«Туған жерім» атты XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті

177

4 желтоқсанда Елбасы кітапханасында «Туған жерім» XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасы кітапханасы ММ баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен 2005 жылдан бастап «Балалық шақтан көзқарас» жобасын жүзеге асырып келе жатқан ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырды.
2018 жылы Елбасы кітапханасының жаңа жобасы – балалар шығармашылығын және қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы іске қосылды. Жоба «Рухани жаңғыру» атты Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын қолдай түсті. Бағдарлама Қазақстанның барлық аймақтарында қосымша білім беру ұйымдарына баса көңіл бөлуге шақырады. Бағдарламаның алғашқы жылында Елбасының кітапханасы музейінің көрмесіне Семей, Павлодар, Шымкент және Екібастұз қалаларындағы балалар көркемсуерт мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылды. Астананың 20 жылдығында «Туған өлкем» бағдарламасының барлық көрмелері елорда мерейтойына арналады. Көрме нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздік жұмыстармен қатар, сайысқа қатысқан әр мектептің үздік оқытушысын анықтады. Төрт көрмеге түрлі техника мен жанрда орындалған 300-ге жуық жұмыс қатысты. Олардың үздігі Назарбаев орталығы ғимаратының қорытынды көрмесінде ұсынылды.
– «Туған жерім» республикалық конкурсының жеңімпаздарымен Елбасы кітапханасында Тәуелсіздік күні қарсаңында қауышу – үлкен қуаныш. «Балалық шақтан көзқарас» жобасы мен «Туған өлкем» республикалық бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырудың да қуантарлық жағдай екенін айта кеткен жөн. Осы орайда әріптестерімізге, ұстаздар мен оқушыларға атқарылған ортақ жұмыс үшін үлкен алғыс айтамыз. Келер жыл жаңа кездесулер мен тың көрмелерге толы болмақ. Дарынды жастарымыздың жұмысы ұсынылған бүгінгі көрме олардың шымылдығын ашқалы отыр, — деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
«Туған жерім» халықаралық балалар шығармашылығының байқауы 2004 жылдан бастап Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіліп келеді. Аталмыш жобаны Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық бастамаларын қолдау жөніндегі «Байта» қайырымдылық қоры алға тартқан. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі үйлестіретін конкурсқа көркемсурет мектептерінің, не болмаса бейнелеу өнері үйірмелерінің 9 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылары қатысады. Сайыста үздік атанған жұмыстар 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітананасының төрінде көпшілік назарына ұсынылып келеді.
Көкжиегін кеңейткен шығармашылық байқау бүгінде халықаралық деңгейге шығып отыр. Жыл сайын конкурстың шарттары ұйымдастыру комитетімен жеке келісіледі. Биылғы шартқа сәйкес, тігін өнеріндегі құрақ құрау техникасы негізге алынып отыр. Көрмеде конкурс финалистерінің 50 жұмысы ұсынылған.
Байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына ат салысуымыз алғаш емес. Бізбен жылда ортақ жұмыс атқарып, шығармашылығымызды қолдайтын Елбасы кітапханасына басымызды иіп, Астанадағы Балалар көркемсурет мектебіне алғысымызды айтамыз. Бүгінгі көрмеге көз жүгіртіп, сан алуан техникалардың молшылығына таң қалдық. Мұның бәрі, сөзсіз, балалармен жұмыс істеп жатқан ұстаздардың еңбегі. 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан конкурстың өзі үлкен құбылыс. Аталмыш байқау алдағы уақытта табысты жалғасын таба берсін! – деді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нелли Ширвина.
«Туған жерім» XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен дипломдарды ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нелли Ширвина, Қазақстанның құрақ құрау шеберлері қауымдастығының президенті Тамара Штрошерер, Астана қ. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Гүлзия Исенова, Астана суретшілері одағы басқармасының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір табыстады.
«Туған жерім» XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының ІІІ дәределі дипломымен Алина Жалғасқұлова, Тұмарханым Сұлтанбек, Аида Еркобай, Арайлым Қайролла, Анастасия Боровская марапатталды. ІІ дәрежелі дипломды Асемай Түгелбаева, Малика Дулатова, Балжан Әкімжанова, Зульфия Муфе иеленді. I дәрежелі дипломға Карина Иляхунова, Ақжол Карағұлов, Сағыныш Қайролла, Полина Холевич ие болды. Байқаудың басты жүлдесін Қымбат Тілемісова, Ева Штрошерер, Екатерина Кривилева қанжығасына байлады.
Қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының лауреаттары болып Зухра Тұрсынбекова, Анастасия Прокопцева, Мейраш Асылтасова аталды.
Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов үздік ұстаздар ретінде Жеңіс Мұқышев, Светлан Рейн, Қалия Қарабаева, Ольга Астапенко, Алексей Смирнов сынды суретшілерді марапаттады.
Іс-шараның музыкалық сүйемелдеуіне Астана қ. №1 Балалар музыка мектебінің «Серпер» домбыра ансамблі, Астана, Павлодар, Семей, Екібастұз қалаларынан келген республикалық, халықаралық өнер байқауларының лауреаттары ат салысты.
Рәсім соңында қонақтарға Елбасы кітапханасы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *