Дархан Кәлетаев Түркі Кеңесі мемлекеттерінің жастар және спорт министрлерінің үшінші отырысына қатысты

169

5 желтоқсанда Астанада Түркі Кеңесі мемлекеттерінің жастар және спорт Министрлерінің үшінші отырысы өтті. Аталған шара түркітілдес мемлекеттер мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Отырыс жұмысына Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев, ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Қасапоғлы, Қырғызстанның жастар, дене шынықтыру және спорт жөніндегі Мемлекеттік Агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов, Әзірбайжанның жастар және спорт министрінің орынбасары Исмаил Исмаилов қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Дархан Кәлетаев ұлттық тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, болашақ ұрпақтың келешегінің табысы тікелей осы құндылықтарға байланысты екенін атап өтті.

ҚР Қоғамдық даму министрі кездесуге қатысушыларды ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныстырып, түркі әлемі елдері арасында тығыз қарым-қатынас орнамаса аталған мақалада көрсетілген мақсат-мнідеттерден белгілі нәтиже шықпайтынын атап өтті.

Министр елдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі аспектілеріне тоқталып, Түркі кеңесі жастарының ортақ алаңының сәтті жүзеге асуы аталған жұмыстардың тиімді болуына өз септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, министр Қазақстан тарапы Түркі Кеңесі жас көшбасшыларының ІІ Форумын өткізуге дайын екендігін білдірді.

«Жастар жылы қарсаңында бұл отырыс біз үшін өте маңызды. Келесі жылы іс-шаралар өткізуде Түркі кеңесіне қатысушы елдердің қолдауына ие болғымыз келеді. Осылайша, 2019 жылы Қазақстанда Түркі кеңесі жас көшбасшыларының ІІ Форумын өткізуге дайын екенімізді жеткіземіз»- деді Дархан Кәлетаев.

Бұдан бөлек, отырыс барысында ІV Халықаралық жастар лагерін және Түркі Кеңесінің ІІІ Халықаралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі кеңесі қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады, оның басты мақсаты ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *