаттады. Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әуезді ән мен әсерлі бидің қызығына батқан көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *