«Айка» фильмі Ослодағы «FILM fra SØR» кинофестивалінде жеңімпаз атанды

568

Өткен аптада Норвегия астанасы Ослода 28-ші «FILM fra SØR» («Оңтүстік фильмі») шетелдік фильмдер фестивалі өтті. Оған Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінен 80-нен астам үміткер қатысты, деп хабарлайды Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап, kazgazeta.kz.

Фестивальге Қазақстаннан режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі және Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Әмір Байғазиннің жұмыстары ұсынылды. Онда «Деректі фильм», «Аудитория жүлдесі», «Жаңа дауыс» және «Күміс айна» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. «Айка» фильмін қазылар алқасы бір ауыздан «Жаңа дауыс» аталымының жеңімпазы деп таныды. «Қазақстандық актриса Самал Еслямова Сергей Дворцевойдың фильмін жалғыз өзі сүйреп жүр. Камера оның әрбір қимылын бағып отырады, тіпті біз, көрермендер бас кейіпкермен үндес, пікірлес боламыз», — дейді норвегиялық киносыншылар. «Деректі фильм» аталымында конголық режиссер Эммануэль Грастың «Макала» фильмі жеңіске жетті. Көрермен көңілінен шыққан фильм ретінде жапон режиссері Хирокадзу Кориденің «Дүкен тонаушы» фильмі танылды. Ал оңтүстік кореялық режиссер Ли Чанг Донг түсірген «Өртеу» фильміне «Күміс айна» сыйлығы берілді. «Айка» фильмінің түсірілім тобынан ешкім болмағандықтан, награда Ослода аккредиттелген қазақстандық дипломаттарға тапсырылды. Әмір Байғазин «FILM fra SØR» фестиваліне «Үндестік сабақтары», «Жаралы періште» және «Өзен» фильмдерін, сондай-ақ «Жұлдызды көргіңіз келе ме?» атты жаңа жұмысын ұсынды. Сыншылар оның шығармашылығына жоғары баға берді.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *