Болот ШАМШИЕВ, қырғыз режиссері, КСРО халық артисі: КИНО – ұлттың даму деңгейін айқындайтын көрсеткіш

469

Алматыда XIV халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі өтті. Осы айтулы шараға шетелден көрнекті кино майталмандары келді. Құрметті қонақтар қатарында КСРО халық артисі, көрерменге «Қараш асуындағы атыс», «Ақ кеме», «Арландар апаны», «Ерте қайтқан тырналар» және тағы да басқа фильмдерді сыйлаған қырғыздың әйгілі режиссері Болот  Шамшиев те болды. Айтулы өнер қайраткерін арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едік…

– Қазақстанның киноөндірісін қанша­лықты назарда ұстайсыз?
– Шынымды айтсам, қазір кино қарауға уақытым жоқ. Күндіз-түні қолжазба жазудан қолым босамайды. Ойымдағыны, естігенімді, көрген-түйгенімді қағазға түсіріп үлгеруім керек. Оны заманауи оқырманға жеткізуім керек. Себебі менің тәжі­рибем, өмір сүрген жылдарым мен аралас­қан адамдарым қазір өмірде жоқ, солардың болашақ ұрпаққа айтқан аманатын жеткізуім керек…
– Қазіргі Қырғызстанның киноөн­дірісін ше? Оған қандай баға бересіз?
– Жалпы қай бағытта кетіп бара жатқанынан хабарым бар, бірақ бәрін назарда ұстаймын деп айта алмаймын. Кейінгі жылдары шыққан фильмдерден маған ұнағаны – «Салам, Нью-Йорк». Режиссері Руслан Акунмен жақында таныстым. Ол – қолынан іс келетін, талантты, болашағынан үміт күттіретін жігіт. Бірақ соңғы картинасына айтар сыным бар…
Бізде сын жоқ. Ең өкініштісі – осы. Телевидениеде де, радиода да, адамдар арасында да… Біздің қоғамға кәсіби сын міндетті түрде керек. Адамдар тек қана мақтау ести бермеуі керек. Ал қазір бәрі өздерін мақтағанды ғана жақсы көреді. Құлақтары соған үйреніп қалған. Елдің бәрі алғашқы фильмдерін таспалап, оған ит пен мысықты, қыздарды түсіріп біткен күннен-ақ «Оскар» сыйлығынан үмітті. Бүгінде барлық фильмдерді, жақсы-жаман, лайықты-лайықсыз деп бағаламастан, «Оскар» сыйлығына жібере беретін болыпты. Бұлай кете берсе, шынайы сапалы, таланттың қолынан шыққан туындыны ешкім көрмейтін де болады. Себебі «Оскар» комитетіндегілер «А-а, мынау әлгі ұсақ-түйек фильмдерін жібере беретін қырғыздардыкі ме?» деп, қосып қарамастан, лақтыра салады. Ертең сол қоқысқа лақтырылып кеткендердің қатарында хас туынды да болуы мүмкін. Сөйтіп, лайықты фильмге обал жасаймыз.
– Қырғызстандық режиссер Садық Шер-Нияздың «Құрманжан датқа» фильмі қазақстандық көрерменнің есінде…
– Ол төрт жыл түсірілді. Бюджеті 1 млн доллар.
– Бұл Қырғызстанда фильм түсіруге жеткілікті сома ма?
– Ол – біз үшін қомақты қаржы. Себебі мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Үкімет кинематографияға көңіл бөлуді тоқтатты. Бұл – үлкен қателік. Себебі оқымаған, мәдениетпен сусындамаған, надан халық ешқашан ештеңе тындыра алмайды. Өйткені надандық адамды көр соқыр етеді, орға сүйрейді, бұрыс іс-әрекеттерге итермелейді. Жоғарыдағылар осыны әлі күнге дейін түсінбей отыр. Олар тек өздерінің жағдайын күйттеумен әуре. Бұл психология бастауын ұлы буржуазиялық контрреволюциядан алған. Ол кезде толықтай бір елді жойып жіберді. Қазір оған кінәлілердің кім екенін білеміз… Біздің Ресейдің орбитасында екеніміз түсінікті. Ресейде болып жатқан кез келген жағдайдың жаңғырығы бізге де жетеді. Біз Ресейдің жаңғырығымыз. Ол жақта жағдай нашар болса, бізде екі есе жаман деген сөз.
– Жаһандану заманы киноөндіріске қалай әсер етіп жатыр?
– Жаһандану дегеніміз – трансұлттық корпорациялар. Ол – ұлттық құндылық шекарасынан асып кететін империализм. Неге оған көп адам қарсы? Себебі олар қазіргі жағдайларына, ұлтына қауіп төніп келе жатқанын біледі. Қандай да бір бүкіләлемдік билік пайда болып, өз қалауымен өмір сүргісі келетін халықты жазалайтын болады деп қорқады. Себебі жаһандану кезінде әлемнің барлық байлары халықты құрту үшін бірігеді. Олар үшін халық – өлтіруге, тонауға, қиянат жасауға болатын объект. Фашизм неге қорқынышты? Немістерде Йозеф Менгеле деген дәрігер болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскендерге түрлі тәжірибе жасаған. Оларды ақылдан айырып, жұмыс күшіне айналдырмақ болған. М.Горькийдің «Человек – это звучит гордо» деген сөзі бар. Ал Менгелеге адамның ардақты емес, ит сияқты болғаны керек еді. Итті қанша жерден тепкіге алсаң да, қыңсылап-қыңсылап қояды немесе қашып кетсе де, қайтып келеді. Ал қырғыз-қазақ түсінігінде барлық адам бірдей. Бәріміз бір атаның балаларымыз. Жақсы болсақ та, жаман болсақ та, барлық мәселені бір рудың ішінде шешетінбіз. Себебі көшбасшымыз бар еді. Егер қазір қандай да бір мәселелер туындап жатса, оның бәрі – көшбасшының жоқтығынан. Қырғыз-қазақ түсінігінде осындай көшбасшы, батыр тұлғалар бар. Олар – елінің қорғаны. Ол үшін қолды қанға былғаудың қажеті жоқ. Мысалы, менің Қожомқұл батыр туралы романым бар. Қажымұқан оны шәкірт ету үшін арнайы іздеп келген. Оқиға желісі мынадай: Аштық уақыты. Жеуге жарамдыдан тек шөптің тамыры ғана қалған. Сол кезде бірнеше ауылдың адамдары жүгері жинап, көрші ауылға апарып, ұнын тарттырып әкелуге Қожомқұлды жібереді. Ол кезде тұяқтыдан ештеңе қалмаған. Қожомқұл төрт қап жүгеріні бір қап құрлы көрмей иығына артып алып, 30 шақырым жерге апарып, тарттырып келе жатады. Жолда тамағы кеуіп, шөлдейді. Бір киіз үйді көріп, содан шөлін қандыруға су сұрайды. Сонда киіз үйдегі қария одан кім екенін сұрайды. Қожомқұл өзінің шыққан тегін айтқанда қария олармен жау екенін айтып, су бермей қояды. Қожомқұл кетіп қалған соң, үш ұлына оны қуып жетіп, ұнын тартып алуға, егер қарсылық танытса, өлтіруге бұйрық береді. Үш ұл әке тапсырмасын орындамақ болып, қуып жетеді. Біреуі сойылын сілтей бергенде Қожомқұл шап беріп, тартып алады. Үшеуі қорқып, кері шегінеді. Ашуланған Қожомқұл сойыл­ды сол тұрған бетінде жерге бір соғып, қадап тастайды. Оның күш-қайратына таң болған әрі сескенген ағайынды үшеу сол жерде кері қайтады. Қожомқұл ешқашан ешкімді өлтірмеген. Мықтылығын осылай көрсеткен. Қауіпті екенін ескерткен. Қазақ-қырғыздың батырлары сондай болған еді. Текке күш жұмсамайтын. Сес көрсете білген. Осының бәрін жаһандану жұтып барады. Бұл кинода да көрініс беріп жатыр. Себебі еркін халықтың киносы да еркін болады. Кино – ұлттың даму деңгейін көрсететін өлшем. Ал шынайы кинематографияны тек экономикалық, өндірістік тұрғыда дамыған елдер ғана емес, рухани дүниесі дамыған халық жасайды. Мысалы Қазақстанды алайық. Былай қарасаң, экономикасы тұрақтанып келеді, өндірісті жолға қойған, жерасты байлығы бар. Енді кинематографияны дамыту керек. Надан адамдар: «Кино керек емес, «киношниктер» ұлтты адас­тырады, бұзады» дейді. Бұл дұрыс емес. Хас өнер, сол өнерді жасаушы Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сынды үлкен адамдар ұлтқа тек жақсылық әкелуді ғана көздейді. Ешбір ұлы тұлға ұлтына ешқашан жамандық жасамайды. Оларда ерекше көзқарас, ерекше тәжірибе, ерекше сезім бар. Олар әрқашан сүттей ұйыған, әділетті қоғам құруды қалайды. Әділетті қоғам дегеніміз әлеуметтік ұйымдардың арасында қарама-қайшылықтың аз болуы. Егер әлеуметтік ұйымдардың арасына қасақана от жақсақ, одан жақсылық шықпайды. Ал ұлтына пышақ алып жүгіретін, қастандық жасайтын, ұлтын сататын адам ешқашан ұлы тұлға бола алмайды.
– Қазір Қырғызстанда ел арқа сүйейтін сондай тұлғалар бар ма?
– Біз өмір сүру салтын өзгерттік. Менталитетіміз өзгеріске түсті. 150 жыл отар ел болдық. Совет идеологиясынан өттік. Бірақ кез келген адамнан тұлға көруге талпыну, сондай ірі адамдарды іздеу біздің генетикамызда қалып қойды. Әлі де Манас батыр сияқты адамдардың болғанын қалаймыз…
– Манас батыр демекші, «Манасчи» деген фильміңіз бар. Тұңғыш фильміңіз. Ол қалай түсірілген еді? Жалпы КСРО кезінде фильм қалай түсірілді?
– «Манасчиді» осыдан 54 жыл бұрын түсірдім. Ол кезде ерке едім. Мектеп бітірген соң бірден Мәскеудегі С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтына түстім. Менімен бірге оқуға түскен жастардың көпшілігінде, тіпті 95-98 пайызының кәсіби білімі бар еді. Мысалы, менің бөлмелесім балық аулайтын сейнердің капитаны болды. Ал мен әлі өмір көрмеген, піспеген баламын. Мектеп партасынан кеше шыққанмын. Сөйтіп жүріп дипломдық жұмыс ретінде «Манасчиді» түсірмек болдым. ­«Манас» жыры менің жүрегімде бұрыннан бар болатын. Есімде, кішкентай кезімде әкем кітабын әкеліп берген еді… Сөйтіп, алғашқы түсірілім жұмыстарын ­Чолпон-Атада бастадым. Онда 1916 жылғы оқиғаны көрсетемін. Сол кезде қалай аман қалғаныма таңғаламын… «Қараш-Қараш оқиғасын» түсіргенімде де… Сол жолы Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетке хат келіпті. Бас редактор маған оқуға берді. Оқыған соң, жаман күй кештім. Егер 37-жылға тап келгенімде атылып кетер едім. Мені жас болған соң ғана аяды. Ол кезде 25-26 жаста ғанамын. Кейін «Қазақфильмге» келгенде өндіріс цехының басшысы сұқ саусағын көтеріп: «Сіз, жас жігіт, кімнің шығармасына ауыз салып отырғаныңызды білесіз бе? Біздің ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің!» деді. Мен оның саусағына қарап отырдым. «Білесіз бе, Мұхтар Омарханұлы бұл хикаяны жазғанда 26 жаста еді. Мен де бұл фильмді түсірген кезде 26-да болатынмын. Осы шығарманы араға тура қырық жыл салып, экранға шығару менің маңдайыма жазылған» дедім. Солай «Қараш асуындағы атыс» түсірілді.
– Сол фильм арқылы қырғыз киносына Сүймөнкул Чокморов сынды актерді әкел­діңіз. Бұл қалай болған еді? Сұхбат­та­рыңызда «Мен Чокморовтың әкесімін» деп айтасыз…
– «Қараш-қараш оқиғасындағы» Бақтығұлды ойнауға сом денелі, мығым, қара күштің иесін іздедім. Себебі ол – еркіндікті аңсайтын, намысшыл қазақ. Інісі Тектіғұл Сәлмен деген байдың кесірінен қайтыс болғанда кек алмақ болып, Сәлменнің жылқысын ұрлайды. Сәлмен осы жағдайды біліп, Бақтығұлды сабайды. Ал көмек сұрап барған Жарасбай уақыт өте келе оны сатып кетеді. Оған шыдай алмаған Бақтығұл Қараш асуында Жарасбайды атып тастайды. Осындай қарапайым хикая. Бірақ бұл хикаяда халықтың тарихы жатыр. Бір ғана Бақтығұл мен Жарасбайдың арасындағы оқиғада байлар мен кедейлердің образы жинақталған. Ол кезде большевиктер бай-манаптарды қанаушы тап қылып көрсетті. Әлеуметтік тартыс деген осы. Бірақ әлеуметтік тартыс деген басқа да, ұлттық тартыс деген басқа. Екеуін шатастырмау керек.
Осы күрделі образды алып шығатын адам мен білетін актерлердің ішінде болмады. Сөйтіп, амалсыздан «Алғашқы ұстаз» картинамда ойнаған Болот Бейшеналиевті сом тұлғалы батыр етіп шығару үшін жаттығу залына ертіп апардым. Бірақ жаттықтырушы үш айдың ішінде оның дене тұрқын мен қалағандай жасап шығару қиын болатынын айтты. Үмітім үзіліп, енді не істерімді білмей, екеуіміз қайтып келе жатқанда көшеде кесек денелі жігіт кездесе кетті. Түр-тұлғасы дәл мен іздегендей. Болоттың танысы болып шықты. Саякбай Каралиевтің портретін салу үшін суретін іздеп жүр екен. Менде бар еді. Бірақ суреттерді студиядан келіп алып кетуін айттым. Сүймөнкул студияға келгенде Бақтығұлдың рөлін ойнауды ұсындым. Ол үзілді-кесілді бас тартты. Таңғалдым. Елдің бәрі киноға түскісі келеді. Ал бұл қаламайды… Бірақ ойлана келе, көнді. Сөйтсем, Сүймөнкулды бір кездері «Ленфильмге» шақырған екен. Онда үш күн жұмыс істеп, ештеңе шығара алмапты. Режиссер «Ешқашан артист бола алмайсың» деген екен. Осы сөз оның жүрегінен өтіп кеткен. Сағын сындырыпты. Ал мен сол сөзді жоққа шығарып, Чокморовтан актер жасап шығару үшін бір жыл «алыстым». Ол бұл туралы фильмді түсіріп біткенде ғана айтты.
– Сіздің фильмдеріңіз цензураға қан­шалықты ұшырады?
– Әр фильмім шыққан сайын 30-40 ескерту алатынмын. «Қараш асуындағы атыс», «Ақ кеме», «Арланның апанын» мик­роскоппен қарады… Бір жағынан цензура да керек. Себебі барлық тыйымнан ­аттап кеткен картиналарды көргенде жағаңды ұстайсың. Мен шетелге жиі шығамын. Сонда байқағаным, қазір елдің бәрі Батысқа еліктегіш. Бірақ қырғыздардың да өз көзқарасы, ­танымы бар ғой. Бізде ашкөздік жоқ. Біздің ұлтымыздың негізгі ерекшелігі де осында. Біз ешқашан карикатура жасамаймыз.
– 1983 жылы түсірілген «Арланның апаны» фильміңізді бір жыл ішінде 22 миллион адам көрген екен. Оның жетістігі неде болды?
– Ол фильм киноайналымда болған алты жыл ішінде 100 миллион доллардан көп табыс тапты. Бірақ маған одан айтарлықтай ештеңе берілген жоқ. «Кино генералы» деген погон, медаль таққанымен, 7500 рубль қаламақы берді. Ол кезде ақша реформасы жүріп жатқан. Ресейдегі бір қонақүйге барғанда бір стақан шайға 7500 рубль сұрады. Менің қаламақыммен бірдей!..
– Сол фильмге түскен Кененбай Қожабековтің биыл 90 жылдығы…
– Ол ғажайып адам еді. Алматыда «Қараш асуындағы атыс» фильмінің тұсау­кесері болғанда Кененбай келе алмаған еді. Сосын жігіттер мені оның үйіне ертіп апарды. Кененбайды «Қыз бен жігіт» фильмінен білетінмін. Сымбатты, атқа отырысы қандай!.. Бірақ өзін көргенде жүрегім ауырды. Арбаға таңылған екен. Соған арнап сценарий жазғым келді. Бұл тілегімді өзіне айттым. Арада 10 жыл өткенде Кененбайды ойнатуға болатын материал қолыма түсті. Бірақ «Қырғызфильмнің» көркемдік кеңесі мүгедек адамды ойнатуға қарсы болды. «Одан да дені сау біреуді арбаға отырғызып ойната сал» деді. Ал біз бәрібір Кененбайды ойнаттық. Оны төрт адам қонақүй мен түсірілім алаңының ортасында алып жүрді, себебі ол кезде мүгедектер арбасы өте ауыр болатын. Кененбай бұған қатты ыңғайсызданды. Оны күту үшін өзінің тілегі бойынша алыс туысқанын алдырттық. Кино жарыққа шыққан соң, Алматыға келгенде кездестік… Сол кезде Кененбай маған сол туысқаны туралы шындықты айтты. Ол темекі шегіп, түтінін Кененбайдың бетіне үрлепті. Жезөкше әкелген… Кененбай сондай қылықтарына төзген. Бұл туралы неге сол кезде айтпағанын сұрадым. Егер сол кезде білгенімде мен оның көзін құртар едім. «Ол үшін ұялдым. Өзім шақыртып алғаннан кейін, не істерімді білмедім» деді.
Кененбайдың мүгедектер арбасына қалай таңылып қалғанын естігенмін. Бір қызды көше бұзақылары зорламақ болғанда араша түскен екен. Сонда басбұзарлардың бірі арқасына пышақ сұғып алыпты. Содан кейін жұлыны зақымданып, өмір бойына арбаға таңылып қалды. Соған қарамастан ол нағыз артист қалпын жоғалтқан жоқ. Өмірден өтер алдында мені іздеген екен. Ол кезде мен елде болмадым. Қайтып келгенімде өте кеш болып кеткен екен. Ғажайып адам еді…
– Шыңғыс Айтматовпен жақын араласқаныңызды білеміз. Оның туындыларын экранға алып шықтыңыз…
– 10-сыныпта оқып жүрген шағым. Ол кезде өзімше заманауи жастардың қатарынан едім. Біздің әдебиетке сынай қарайтынмын. Сонда анам: «Сенікі дұрыс емес. Бізде нағыз талантты жазушылар бар» деп бір газетті берді. Онда Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» шығармасы басылған екен. Оқып шыққан соң, керемет әсерде болдым. Бірден қолыма қалам алып, сценарийін жазбақ болдым. Әкем соны байқап, мені Шыңғыс Айтматовпен таныстыруға Жазушылар одағына ертіп апарды. Менің жазушымен алғашқы кездесуім осылай басталды. Оның төрт шығармасын экранға шығардым. Ол ешқашан ешкімді ренжіткен емес. Қанша танымал болса да, өте ұялшақ еді. Егер біреу ренжітсе, «Мөмөлүү даракка таш ыргытуу», яғни «жеміс беретін ағашқа тас лақтырады» дейтін. Сабырлы еді. 1956 жылы «Жәмилә» деген шығармасы жарыққа шықты. Сол кезде біздің жазушылар ол туралы неше түрлі әңгіме айтты. «Лениндік сыйлықты кімге берді? Күйеуі майданда жүргенде қайдағы бір қаңғыбас қазақпен байланысқан жезөкше туралы жазған адамға ма?» десті. Бұл бір сұмдық еді. Бірақ Айтматов олардың біреуіне ­назар аударған жоқ. Оның шығармалары қарапайым бақташы, шабан, табыншы, қарапайым қыз туралы болатын. Сол шығармалар қаншама таралыммен шығып, қаншама тілдерге аударылып жатты. Ол прозаның ақыны еді. Ойына түскенін қағазға түсіргенше асығатын. Сондай адамның уақытында бағаланбай қалғаны жаныма батады. Себебі ол ­Нобель сыйлығына лайықты жазушы еді. Бірде жабық бөлмеде отырып, уақыт өлтіру үшін кітап сөресінен кез келген кітапты алып, оқымақ болдым. Қолыма Габриэль Гарсиа Маркестің «100 жылдық жалғыздық» романы түсті. Оқып шықтым. Тағы оқыдым. Кешіріңіздер, бірақ «бұл Айтматовтың маңайына да жолай алмайды ғой» деген ойға қалдым. Маған Маркестің оқырмандары ренжімесін, әрине… Бірақ Айтматов тек шындықты жазды. Ол аңғал адамдарды, мал соңында жүрген жандарды жазды. Өзі бір таудың етегінде туып-өссе де, халқына сондай ұлы шығармаларды қалдырды. Егер ол бізге неге керек, неге жақсы көреміз десек, біз оны қарапайымдылығы үшін жақсы көреміз. Себебі ол, қайталап айтамын, патшалар мен хандар туралы емес, партия хатшылары туралы да емес, қарапайым адамдар туралы жазды. Бірақ оның қаламынан шыққан сол қарапайым адамдар партия хатшыларынан да жоғары тұрды.
Бірақ Нобель комитеті – ағылшын тілді немесе испан тілді әлем. Ал орыс әдебиетінен Бунин, Бродский, Шолохов лауреат болды. Бродский түрмеге отырған адам. Егер Айтматов түрмеге отырғанда алар ма еді? Бірақ ол жанжал іздемейтін. Танымал болу үшін бәріне даяр адамдар бар ғой. Айтматов ондай емес еді. Тәрбиелі еді. Бірақ жұрт оны басқаша түсінді. Бір сыншы маған: «Сендердің Айтматовтарың Орталық комитеттің оң жағында отырып алып, сол жағындағылардың өзіне қол соққанын қалайды. Қу» деген еді. Жоқ, бұл оның табиғаты еді. Атақ-даңқ қуған жоқ. Тіпті өзінің танымалдығы үшін ұялатын. Ол біздің қырғыз-қазақтың менталитетін сақтаған адам. Бәрімен тең сөйлесетін. Қырғыз-қазақтар болашақпен өмір сүргенді жақсы көреді…
– Көркем шығарма қалай киноға айналады?
– Көптеген адамдар тек оқиды. Бірақ оны экранға қалай шығаруға болады? Себебі әдебиет пен кинематография екеуі – екі бөлек стихия. Атлант мұхиты мен ­Жерорта теңізінің суы сияқты араласпайды. Бірақ біз осы екеуінің ортасындағы аудармашылармыз. Біз әдебиетті киноға айналдыруымыз керек. Себебі сен оқымайсың, көресің және естисің. Бұл – бір. Екіншіден, көптеген адамдар әдебиеттің «қулығын» түсінбейді. ­Талантты жазушы ешқашан шығармасын толықтай, бүге-шігесіне дейін түсінікті етіп жазбайды. Ұлы шығармалардың барлығы түсінікті емес, онда оқырманның қиялына мүмкіндік берілген. Онда құпия бар, жұмбақ бар. Оны әр жасыңда оқыған ­сайын, өмірлік тәжірибе «багажың» байыған сайын басқаша түсінесің. Міне, бұл – ұлы ­туынды. Ол ешқашан қартаймайды. Ол әр ұрпаққа, әр жасқа әртүрлі әсер етеді. Фильм туралы да осылай деуге болады. Бірақ бір өзгешелігі бар. Әсересе Голливуд киносы. Олар шығарманы толықтай бермейді. Комикс түрінде ғана ұсынады. Мысалы, кітапта 2 бет болған оқиға кинода небәрі 3 кадрға сыйып кетеді.
– Әңгімеміздің басында «Қазір қолжазба жазудан қолым босамай жүр» дедіңіз. Не туралы жазып жүрсіз?
– Уақыт туралы, өткенім туралы. Себебі қырғыздар ештеңе білмейді. Ештеңе оқымайды. Дайын асқа тік қасық болып отыр. Дайын ас деп отырғаным – көк жәшік. Ол бәрін жалаңаштандырып, бізді надан етіп жатыр. Рухани құлдыратып жатыр. Себебі биліктегілер оларға сондай тапсырма берген. «Халықтың ойын өзгертіңдер» дейді. «Бір ақымақтан халықтың батырын жасаңдар» дейді. Бітті, сосын телевидение де, газет те соны мақтап жазады. Себебі халықты қайда айдасаң, сонда жүретін қой көреді. Ал бұл – қылмыс. Себебі ұлт ең қолайлы режімде дамуы керек. Ол кідірмеуі керек, балшыққа батпауы керек. Бұл – өмір. Біздің балаларымыз, немерелеріміз бізден жақсы болуы керек. «Ақ қағаздан пұл шығады, атасынан баласы қиын шығады» дейді біздің қырғызда. Қазақша айтқанда «атасынан озып туады».
Бізде бұрын аспан, жер, өзен, тау, сүйген жар мен ұрпақ бар еді. Балаларымызды жақсы азамат қылып тәрбиелегеніміз мақтанышымыз еді. Тойға баратынбыз. Жайлауға көшуіміздің өзі той еді. Ең әдемі киімдерімізді сандықтан шығарып, киетінбіз. Алаңсыз едік. Өмірдің қызығы сондай еді. Ақсақалдарымыз да ақылды еді. Бұл – қырғыздың әлемі еді. Жеке. Біз осылай туған едік. Кейін әскерилер келді. Бізді жабайы көретін. «Аборигендер, сендер басқа да өмір бар екенін білесіңдер ме? Бір ағашқа екі ішек деген не? Ол мәдениет емес. Мәдениет деген – оркестр… Тас үй тұрғызу керек» деп, бізді қаруларымен түртпектеп жүріп, өзгертті. Енді біз қырғыз болғанымыз үшін ұялатын болдық. Бұл санамызға сіңіп қалды. Біз ұлтымыздың ішінде, этносымыздың ішінде жанасу нүктесін таба алмай отырмыз. Әділетті өмірді құра алмай отырмыз. Бұл – отарлық сана. Біздің генофондымызды құртты. Осы туралы жазып жатырмын. Жалпы алғанда отарлық сананың рудименттері туралы…
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *