Тарих — ұлттың жады

260

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында  көтерілген мәселелер мен жобалардың қай-қайсысы болсын, біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне сүйенеді.

Бұл стратегиялық мақала ұлтымыздың  тарихын  түгендеп, Ұлы Даланың  әлем мәдениеті мен өркениетіндегі  өзіндік орнын түсінуге, санаға сіңіруге  шақыра отырып,  тарихымызды  зерделеу, сараптау арқылы  оны терең түсінуге, жаңғыртуға және жаңа көзқараспен тануға бағыт-бағдар береді. Өйткені, тарих — ұлттың жады. Өз тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды.

Елбасы алға қойған міндеттерді,  ұлттық тарихымызға деген мақтаныш, құрмет сезімді қалыптастыру, оның маңызын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу үшін төл тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды жете насихаттау және зерттеу маңызды, бұл бағытта Ұлттық кітапхананың қосатын үлесі орасан зор.

ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында біраз жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, әлем жұртшылығына тарихи-мәдени қазыналарымызды таныстыру мақсатында, қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетелде насихаттау жұмыстары барысында әлемдік кітап көрмелері-жәрмеңкелерінде қазақтың ақын-жазушылары еңбектері  ұсынылып,  сондай-ақ,  шетел  оқырмандары үшін  әлемнің ұлттық кітапханаларында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары ашылды. Сонымен қатар, «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет»
жобасы аясында қазақстандық тоғыз автордың еңбектері Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдеріне — ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріне аударылып, жарық көрді. Олар: С. Елубайдың «Ақ боз үй», К. Салғаринның «Қазақтар», Д.Исабековтың «Қарғын», О. Сүлейменовтің «Язык письма: Взгляд в доисторию о происхождении письмен­ности и языка малого человечества», Б.Нұржекеевтің «Әй-дүние-ай», Ш.Мұртазаның  «Бойтұмар», М.Әуезовтің «ГЛАВПОЧТАМТ», Ш.Күмісбайұлының «Балалық шақ — балдәурен» шығармалары.  Бұл басылымдар кітапхананың әріптестеріне, соның ішінде шетел ұлттық кітапханаларына,  елшіліктерге және т.б. таратылатын болады.

Қоғамның рухани дамуына өзіндік үлес қосып отырған Ұлттық кітапхана Елбасының мақаласын қолдай отырып, алға қойылған тарихи міндеттерді  орындауға  атсалысады.

Аян Жолдасов,

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Баспасөз хатшысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *