Жастар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы!

722

      Бүгінде «Террорист» деген сөз бүкіл әлемді тітірететіндей жағдайға жеткізді. Өйткені, тыныштықпен енді ғана қауышып келе жатқан жұртымызға бұл аты жаман  ұғымның да ұшқыны жеткен. Алайда адамзат баласының көксегені бейбіт өмір болғандықтан, қоғам да бейжай қарап отырған жоқ. Осы тұста  Алматы қаласындағы Алмалы ауданының Бейсембаева Зәуреш Тұрсынбекқызы басқаратын №34 гимназия ұжымы мен шәкірттері ұйымдастырған берер тәлімі мол шараны ерекше атап өтуді жөн. Ұйымдастырушы мүшелер тәрбие ісінің меңгерушісі Черныш Римма Николаевна және оқу ісінің меңгерушісі Қошқарбаева Әлия Алпысбекованың еңбектері ерекше. Себебі «Біз соғыс пен терроризмге қарсымыз» атты мақсатты ұранды 5-11 сынып оқушылары  нәтижелі жеткізе білді. Шара барысында, шынында да ізгілікті сүйетін, көзі ашық өскелең ұрпақтың барына қуандым. Әдеби-монтажды кеште ерекше үндестік байқалды. Ең бастысы, жаттанды ұраннан жатырқаған шәкірттердің ішкі қалауы көрінді. Атап айтқанда, мәдени кеш үш тұғырлы тілмен жүргізілді, террористік жағдайдың елімізге және әлемге әсер еткен зауалдары бейнежазбалармен көрсетілді, өнерлі шәкірттер экстремизмге қарсы үнді әнмен, өлеңмен тіпті бимен жеткізе білді. Қуантарлығы, экстремизмнің зауалын бәрінен бұрын өскелең ұрпақтың түсінгені.

       Ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» демекші, тәрбие мен білім әрдайым бір-бірінен алшақтамай, қатар жүруі керек. Біздің мүддеміз осы. Шәкірттердің ой өрісін дамытып, оны дұрыс жеткізе білуге баулу, ұйымдастырушылық қабілетін, шығармашылығын әрі қарай жетілдіруге және жан-жақты дамуына, болашақта адам ретінде толық қалыптасуына жағдай жасау негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл шара барысындағы мұғалімдеріміздің айтылған пікірлерінің нақты түйіні. Жалпы жақсы ұрпақ қалыптасу үшін  әуелі оларға әсер етуші орта жағдайы, тәрбиесі, білімі дұрыс болу керек.  Әрине басты рөлде ата-ана. Дегенмен, ақыл-есі толыққан бүгінгі заманның ұл-қызы уақытын көбіне қоғамдық ортада (мектеп, кітапхана, қосымша сабақтар, үйірме) өткізеді. Бұл тұрғыда №34 гимназия  ұжымы мен тәрбиеленіп жатқан оқушылардың алған бағыты дұрыс. Біздің мақсат — жақсының жақсы әрекетін айтып, қоғамдағы ізгілік атты теңізге тамшыдай болса үлес қосу.

        Шара соңы оқушылардың «Дін мен террор егіз емес» деген мақсатты ұрандарымен түйінделді. Сөзімді былайша қорытындыласам: «Еліміз аты жаман апаттардан аман болып, дәйім осылай алдын алатын ұрпақпен санымыз бен сапамыз арта берсін!».

 №34 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Байтелиева Анар Махмтуқызы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *