Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы: ӘДЕБИЕТ – өнер атаулының атасы

326

– Аға, биыл 75 жастың жотасына көтеріліп отырсыз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Оралхан Бөкейдің Шерхан Мұртазаға: «Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» деп жазғанындай, осы асудан өткен жолыңызға, кешкен ғұмырыңызға көз салыңызшы. Нені көресіз? Қандай қимас сәттер есіңізге түседі?
– Баланың қай жылағаны есіңде қалады? 75-ке келгенше талай нәрсе көрдік. «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұрғанда Шерхан Мұртаза редактор, Тельман Жанұзақов орынбасары, Қалдарбек Найманбаев жауапты хатшы екен. Газеттің сол кездегі құрамы әлемнің ең мықты футболшыларынан жиналған құрама командадай мықты болды. Фариза Оңғарсынова – Батыс облыстардың, Ақселеу Сейдімбеков – Орталық Қазақстанның, Мұхтар ­Шаханов – Оңтүстік облыстар бойын­ша, Байтұрсын Ілияс – Солтүстік облыстар бойынша меншікті тілші еді. Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, ­Марат Қабанбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Әнес Сараев және тағы да басқа мықты қаламгерлер де сол жерде екен. Қызметімді корректор ретінде бастадым. Тельман аға: «Корректор болғаныңа ­намыстанба. Бұл үшін өмір бойы рақмет айтасың. Жазып отырғаныңның дұрыс-бұрыстығына ешқашан күмәнданбайтын боласың. Шығып жатқан мақалалардың барлығын оқып, кімнің стилі қандай екенін білесің. Соның бәрін аңғарып, бір дәптер арнап, өзің бұрын естімеген сөздеріңді жазып қой, керек болады» деді. Корректор болып бір жыл істедім. Кейін хатшылыққа ауыстым, бөлім меңгерушісі болдым. Ұзын-ырғасы тоғыз жыл сол газетте жұмыс істедім. «Летучка» сайын кімнің қалай жазатынын талқылайтынбыз. Сол кезде қызарып отырмау үшін жазған тақырыпты игеруге, сөйлем-сөзден қате жібермеуге тырысатынбыз. Журналистикадағы, жазушылықтағы ең үлкен мектебім «Лениншіл жас» газеті деп есептеймін.
Шерхан аға қатал болатын. Қояр талабы да биік еді. Кемшілігіңді бетіңе айтады. Бірақ ол кісі кадр таңдауға, газетті бірден өзгертіп жіберуге мықты болды. Жазушылар одағына ауысқан кезде орнына Сейдахмет Бердіқұлов келді. Ол Еуропаға қараған, көп саяхаттайтын кісі еді. Көзі тірісінде футболдан әлем чемпионаттарының бәріне қатысты. Тақырып қою, материалдың берілу тәсілі жағынан бізге еркіндік берді. Бірақ «Лениншіл жас» – комсомолдың газеті. Сол себепті белгілі бір жастан асқан соң онда жұмыс істей алмайсың. Жасымыз сол шекке тақағанда Жазушылар одағына ұйымдастыру жөніндегі басқарма басшылығына ауысып кеттім. Кейін Маңғыстауға партия газетіне жіберді. «Лениншіл жаста» еркін сілтеп үйренген маған партия газетінің талабы қиынырақ тиді. Жазу қасаң болды. Саясат қой. Оның үстіне «Насихат және үгіт» бөлімін басқардым. Мен сияқты Қазақстанның әр қиырынан қыз-жігіттер келді. Бір үйдің баласындай болып кеттік. Темірхан Медетбек деген ақын «Мәдениет және өнерді» басқарып отыр екен. Қарамағында Мырзағали Іңірбаев бар. Марқұм Гүлсім Сейтжанова «Партия» бөлімінде жұмыс істеді.
Бір қызығы, біз көшкенде Алматы аш отырған. Бұл 75-жылдар. «Орталық ­гастрономнан» бастап, барлық дүкендерде еттен шошқаның басы, үйрек, хек деген балық қана болды. Ал Маңғыстауда жағдай басқаша екен. Қазіргі күні дүкендер қалай жайнап тұрса, олардың дүкендері сол кезде сондай аста-төк болып тұрды. Себебі Мәскеу бұл қаланы қамтамасыз етті. Халықты тарту үшін жағдай жасады. Оған дейін Шевченко Гурьев-21 деген жасырын атпен тұрыпты. Ол жерден уран мен мұнай өндірді. Сонда Каспий аймақтық тау-кен металлургиялық комбинатының (ПГМК) қаладан 7 шақырым жерде орналасқан 4 фабрикасының мұржасынан түсі әртүрлі түтін шығып жатады: қып-қызыл, алқызыл, сарғыш…
Әлі есімде, Сарықамыс деген жерге іссапармен жіберді. Оған поштаның жұрт «кукурузник» атап кеткен ұшағымен жеттік. Барсам Мәскеуден комиссия келіп, бүкіл басшылар жиналысқа кетіп қалыпты. Қайтайын десем, ұшақ жоқ. Теміржол 90 шақырым жерде. Оған қарай жол да жоқ. Тек «Урал» сияқты әскери машиналар ғана жүре алады. Сөйтіп, қонақүйге орналастым. Бірақ таңнан кешке дейін ұшақ күтеміз. Аңызақ жел бір толастамайды. Сол кезде Талдықорғаннан құдалардың алдына жығылуға барған 5-6 кәрі-құртаң кісілер де ұшақ күтуге келеді. Күтіп отырып-отырып қайтамыз. Ана кісілер қоштасып шыққан құдаларының үйіне амалсыз қайта барады. Солай үш күн өтті. Бір күні үйленген жігіттің әкесі ашуланды. Алматыдағы тоспадағы судай іркіліп қалған қаншама қыздың біреуін алмағанына кейіп, ұрысты. Ертеңінде тағы да аэродромға барғанда, ауыл басшылары келіпті. Жағдайымызды білген соң поштаның машинасымен теміржолға жеткізіп тастады. Теміржолдан пойызға отырып, Шевченкоға келдік. Сол сапарымнан «Айдан алыс Сарықамыс» деген мақала жаздым, бірақ партия газеті оның «Лениншіл жастың» стилінде жазылғанын айтып қабылдамады. Оларға өздері сұрағандай цифр, фактіден тұратын 4 беттік құрғақ материал жазып бердім. Ал «Айдан алыс Сарықамысты» «Лениншіл жасқа» жібердім. Ол толықтай жарияланды.
– 90-жылдары «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігін құрғандардың бірісіз. Вице-президенті болдыңыз. Сол кезде қазақ тілінің жағдайы қандай болған еді? Қазір ол қаншалықты өзгерді?
– 86-жылғы көтерілістен кейін ­Колбин бюро шақырып, онда бір хатшыға аудандағы қазақ тілінің жағдайы туралы баяндама жасатуға тапсырма берді. Сөйтсе, қуып жүріп сөйлесуге орысы жоқ, бар болса да, қазақша сөйлейтін Кеген ауданының бірінші хатшысы Бексырға Данышпановты шақырыпты. Сол Бексырға: «Біздің ауданда ондай мәселе жоқ. Бір ғана орыс мектебі бар. Ісқағазды қазақ тілінде жүргізуге ресми түрде рұқсат берілген. Мені шақырғандарыңызға таңғалып тұрмын» депті. Сонда академик Әбдуәли Қайдаров та хатшыны Өскемен, Солтүстік Қазақстан сияқты тіл мәселесі ушыққан өңірлерден емес, Кегеннен шақырғаны дұрыс болмағанын айтыпты. Сонда ол кісіге: «Қайдаров мырза, сіз тек тіл білімі институтының директоры емессіз, компартияның да мүшесісіз. Сұрақты дұрыс қойып отырған жоқсыз. Ол үшін партия билетінен айырылуыңыз мүмкін» депті. Ә.Қайдаров: «Ана тілімнің алдында мен партия билетін өткізуге дайынмын» деген екен. «Қазақ тілі» қоғамын құру идеясы осы Әбдуәли ағамыздан шықты. Басы-қасында болып, Орталық Комитетке барып жүріп ашты. Президенті болды. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданып, 1990 жылы М.Әуезов атындағы драма театрында республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтай жиналысы өтті.
Біздің аяққа тұрып кетуімізге ­Балташ Тұрсынбаев деген азамат үлкен көмегін тигізді. Ол кезде вице-премьер және Ауыл шаруашылығы министрі еді. Өзі Солтүстік Қазақстаннан. Ресейде туып-өскен қазақ. Қаладағы Ленин сарайында, қазіргі Республика сарайында алғашқы айтыстардың бірі өтті. «Қазақ тілі» қоғамы жүлде тағайындап, соны тапсыруға Өмірзақ Айтбаев екеуміз шықтық. Сонда Ө.Айтбаев: «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына жеті айдың жүзі болды. Басында әлі үйі жоқ. Үйі болмаған соң күйі де жоқ. Бәріміз академия терезесінің жақтауын пайдаланып, жазып жүрміз. Бізге үйдің де керегі жоқ, қазақтың көк аспаны – үй, қазақтың кең даласы – пана» деп сөйледі. Соны Балташ Тұрсынбаев теледидардан көріп, ертеңінде Ә.Қайдаровқа хабарласыпты. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасына шақырған. Үшеуміз бардық. Балташ Тұрсынбаев келді. Жанында нөкерлері бар. Кірдік. Министр облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысын шақырып, қай қабатты босатып бере алатынын сұрады. Басқарма басшысы күмілжіп еді, сұрағын қайта қойды. Сөйтіп, тоғыз қабатты ғимараттың алтыншы қабаты тұтастай «Қазақ тілі» қоғамына берілді. Б.Тұрсынбаевтың тапсырмасымен мәселе бір аптаның ішінде шешіліп, барлық керек-жарағымыз түгенделді. Біздің қоғамға қарайтын «Ана тілі» газеті бірден жарыққа шықты. Газеттің тұңғыш редакторы Жарылқап ­Бейсенбаев болды. Мен вице-президент ретінде газеттің кураторы болдым. Жарылқап газеттің таралымын көбейтіп, ол Үкі­метке көшкенде «ҚазТАГ»-тың бас редакторы қызметіне ауысты. Ол «Ле­нин­шіл жаста» менің қарамағымда 4 жыл жұмыс істеді. Өте еңбекқор, ізденімпаз жігіт. Өмірі өтірік айтпайтын. Қисық жүрісі жоқ, адамды алаламайды. Жазуын біраз түзеттім. Сөйлемдері жарты бетті алатындай шұбалаңқы еді. Соның бір сөйлемінен төрт сөйлем жасап беретінмін. «Журналистика – көркем шығарма емес. Құлағыңа екі адамның қылыштасып жатқанын елестетші. Сөйлем мен сөйлем сол сияқты қысқа болып, шақ-шұқ етіп, дәлме-дәл түсіп тұру керек» дейтінмін. Өзі деректі дүниеге әуес. Әнеу күні көне түріктер туралы кітабын оқыдым. Америкадағы үндістерді «су қатқан кезде бір бұғаз арқылы өтіп кеткен азиялықтар» деп дәлелдеп кітап жазыпты. Жазуы керемет! Сол сияқты Несіп Жүнісбаев, Жақыпжан Нұрқожаевтың да жазуын түзеттім.

Азаматтың суреттері
Азаматтың суреттері

– Тіл мәселесіне оралсақ…
– «Қазақ тілі» қоғамының бірінші күнінен бастап жұмыс істедім. Сол жылдары Премьер-министр Ұзақбай Қараманов қол қойған «Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытудың 2000 жылға дейінгі бағдарламасы» қабылданды. Оны Президент бекітті. Бірақ ұшқарылау бағдарлама болып шықты. Өйткені ол бойынша 2000 жылы бүкіл Қазақстан қазақша сөйлеп кетуі керек еді. Біз әлі күнге дейін сөйлей алмай жүрміз. Бір-ақ қадам ілгері жылжыдық. Одан кейін екі бағдарлама қабылданды. Олар да іске аспады. Себебі «балық басынан шіриді». Жоғарыда Ресейден жасқану, солардың қас-қабағына қарау бар. Өзіміздің ішімізде отырған орыстардың ықпалы бар… Басқа ұлт аузын ашпайды, қайта осында аман-есен жүріп жатқандарына рақмет айтады. Ал түрік, күрттер қазақша үйреніп алған. Арасында депутат, диктор болып жүрген қыз-жігіттер де бар. Елге «үйрен» дей бергеннен, осындай үлгіні көрсеткен тиімді. Кемшілік өзімізден, қазақтың өзінен.
Биік кабинеттердегілердің жиналысты арасында бір орысы жоқ болса да орыс тілінде өткізуі әлі қал­май келеді. Соларға қарап басқа министр­ліктер, облыс, аудан – бәрі солай жал­ғастыра береді. Біз алдымен орыс тілін қосарладық. Кейін ағылшын тілі қосылды. Кезінде «Араб тілінің классикалық әліппесін 1-сыныптан бастап енгізейік» деген де бастама көтерілген. Сол кезде дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған Дін басқармасынан мамандарды, Алтынсарин академиясынан мұғалімдерді, профессорларды, академиктерді шақырып, мәселе көтердім. Сөйтіп, араб тілін енгізу науқаны тоқтады.
Енді тіл үйренгісі келетіндерге жаңа әліппе кедергі болады. Себебі қазақша үйренгісі келмей үй айналып қашып жүрген министрлер мен басқа да орынтақта отырғандарға «Біз әліппені үйренеміз бе, жоқ қазақ тілін бе?» деген сылтау табылып тұр. Сонымен, қазақ тілінің дамуы өте ұзаққа созылады.
Біз төменнен жоғарыға қарап, солар не айтса соны істеп үйренген халықпыз ғой… Мысалы, Америка, Еуропа елдерінде ондай емес. Өйткені оларда жағдай жақсы. Қолдары ауыздарына жетіп отыр. Жұмысы бар. Бүкіл құқығы қатаң сақталады. Біздегідей жең ұшынан жалғасқан қулық жоқ. Кеңсеге келдің бе, шаруаңды заңды тұрғыда бітіріп, кете бересің. Біздегідей астарлап сөйлеп, «Бұл қиын, менен де жоғары кісілер бар. Ол кісілер қалай қарайтынын білмеймін» деп жұқалап-жұқалап ақша алып қалмайды. Бұл – біздің қазақтың басына тазкепеш болып киілген ең үлкен қасірет. Коррупция халықтың мінезін өзгертті. Қазақ бұрын жағымпаз адамды жек көретін, қазір ол қалыпты жағдайға айналып кетті. Одан құтылмай, қазаққа жақсылық жоқ.
Мен мектеп бітірген жылы Алматыға көшіп келдік. Екі жыл құрылыста қара жұмыс істедім. МГУ-ға оқуға түскенмін. Бір күні Мәлік Мұқанов деген жігіт екеумізді министрдің орынбасары шақырды. «Бізден қателік кетіпті. Философия факультетінде оқу үшін не партияға үміткер, не партия мүшесі болу керек екен» деді. Ол кісілердің жалған сөйлеп тұрғанын, іздеушісі, сүйеніші жоқ бізді әдейі шеттетіп тұрғанын айтқанымызда, алдымен ашуланып: «Сендерге мүлдем оқу жоқ» деді. Кейін «1-сентябрьде оқуға келіңдер. Қай факультетке түсетіндеріңді шешеміз» деді. Айтқан уақытында келсек, екеумізді орыс филологиясына жазып қойыпты. Лекцияның бір сөзін түсінсек, екі сөзін түсінбейміз. Сөйтіп жүргенде, 1-курс­тан кейін Қиыр Шығысқа әскерге алып кетті. Ол кезде соғыс жылында туған балалар жетіспей, барлық әскери кафедраларды жауып тастаған еді. Сонда тайганың ішінде Америка мен Жапонияға қарап стратегиялық зымырандар тұратын. Оны Тынық мұхитының жағалауында сынақтан өткізетін. Зымырандардың дәлдігі сондай, 2000-3000 шақырымға ұшқан кезде ары кетсе 30-35 метрге ғана ауытқиды. Арасында дивизияның штабындағы кітапханаға бардым. Орыс, француз, батыс классикасы – бәрі тұр. Үш жыл құр жатпай, шетінен алып оқи бердім. Көзім ашылды. Орыстың «Война и мир» романын төрт рет бастап, төрт рет тас­тап, жүріп бітірдім. Өйткені Л.Толстой көп жағдайда французша жазады да, ­аудармасын береді. Кейіпкерлерді бірден шашып жібергенде, кімнің кім екенінен адасып қаласың. Бірақ ­«Толс­тойды оқымай, орыс филологы бола алмаймын. Өлсем де оқуым керек» деп өзімді қамшыладым. Сол кітаптар әлі күнге дейін азық болып келеді. Әскерден келген соң баспада жұмыс істедім. Бізге алып келген қолжазбаларға сол кітаптардың деңгейімен қарасам, бұрын жарты құдайдай көрген жазушыларым көз алдымда төмендей бастады…
Қазір әдебиет әбден құлдырап кетті. Ол кезде кітаптар 30 мың таралыммен шығатын. Бір жазда сатылып кететін. Кітапты іздеп жүріп оқитындар көп еді. Үйге том-том кітап жинау сән болатын. Қазір ондай жоқ. Бірақ кітап ешқашан қалмайды. Жақсы кітап қолыңа түссе, жұмыс қысып бара жатса да, оқуға ыңғайын табасың. Сондай кітап ­сиреген. Бүгінде жаппай тарихты, өткен ғасырды жазу етек алды. Мүмкін, сондай кезең шығар… «Рухани жаңғыру» деген бағдарлама бар. Ол, әрине, қазақ үшін жасалып жатқан дүние деп ойлаймын. Бірақ соған үстірт қарап, даңғаза іс-шаралармен соны атқарып жатырмыз деп ойлайды. Олай емес. Театрды салғанмен, оның ішінде рухани дүние болмаса, астық сақтайтын қамбамен бірдей.
94-жылдары Қажыгелдиннің тұсында мәдени ошақтардың қызметін үйлестіру туралы қаулы шықты. Сонда он мыңдай кітапхана жойылып кетті. Ауылдағы клуб, мәдениет үйлері, дүкендер – бәрі жекешелендірілді. Алматыдағы екі «Академкнига» дүкені де сатылды. Қазір ондағы кітаптардың 99,9 пайызы – орыс тіліндегі кітаптар. Ал қазақша кітаптар босағаға таяу кішкене сөреде тұр. Олар – бата беру, қазақтың ырымдары сияқты этнографиялық тұрғыдағы әркім өз күшімен, өз ақшасымен шығарған кітаптар. Сосын әл-Фарабидің бойындағы «Книжний городок»-қа бардым. Үш-ақ қазақша кітап көрдім. Олар да – академиялық стильмен жазылған танымдық кітаптар, көркем шығарма емес. Ал біз жазған кітаптар саудаға түспейді. Жаңа заман келгелі бір кітап сатылған жоқ. Өзі 2000 таралыммен шығады да, Қазақстандағы кітапханаларға жеткенше таралады. Ол кітап қай кітапханаға түсті, қай жерде тұр, қашан келді, ешкім білмейді. Тым-тырыс. Сондықтан «Рухани жаңғыру» кезінде осындай кемшіліктерді түзету керек. Қазақ кітаптарының дүкенін салу керек. Анау «Академкнигаға» 10 кітап апарып бердім. Директорымен сөйлесіп, кітаптың сатылу тәртібін сұрадым. Кітап 1 ай тегін тұрады екен. Сол уақытта сатылып кетпесе, ары қарай тұрғаны үшін ақша төлеу керек. Бір айдан кейін барсам, үш кітап қана өтіпті. Біздің жағдай – осы. Ал орыстың кітаптары бір жыл болсын, екі жыл болсын, тұра береді. Сонымен халық жазушылардың атын да ұмыта бастады. «Халық кітап оқымайды» дейді. Жоқ болса, нені оқиды?
Біз балалар әдебиетін жоғалтып алдық. Балалар оқулықтан тыс бір нәрсе оқуы керек қой. Кезінде Жазушылар одағының ішінде «Балалар әдебиеті» деген бөлім бар еді. Сонда Мұзафар Әлімбаев бастап, Қастек ­Баянбаев, Ескен Елубаев сияқты мықты-мықты адамдар сол саланы алып жүрді. Жыл қорытындысы бойынша жеке пленумдарда балалар әдебиеті деген баяндама жасалатын. Қазір ол жоқ. Себебі жазатын адам жоқ. Қазір мектеп оқулықтарын ашып қарасаң, ­Ыбырай Алтынсарин, Қастек Баянбаевтың өлеңдері ғана бар. Себебі бұрынғы өлеңдерде «Ильич», «Көсем», «Ленин», «СССР» сияқты сөздер бар. Олар бүгінгі заманға келмейді. Көштен қалып қойды. Ал жаңа тақпақтар жоқ. Оны жасау оп-оңай. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі Жазушылар одағымен шартқа отырады да, барлық атаулы күндерге арналған тақпақтар, жай қара сөзбен жазылған қысқа-қысқа әңгімелер жазуға тапсырма береді. Қазір шығып жатқан «Ұлан» газеті сияқты басылымдарда балаларға арнап жазып жүрген қыз-жігіттер бар кезде, солар әдебиеттен кетіп қалмай тұрғанда осындай ақылы тапсырма берілсе, олар бір айдың ішінде үйіп жазып тастайтын еді.
– Кезінде жаңа шыққан кітаптар ­туралы сыншылар баспасөзге пікірін ­жазып, баға беретін. Оқырман содан көріп, іздеп жүріп оқитын. Қазір сол әдеби сын бізде бар ма?
– Әдеби сын да балалар әдебиеті сияқты жоғалып кетті. Өйткені жаңа шыққан кітапты қайдан алып оқитыныңды білмейсің. Кітап жоқ. Жоқ кітапты кім іздеп жүр осы күнде? Қазір ел нан, ақша іздеп жүр. Бүгінде биліктің әдебиетке деген көзқарасы өзгерген. Кітапты кітапхананың бұрышына көрінбейтіндей етіп қырынан жинап қою – жақсы пиғыл емес. Бұл туралы жиындарда айтып жүрмін. Әдебиет – өнер атаулының атасы. Опера болса да, оның либреттосы бар. Сондықтан кітап түзелмей, басқасы түзеледі деп ойламаймын. Кезінде Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет болды. Кітап шығарумен, сатумен айналысатын. Бүкіл баспа соған қарайтын. Сол комитетті қайта ашу керек. Қазір жазушылар кітабын өз ақшасына шығарып, үйінің бір бұрышына үйіп қойып жатыр. Жақында Рафэль Ниязбеков бір бөлмесін ашып көрсетті. Кітаптарының бәрі сонда тұр. Қолтаңбасын қойып, шетінен таратып жатыр. Алғандар көрімдік деп 1000 теңге тастап кетеді екен. «Көрімдік болса да, сатып жатыр екенсің ғой» деп әзілдеймін. Көптеген авторлардың жағдайы – осы.
Әлемдік экономикада «Кез келген еңбектің ақысы төленуі керек» деген заңдылық бар. Ол – адамзат тарихымен ілесіп келе жатқан қағида. Ал біз газет-журналдарға қанша материал берсек те, бір тиын алып көрмедік. Ал ол – еңбек. Сол себепті әр газет көлеміне, сапасына қарай қаламақы қойып отырса, материал да үйіліп түсер еді. Ақысы төленбесе, жазуға талпыныс болмайды. Ал жазушыларға төленетін қаламақы көлемі тіпті күлкілі.
– Екі бірдей роман жазып жатқа­ныңызды естідік. Олар не туралы?
– Сіз бен біздің тәуелсіздік алғаннан бергі көрген өмірімізді айна-қатесіз жазып отырмын. Оның ішінде бастықтарға жақпайтын сәттер өте көп. Бірақ көзім көріп отырып мен жазбасам, сен жазбасаң, қашан ол нәрсе түзеледі? Сондықтан жазу, айту – парыз. Біздің қолымыздан келетін нәрсе – сол. Құдай денсаулық берсе, биыл бір кітапты бітіруге тырысамын. Екіншісін орысша жазып отырмын. Ол келесі жылға қалады. Жас та келді. Көз, денсаулық деген күн өткен сайын кеміп барады. Содан кейін жазуды саябырлататын шығармын деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *