Қазақстан темір жолының топ менеджерлері ауысты

1572

«Қазақстан темір жолы» АҚ Ұлттық компаниясына Сауат Мыңбаев басшы болып тағайындалғалы айға жуық уақыт өтті. Жаңа басшы көп күттірмеді. Ұлттық компанияның топ-менеджерлерін бірден ауыстырып жіберді.

Желтоқсанның 5-індегі Бұйрыққа сәйкес бес орынбасарын жаңалаған.  Бес орынбасардың үшеуі – мұнай саласынан келіп отыр. Айталық, бірінші орынбасары ретінде тағайындалған Қанат Әлмағамбетов бұған дейін Қазақстан транспортшыларының «KAZLOGISTICS» одағының бас директоры лауазымында болса, корпоративті мәселелер жөніндегі орынбасары болып кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымын атқарған, халық арасында «Патамушто» фразасымен танылған Серік Әбденов те бұған дейін «ҚазМұнайГаз» АҚ» Ұлттық компаниясының вице-президенті лауазымында болған. Дайыр Көшеров қаржы саласы бойынша орынбасарлыққа тағайындалған. Ол «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болған еді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының топ менеджерінің бірі – Ардақ Мұқышев те бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарған. Тек Бауыржан Орынбасаров қана «Қазақстан темір жолының» бұрынғы қызметкері. Ол бұған дейін «ҚТЖ» ҰК»инфрақұрылым жөніндегі жобаларының вице-президенті қызметін атқарса, оның жаңа лауазымы – инфрақұрылым жөніндегі департаменттің басқарушы директоры және «ҚТЖ» ұлттық компаниясының «Магистральды желі дирекциясы» филиалының директоры.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – жаңа заманға сай модернизациялауды талап етеді. Өйткені, соңғы 20 жылда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызмет көрсету сапасы белгілі бір деңгейге көтеріле алмады. Қызмет көрсетудің озық үлгісін жасауға деген талаптары орта жолдан үзіледі. Қалалар арасына қатынайтын жолаушылар пойызының көпшілігі – өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан қалған. Советтің ескі пойыздары әлі күнге дейін қызмет етеді. Рельстер ескірген. Былтыр жолаушылар пойызы апатқа ұшырағанда көптеген мәселелердің беті ашылған еді.

«Қазақстан темір жолына» келген жаңа басшылық, жаңа топ менеджмент тұралап тұрған осы саланs жандандырады деген үміттеміз. Темір жол саласына жаңа бір леп келеді деп сенейік.

Есен Байнұр   




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *