Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

169

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылшаруашылығы аумақтарын дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлайды. 

2017 жылғы 9 қараша күні Челябинскіде қол қойылған қосымша хаттама:

– бірлескен кәсіпорынға кейіннен 4 жылға ұзарту мүмкіндігін ұсына отырып, бүкіл келісімшарт аумағында алты жыл мерзімге қосымша барлау кезеңін беруді;

– 2005 жылғы 6 шілдедегі Өнімді бөлісу туралы келісімде көзделген келісімшарт аумағын ұлғайтуды;

– Өнімді бөлісу туралы келісімге қосымша келісімге қол қою күнін қосымша барлау кезеңінің басталу күні ретінде белгілеуді көздейді.

Осы заң жобасын қабылдау қазақстандық және ресейлік тараптардың уәкілетті ұйымдарына «Құрманғазы» («Құлалы») құрылымының келісімшарт аумағында барлау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімді және 2015 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісім Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағы арқылы озонды бұзатын заттарды өткізуге байланысты қатынастарды реттейді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 1985 жылғы Озон қабатын қорғау жөніндегі Вена конвенциясы және оған 1987 жылғы

Монреаль хаттамасы бойынша халықаралық міндеттемелерін іске асыруға бағытталған.

Келісімді қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жердің озон қабатын қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерінен туындайтын озон бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу, экспорттау/импорттау, сондай-ақ оларды есепке алу бойынша талаптарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екі құжат та Палата қарауына жіберілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *