Сенат үш жылдық республикалық бюджет жобасын қарады

1544

26 қарашада Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Бұл туралы ПарламентСенатының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019 – 2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қабылдады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің шешіміне сәйкес Ұлттық қордан 2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2019 жылға – 2 450,0 млрд. теңге, 2020 жылға – 2 300,0 млрд. теңге, 2021 жылға – 2 000,0 млрд. теңге болып айқындалды.

2019 – 2021 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің айқындалған мөлшерлері Ұлттық қордағы қаражаттың тиісті қаржы жылының соңына ішкі жалпы өнімнің болжамды мәнінен 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді.

Заңды қабылдау бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ үш жылдық кезеңде мұнайдан тыс тапшылықты төмендетуге мүмкіндік береді.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов сенаторларға «2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.

Баяндамашы атап өткендей, бюджет жобасы мынадай үш негізгі міндеттерді шешуге: кез келген экономикалық конъюнктура кезінде қабылданған әлеуметтік міндеттемелерді орындауға; 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру шеңберінде жеті басым реформаны орындауға; Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға бағытталған.

«2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістер болжамы (трансферттердің түсімін ескермегенде) 6 809,7 млрд. теңге сомасында айқындалды, бұл 878,7 млрд. теңгеден асып, ағымдағы жылдың бағалауына 114,8 %-ды құрайды.

2020 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістер болжамы (трансферттердің түсімін ескермегенде) 7 382,0 млрд. теңге, 2021 жылға –8 024,7 млрд. теңге сомасында айқындалды.

Трансферттер түсімі 2019 жылға 2 843,9 млрд. теңге, 2020 жылға – 2 602,7 млрд. теңге, 2021 жылға – 2 315,1 млрд. теңге сомасында көзделеді.

2019 жылы республикалық бюджет тапшылығы 945,4 млрд. теңге мөлшерінде белгіленді, бұл ЖІӨ-ге шаққанда 1,5 %-ды құрайды, 2020 жылы – 997,7 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге шаққанда 1,4 %-ды, 2021 жылы – 936,7 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге шаққанда 1,3 %-ды құрайды.

2019 жылға Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжамы мұнайды өндіру көлемі 88,0 млн. тонна, мұнайдың әлемдік бағасы 1 баррельге 60 доллар және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 350 теңге болуы ескеріле отырып есептелген.

Заң жобасын талқылау барысында Сенаттың комитеттері мен депутаттарынан заң жобасына мемлекеттің тыныс-тіршілігінің түрлі салаларына қатысты өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар келіп түсті.

2019 – 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтылануына байланысты үшжылдық бюджетке жоспарланатын түсімдердің сомасы 70,3 млрд. теңгеге, оның ішінде 2019 жылы – 22,4 млрд. теңгеге азайды. Сондай-ақ бюджеттік кредиттерді өтеудің жоспарланатын сомасы 2019 жылы 0,2 млрд. теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар бюджет тапшылығының сомасы 33,6 млрд. теңгеге ұлғая түсті.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтылануы ұлттық қорға түсімдердің болжалды сомасының өзгеруіне ықпал етті. Мұнай бағасының 1 баррелі 60 АҚШ долларынан 55 АҚШ долларына дейін күтілетін төмендеуі есебінен 2019 жылы түсімдердің 137,7 млрд. теңгеге азаюы күтілуде.

Шығыстарды ұлғайту жөніндегі ұсыныстардың тұтастай алғанда

150,6 млрд. теңгесі, оның ішінде 2019 жылы 50,5 млрд. теңгесі қолдау тапты.

Отырыста Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина қосымша баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың биылғы 19 қарашада сот жүйесін жаңғырту және ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау үшін республикалық бюджет жобасында 123, 8 млрд. теңге, оның ішінде 2019 жылға 34,1 млрд. теңге сомасында қосымша қаражат көзделгенін атап өтті.

Одан басқа, депутаттардың ұсыныстары мынадай бағыттарды қаржыландыру мәселелерін көздейтіні айтылды:

— Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарын газдандыруға жалпы сомасы 7,8 млрд. теңге, оның ішінде 2019 жылға – 3,8 млрд. теңге;

— Ақмола, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарының ауылдық елді мекендерін сумен жабдықтауға жалпы сомасы 5,9 млрд. теңге, оның ішінде 2019 жылы – 3,7 млрд. теңге;

— Ұлттық ұланның авиация базасын салуды жалғастыруға 2019 жылы сомасы 1,3 млрд. теңге;

— Павлодар облысының Баянауыл ауданын электрмен жабдықтауға 2019 жылы сомасы 1,1 млрд. теңге;

— «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жарғылық капиталын қалыптастыруға және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бюджетін ұлғайту бойынша қосымша жобаларды қаржыландыруға үшжылдық кезеңде жалпы алғанда 2,2 млрд. теңге;

— сот жүйесін жаңғыртуға және Шекара қызметінің объектілерін күрделі жөндеуге үшжылдық кезеңде жалпы алғанда 1,9 млрд. теңге және тағы басқа салалар бар.

Сенаторлар үкімет мүшелері мен Ұлттық банкінің басшылығына көптеген сауалдар қойып, бюджет үдерістерін жетілдіруге байланысты өткір сын-ескертулері мен маңызды ұсыныстарын айтты. Еліміздің премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, ұлттық экономика министрі Тимур

Сүлейменов, қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев жоба бойынша қажетті түсініктеме берді.

Талқылауды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев үш жылдық бюджетте Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сапасын жақсартуға байланысты тапсырмаларын орындау көзделіп отырғанын атап өтті. Ол Сенат депутаттары көтерген өзекті мәселелерге Үкімет мұқият назар аударып, олардың оң шешімін табу бойынша кешенді жұмыс жүргізетініне сенім білдірді.

Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Сенат Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттаманы ратификациялады.

1963 жылы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенция әуе кемесінің бортында жасалатын қылмыстар мен өзге де актілерге қатысты юрисдикцияны мемлекеттердің жүзеге асыруы тәртібін белгілейді. Әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың немесе мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар мен актілерді жасайтын адамдарға қатысты әуе кемесі командирінің өкілеттіктері айқындалды.

2014 жылы 4 сәуірде Монреальда қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттама уағдаласушы мемлекет, егер ол әуе кемесін пайдаланушы болып табылса, әуе кемесінің бортында жасалған қылмысқа қатысты өз қылмыстық юрисдикциясын белгілей алатынын реттейді. Қазіргі кезде бұл Конвенцияға 186 ел қосылып отыр.

Хаттамаға сәйкес әуе кемесіндегі күзет қызметкері, экипаждың кез-келген мүшесі немесе жолаушы командирдің рұқсатынсыз ақылға қонымды алдын-алу шараларын қолдана алады.

Әуе кемесінің командирі аумағында әуе кемесі қонатын кез келген уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарына әуе кемесінің бортында

қылмыс болып табылатын акт жасады деп пайымдауға негіз болған кез келген адамды бере алады.

Отырыста сондай-ақ Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама да ратификацияланды.

Конвенцияның негізгі мақсаттары Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті анықтау, әуе кемелерін заңсыз басып алуға бағытталған қылмыстық әрекеттер бойынша қатысушы мемлекеттердің юрисдикциясын белгілеу болып табылады.

Хаттама қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы ұшырып әкетудің алуан түрлерін қоса отырып, әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің тізімін кеңейтеді. Қылмыстың жетекшілері мен ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ құқық бұзушыға тергеуден, қуғындалудан немесе жазадан құтылып кетуге талпыныстарына көмектескен адамдарға жауаптылық белгіленеді.

Конвенция мен Хаттаманы ратификациялау Қазақстанның өзіне алған міндеттемелерін адал орындауын, сондай-ақ терроризммен күрестің жаһандық жүйесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Отырыс барысында сенатор Бірғаным Әйтімова тарихи қорымдарға қазба жұмыстары туралы, Сәрсенбай Еңсегенов төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру туралы сауал жолдады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *