Қазақ әдебиетін әлемге танытатын жол

591

Алматыда «Ұлттық кітапхананың» Н. Дәулетова атындағы залда Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басып шығарылған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты кітап сериясының тоқымқағары өтті.

Тоқымқағар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ел тарихы мен халықтың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарау мүмкіндігі назарда болатын  жаңа «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында үндестік табады.

Кітап сериясында қазақстандық заманауи жазушылардың 9 шығармасының ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі  аудармалары ұсынылған. Олар С. Елубайдың «Ақ боз үй», К. Салғаринның «Қазақтар», Д. Исабековтың «Қарғын», Қ. Жұмаділовтың  «Дарабоз», О. Сүлейменовтің «Язык письма: Взгляд в доисторию о происхождении письменности и языка малого человечества», Б.Нұржекеевтің «Әй-дүние-ай», Ш.Мұртазаның  «Бойтұмар», М. Әуезовтің «ГЛАВПОЧТАМТ», Ш. Күмісбайұлының «Балалық шақ — балдәурен» шығармалары.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:

-Бір халықтың шығармасын, екінші халыққа таныстыру өте дұрыс. Бірақ, күдігіміз де жоқ емес. Жазушыны жазушы аудару керек деп ойлаймын. Ал аудармашылардың бәрі жазушы емес. Бұл кітапты аудару Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатыр. Оған кешегі, «Ұлы даланың жеті қыры» қосылып отыр.

Елбасының жазған мақалалары өліп жатқан, түк үндемей жатқан тарихшыларды, зиялы қауымды оятқысы келеді. Бірақ, оянбайды. Неге оянбайды, білмеймін?!.. Ең бірінші біздің зиялы қауым ояну керек, сонда халықта  оянады.

Жазушылар ерекше шығармашылық өрлеуді және мемлекет тарапынан қолдауды тәуелсіздік алған тұстан бастап сезінді, дәл осы кезеңде үлкен көлемде қазақ тарихы, мықты әрі қарқынды дамып келе жатқан еліміздің қалыптасуы туралы шығармалар жазылды. Тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің дамуына үлес қосқан жазушылар-Ә.Нүрпейісов, О.Сүлейменов, Қ. Жұмаділов, Ш. Мұртаза, Д. Исабекова, Б. Нұржекеұлы, Қ. Салғарин, М. Әуезов, С. Елубай және балалар жазушысы Ш. Күмісбай және т.б.
Қазақстанның халық жазушылардың шығармашылық мұрасына, шын мәнінде әлемдік әдебиеттің баға жетпес жауһары ретінде қарауға болады.
Олар өз шығармаларында ұлттық мәдениеттің көне деректеріне назар аударады, әр түрлі дәуірлердегі қазақ тарихының көркем бейнесін көрсетеді, сондай-ақ мәңгілік рухани құндылықтарға мықты көзқарас туғызады. Бұл тұлғалардың шығармаларымен еліміздің жас буындары отансүйгіштік, өз халқына деген махаббат пен бейбітшілікті бағалау рухына тәрбиеленеді.
Тәуелсіз Қазақстан халқының арманы мен үмітінен туындаған тарихи романдар оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Аталмыш  авторлардың шығармалары  түрлі әлем халықтарының тілдеріне аударылған.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты кітап сериясына әдебиет пен өнер саласында түрлі сыйлықтар иеленген ең танымал жазушылардың шығармалары және балалар жазушысы  Ш. Күмісбайұлының «Балалық шақ» шығармасы іріктелініп алынған.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

-«Қазақ әдебиетін әлемге таныту»,- деген идея осыдан 5-6 жыл бұрын «Пен-клубта» басталған еді. «Пен-клуб» 5 жазушының шығармасын аударып та үлгерді. Соңында қаржы таба алмағандықтан, қиыншылыққа ұшырап, ол бір қасіретке ұшырап кетудің алында тұрды. Кейінірек, Президентіміздің нұсқауыменен, ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен, «Ұлттық кітапхананың» іске асыруымен біз тұңғыш қазақ әдебиетіннің алты тілге аударылу жобасының жемісімен танысып отырмыз. Бұл жерде тағы бір мәселе шыға келеді. Аударылған кітаптардың қаншалықты сапасы бар екенін біз білмейміз. Менің кітабым — испан тілінде аударылып, жарыққа шықты. Біз мұны жақсылыққа жоримыз, жақсы шығар деп ойлаймыз. Қаншалықты жақсы аударылды ма, жақсы шығарма болды ма, оны испан тілді оқырмандарымыз ғана бағасын береді.

Мен бұл кітаптарды әлемнің жетекші кітапханаларына таратылып қана қоймай, интернетке салу мәселесін ұсынамын. Мәселен, Amazon халықаралық электрондық саудамен айналысатын компаниясымен байланыс орнату керек. Ол біздің еңбектерімізді бүкіл әлемге танытады. Әрине, біздің елшіліктерде кітапхана болуы керек. Елшіліктер ылғи да өздері тұрып жатқан жерде мәдени-әдеби қауыммен байланыс орнатып, қолдарына біздің аударылған кітаптарды беріп, пікірлерін біліп отыруы тиіс. Келесі ұсыныс әдеби агенттермен жұмыс жасауды бүгіннен бастау керек. Бізде әлі күнге дейін осы жұмыс қолға алынбай келеді.

Шәкен Күмісбайұлы, балалар жазушысы:

-Қазақтың өзі балалар әдебиеті туралы аса ойланып жүрген жоқ. Біздің Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиетіне көңіл бөлсе деп ойлаймын. Біз өз басымыз жүгіріп жүріп «Дарабоз» деген байқауды ұйымдастырдық. Бүкіл 800 жазушының ішінде бар болғаны, 30-ға жуығы ғана балалар жазушысы. Менің кітабым, қытай тіліне аударылды дегенде таң-тамаша болдым. Мұның өзі де, аз да болса, қамқорлық.

ҚР Ұлттық кітапханасы бастамашы болған жобаны жүзеге асыру механизмі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы, сондай-ақ сериялық басылымды шетелдік кітапханаларға, 24 мемлекетте ашылған қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтарына, сауда желілеріне сыйға беру арқылы қазақстандық әдебиеттерді жылжытуды ұсынады. Аталмыш кітап сериясы Қазақстанды халықаралық кітап және полиграфиялық кітап жәрмеңкелерінде лайықты түрде таныстыра алады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(суреттерді түсірген автор)




5 thoughts on “Қазақ әдебиетін әлемге танытатын жол

  1. Lyazzat

    Бір халықтың шығармасын, екінші халыққа таныстыру өте дұрыс.

  2. Айнаш

    Біздің Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиетіне көңіл бөлсе деп ойлаймын.

  3. Самал

    Біздің жазушыларымыздың еңбегі бүкіл әлемде танылады деп үміттенемін!

  4. Молдир

    Прошла очень эффективная встреча и обсуждались актуальные вопросы

  5. Марал

    Заинтересовали, хочу ознакомиться с трудами наших писателей

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *