ОТЫРАРДА ДІН МЕН ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ШАРА

334

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының аудан, қалаларында ұйымдастырылып жатқан  «Дәстүрлі құндылықтар керуені»  мәдени-рухани көшпелі жиыны Отырар ауданында жалғасын тапты.
Тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты жан-жақты ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге насихаттық топ мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Жиынды аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашып, Елбасымыздың жуырда ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен дәстүрлі Жолдаулары жөнінде баяндады.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсеткен Ұлт Көшбасшысының терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы қалың бұқараны ерекше серпілтіп тастады. Тылсым тарихтың жеті қыры өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге, оның күрмеулі түйінін шешуге жол ашты, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тура жолға бастаған дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді құрметпен қарауға шақырды.
Ұлы даламыздың ғаламат мәдениеті мен дініне, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауи, оның ұстазы Арыстанбаб бабаларымыздың  ізгі жолынан бүгінгі ұрпақ адаспауы тиіс.
Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз мемлекетіміз тұрақтылық пен тыныштықты, діни өзара түсіністік пен татулықты ту етіп, бағдарлы болашаққа қадам басып келеді»,- деді аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы.
Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайындалған бейнероликті тамашалаған жиынға қатысушылар дін, мәдениет жайлы ақпараттар алмасып, пікір бөлісті.
Шара барысында діни ағым жетегіне ермеу, тарихи құндылықтарға құрметпен қарау, отбасы татулығы мен баянды болашағы, ұрпақ тәрбиесі жөнінде кеңінен сөз болып, қариялар да өз ақылдары мен ойларын бүкпесіз ортаға салды.
Бүгінгі таңда бақытты отбасын сақтап қалу ең бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиесі мен саналы жауапкершілігіне тікелей байланысты болса, ақылды, санасы сергек ұрпақ өсіріп жетілдіру де еліміздің кемелді келешегі үшін ең басты үлес екендігі де айтылды.
Отырыс барысында облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Мәди Әбзелбекұлы, Отырар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбековтер бабалардан мирас болып қалған дәстүрлі құндылықтар мен асыл дініміз ислам жөнінде ойларын ортаға салды.
Тәрбие мен тағылымға толы кездесулер бұған дейін де ауданда тұрақты түрде ұйымдастырылып келген. Елге белгілі ақын-жазушылар,  абыз ақсақалдар және ақ жаулықты аналармен кездесіп, сыр-сұхбат алмасу, өмірі мен өнегесіне үңіле отырып, даналық пен ізгі жолды насихаттау шараларының  берері мол болғандықтан үнемі жалғасын тауып отырмақ.
Бүгінгі құндылықтарды сақтай отырып келешекке мирас етуге, туған жер мен елдің қадір-қасиетін арттырып, сырына үңілуге шақырған жиынды қорытындылаған аудан басшысы Айтаханов:
— Келелі кездесудің мәні мен мағынасы, бүкпесіз айтылған ойлар, қариялар ақылы жастар үшін ерекше құнды мағлұмат.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»,-деп дана халқымыздың тәрбиелі құндылықтарының маңыздылығы да отбасы мен ұрпақты, ел мен жерді сыйлаудан көрініс табады. Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа дұрыс жол көрсету. Бүгінгі  ізгілікті шарада ой бөлісіп, өз салалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген қонақтарға алғысымды білдіремін, — деді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *