Таңғажайып Қытай – Көрікті Синьцзян

183

Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы Елшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырған «Таңғажайып Қытай – Көрікті Синьцзян» атты фото көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин: «Бұған дейін аталған көрменің түрлі топтамалар жинағын көпшілік назарына ұсынған болатынбыз. Көрікті Синьцзян туралы бұл көрме топтаманың алтыншы бөлімі болып табылады. Синьцзян Қытайдың ең үлкен аймағы. Тартымды, аймақтың келбеті көркем, табиғи ресурстарға бай өңір. Бүгінгі көрмеден Синьцзянның даму жолын, түрлі жетістіктерін тамашалауға болады», — деді.
Қытайда жүргізіліп жатқан реформалар мен ашықтық саясатының 40 жылдығы және «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 5 жылдығының құрметіне, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстандағы Қытай Елшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп «Таңғажайып Қытай» фотокөрмелер топтамасын өткізген болатын. Бұл шара аталған топтаманың алтыншы бөлімі.
Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжан Сао: «Бұл көрме «Таңғажайып Қытай» көрмелер топтамасының қорытынды бөлімі. Әр көрме Қытайдың түрлі аймақтарына арналған болатын. Синьцзян Қазақстанға жақын орналасқан. Бұл аймақ екі ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас барысында маңызды рөл атқарады. Көрмеге ұсынылған фотосуреттерде аймақтың түрлі саладағы жетістіктері мен ұлттық тарихи-мәдени мұралары, қоршаған ортаны қорғауға байланысты ерекшеліктері беріліп отыр», — деді.
Синьцзян – Қытайдың ең үлкен аймағы. Бұл өңір кез келген кісіні тамаша табиғатымен тарта түседі. Көрмеге Синьцзян аймағының соңғы жылдардағы экономикалық, құрылыстық, әлеуметтік даму және ұлттық мәдени мұралар салалары бойынша жеткен жетістіктерін көрсететін 100 фотосурет ұсынылып отыр.
Көрме 2018 жылға 31 желтоқсанға дейін жалғасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *