«Телепорт 2» телехикаясы көрерменге жол тартты

337

Егер сізге өткен ғасырдағы ата-баба дəуіріне оралуға мүмкіндік туса, оны қалай қабылдар едіңіз? Ерте замандағы тарихи ортаға лайық əрекет етесіз бе, əлде заманауи қалпыңызды сақтайсыз ба? Осындай ойда жоқ оқиға қазақ телехикаясы қоржынына қосылған жаңа телесериал кейіпкері Айнұрдың басынан өтеді. Шытырман оқиғалар мен қызыққа толы жаңа телетуынды 3 желтоқсаннан бастап НТК арнасынан көрсетіледі.

Желтоқсан айының алғашқы күні «Керемет» СҚКО кинозалында «Aray Media Group» продакшн студиясы мен режиссер Қанағат Мұстафиннің бірлескен жобасы «Телепорт 2» телехикаясының көрсетілімі өтті. Кездесуді ұйымдастырған əл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы.

Кинотуындының алғашқы маусымы «Телепорт» деген атаумен Астана қаласында түсірілсе, «Телепорт 2»-нің түсірілім жұмыстары əл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында жəне Алматы облысы аймағында жүргізілген. Телехикая желісі бойынша, Айнұр есімді 3 курс студенті күндіз қалыпты жағдайдағы өз өмірін сүргенімен, түнде түсінде ежелгі Отырарға моңғолдардың шабуыл жасайтын тарихи маңызды сəтіне тап болады. Телехикаяны жасаушы шығармашылық топ комедиялық сипаттағы туындыға ел тарихында орын алған жағдайдың оқиға желісін арқау ете отырып, телехикая арқылы бүгінгі жас ұрпақтың санасына ұлттық болмыс пен идеологияны сіңіруді мақсат етеді. Демек, мақсат тарихты айту емес, тарихи оқиғаны негізге ала отырып ұлттық болмысты аша түсу. Бұндай тəжірибе кинематография тарихында көптеп кездеседі. Мəселен, бір ғана «Иван Васильевич меняет профессию» кинокомедиясын алыңыз. Небəрі 20 күннің ішінде түсірілген 12 сериялы телехикая жайлы толығырақ шығармашылық топ әңгімелейді.

Қанағат Мұстафин, қоюшы режиссер:

— 20 күннің ішіне бəрін сыйдыру үшін жұмысты алдын-ала жоспарладық. Түсірілім кезіндегі ең маңызды дүние барлық əрекетті алдын-ала дұрыс жоспарлау. Одан кейінгі мәселе командалық жұмысқа байланысты. Мен бұл командамен 10 жылдай уақыт бірге жұмыс істеп келемін. Олар өз ісінің мамандары. Сондықтан  бізде түсірілім барысында қиындықтар болған жоқ.

Алмас Әлімжанов, «Aray Media Group» директоры:

— Бүгін біздің үлкен еңбектің жемісін көріп отырсыздар. Тікелей тапсырыс берген Ақпарат жəне коммуникация министрлігі. Дүйсенбіден бастап НТК телеарнасынан көрсетіледі. Бастапқыда арна бізге телехикая тілі жайлы 50 де 50 деп талап қойған болатын. Бірақ біз қоймай таласып жүріп, 10% орысша, 90% қазақша түсіреміз деген тілегімізді орындадық.

Фархат Əбдрайымов, жобаның атқарушы продюссері:

Мен Қанағатпен төрт картинада бірге жұмыс істедім. Ал, «Aray Media Group»-пен алғашқы жобамыз. Кино болсын, телехикая болсын, түсірілім алаңындағы жұмыс барысы бірдей  ғой. Продюсер де, режиссер да, актерлар да аз қаражатқа үлкен жұмыс атқарғанына риза болдым.

 

Жазира Еркін, басты рөлді сомдаушы актриса:

Продюсер мен режиссер маған сенім білдіріп рөлді тапсырғандары үшін алғыс айтамын. Жалпы, түсірілім жұмыстары аса ауыр болған жоқ. Тек Шымкенттік қыздың диалектілері қиындық туғызды. Ал, өзіме жүктелген рөлді алып шықтым деп ойлаймын. 

Бақыт Тұшаев, актер:

— Бірде таңғы сағат 6-дан съемка басталады. Теледидардың дауысын басып қойып, Головкиннің жекпе-жегіне алаңдап отырдық. Түсірілім жақсы жалғасып жатқан кезде Головкин рингке шықты. Ол жеңіліп қалып еді, образдың да сыйқы кетті. Түсірілім кезінде түрлі қызықтар болады. Басты айтпағым, Американың киноларында олар бүкіл əлемді құтқарып жатады. Осы тұрғыдан келгенде, біздің кино өндірісіміз енді жолға қойылып келеді. Идеологияны саясатпен ғана емес, осындай кинолармен де жүргізуге болады. 

     

Кинокөрсетілімді тамашалауға жобада жұмыс жасаған шығармашылық топ жəне ұлттық университеттің студенттері қатысты. Көрсетілім соңында Əл-Фараби атындағы Телерадиокешенінің директоры Дəурен Мақсұтханұлы шығармашылық ұжымды құттықтап, оларға алғыс хаттар табыс етті.

Гаухар Түстікбаева, 

«Қазақ газеттері» ЖШС




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *