Қос азаматтық — қылмыс

574

«Ақ жол» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының депутаттары еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің қос азаматтықпен жүргенін әшкерелеп, Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Қ.П.Қожамжаровқа, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымовқа, Қазақстан Республикасы Әділет министрі М.Б.Бекетаевке депутаттық сауал жолдады. 

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қос азаматтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал бұндай заң бұзушылықты мемлекеттік қызметтегі адамдар жасаса, жауапкершілік одан да қатаң. Егер шетел заңнамасына көз жүгіртсек, мысалы Әзірбайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза 2014 жылы енгізілген. Тіпті көршілес қырғыз елінде мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі талқылану үстінде. Қытай заңнамасы да қос азаматтыққа қатаң қарайтындығы баршамызға мәлім. Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстанға көшіп келмекші болған қандастарымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар оған куә. Сыртқы істер министрлігінің 12 қос азаматтығы бар қытай қазақтарын тұтқыннан босатып алу үшін қанша қыруар күш жұмсағанын да өздеріңіз білесіздер. Қарапайым азаматтардың белгілі бір материалдық мүддеге қызығып, мысалы пенсия, әлеуметтік төлемдер, сол аздаған дүние үшін қос азаматтық алып, заң бұзғаны бір әңгіме. Ал, осы жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз. Мысалы, ақтөбелік адвокат Валерий Якубенко 2000 жылы Ресей азаматтығын алғанын осы уақытқа дейін жасырып келген. Онымен қоймай, аталмыш Ресей азаматы мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек көрсету аясында бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы алған. Адвокаттардың қызметіне кәсіби қадағалау жүргізудің орнына, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы, оның үстіне Валерий Якубенконың жұбайы, Раиса Якубенко, кәсіби заңгер ретінде заң бұзушылықты көре тұра, 18 жыл бойы осыған көз жұмып,өзі де заң бұзушылыққа тікелей қатысып келген. Тек, Әділет министрлігінің тікелей араласуының арқасында ғана Валерий Якубенко әкімшілік жазаға тартылып, лицензиясынан айырылған» делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар келтірген мәліметке сүйенсек,  елімізде 2016 жылы 400-ден аса, 2017 жылы 600-ден аса, 2018 жылдың 10 айының ішінде 527 қос азаматтық фактілері анықталған. Алайда олардың қаншасы мемлекеттік қызметкерлер немесе мемлекеттік билік функцияларын жүзеге асыратын өкілдер екендігі анық емес. Ашық ақпарат көздерінен мұндай мәлімет табылмаған.

«Көптеген елдерде сол елдің азаматтығын қабылдау кезінде ант беру рәсімі қарастырылған. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында азаматтық алу үшін берілетін антта «Мен осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адалдықтан мүлдем бас тартамын, қолыма қару алып Құрама Штаттар жағында шайқасамын» деген сөздер бар. Осындай сөздерден кейін, шетелдік азаматтығы бар адам қалайша Елімізге қызмет етеді? Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін,қалтасында басқа елдің паспорты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз».

«Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясы:

  1. Мемлекеттік қызметкерлердің, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын адамдардың (адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылардың және т.б ), қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеру жүргізуді;
  2. Жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мүмкіндігін қарастыруды;
  3. Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматының антының мәтіні мен рәсімін заңмен бекітуді
  4. Жоғарыда көрсетілген өрескел заң бұзушылыққа жол беріп қана қоймай,оған тікелей қатысқан Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымын лауазымынан айырып,жауапкершілікке тартуды сұраған.

 

 

 

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депуттары:

 

Б. Дүйсенбинов А. Перуашев

К. Абсатиров Е. Барлыбаев Д. Еспаева М. Қазбекова

Е. Никитинская

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *