Қазақша кино көру — менің құқығым. Басқа аргументті білмеймін

1101

Қазақша кино көру туралы айтыла бастаса, қазақтар қазақша кино көрмейді деген кәртейіп бара жатқан аргумент сүйегін сүйретіп жетіп келеді. Келіспеймін.

Екінші бір аргумент — касса. Кинотеатрларға касса бірінші кезекте. Ол бизнес. Қай тілде көп ақша табады, соны қояды. Ұлтқа қарсы еш қастандығы жоқ. Келісемін. Бизнеске бәрібір қай тілде ақша табу. Қай тілде көп табады, бизнесті сол тілде жасайды.

Үшінші — қазақша талап етесіңдер де, олар келмейді. Демек, қазақшаға сұраныс көп деген өтірік. Келісу-келіспеу мәселесі емес. Талқылап көруге болатын аргумент.
Тағы бірнеше орындысы бар, орынсызы бар, аргументтер бар. Өзімше пікір білдіріп көрейін.

1. Қазақша кино көру — бірінші кезекте құқық мәселесі. Мен өз елімде МЕМЛЕКЕТТІК тілде кино көруге толық қақылымын. Касса? Шатағым жоқ. Бизнес туралы ойлауға, бизнестің проблемасы үшін өз құқығымнан бас тартуға құлқым жоқ. Оның үстіне мен білетін кинотеатрларда сеансты қою үшін кемі екі адам керек деген тәртібі бар. Оны мен шығарған жоқпын. Өздерінің ережесі. Ал жалғыз өзім барып, бір өзіме сеанс қойып бер деп ешқашан айтпаймын. Тіпті қазақша көру құқығым содан езіліп қалса да. Кинотеатрдың ол ережесіне түсіністікпен қараймын, қабылдаймын. Иә, бизнестің зиян шеккенін мен де қаламаймын. Бірақ өзің сондай ереже жасадың екен, өзің сақта. Ал менің құқығым сақталуы міндетті. Оның үстіне, ол сенің ережеңе қайшы келіп тұрмаса. Бұл жерде екі жақты бетпе-бет қалдырып, мемлекет тіпті бақылаушы функциясын атқарып отырған жоқ. Өз әлемінде. Жоқ, үкімет қайда қарап отыр деген құрыған байбалам емес. Сабырлы, байсалды сұрақ. Қайда? Заң шығардың, құқық бердің. Енді соның бұзылмауына, сақталуына атсалыс. Азаматтарының құқығы тапталмайтын, бизнес те қатты зиян шекпейтін жолдарды қарастырып, соған бас қатыруы міндетті бірінші тарап сол болуы тиіс. Сонымен, қазақша кино көру — құқық мәселесі. Мемлекеттің оны қалай қамтамасыз ететіні өз проблемасы. Бизнестің кассасын да білмейді екем. Жалғыз компромисім сол — кемі екі адам деген өзі шығарған ережесін қабылдау.

2. Қазақтар қазақша көрмейді, талап етіп шулап едіңдер. Енді қайда ағылып келе салған көрерменің деген  аргументке жауап.
Талап етушілердің біреуінен де келесі сеанстарда мінгесіп отырамыз деп кепілдік берген сөз естіген жоқпын. Бір шумен бәрі орнына тұра қалады деген — топастық. «Мінгесіп» отыру үшін әлі осындай жүз шу керек шығар. Бірте-бірте келетін нәрсе. Ал шу, талап ету — бұл процесті жеделдетуші ғана. Сосын, адамдар қазақша киноға баруы үшін оның жиілігі де маңызды. Жылына қанша дубляждалған кино көресіңдер? Мың? Жүз? Он? Жоқ. Ары кетсе үш-төрт. Бір қазақша мен екінші қазақшаның арасында алдын қазақшаны қай айда көргеніңді ұмытып үлгересің. Ал ол дағды қалыптасуы үшін кемі айына екі рет болып тұруы керек шығар. Қазақша кино көру дағдыға, қалыпты жағдайға айналуы керек. Жылына үш кино көріп жүрген адамнан не тұрақтылық сұрайсың?
Сосын уақыт та өте маңызды. Сол жылына үш-төрт рет болатын мейрамның өзін ең ыңғайсыз уақытта тойлайтын болсаң, қайдағы мейрам? Бұл жерде парадокс сонда, әдетте адамның билингуал болғаны артықшылығы болуы керек еді. Ал мына жағдайда ол бір жағынан минус боп тұр. Келеді. Сеанс орысша. Спокойно билет алып, кіріп кете береді. Қазақшадан басқа білмейтін болсыншы, театрыңды төңкеріп тастасын. Ал сол ыңғайлы уақытқа қазақша қойсыншы, билингуалыңның өзі қазақшаға кіреді. Бәрі болмаса да, көбі. Ыңғайсыз уақытқа қойып алып, қайда енді деп отыруға көп ми керек емес. Аздап ебанаттау болсаң да жетеді. Оның үстіне тағы сол құқық мәселесі алға шығады. Менің таңдау құқым тапталып жатыр. Қалаған уақытымда көре алмаймын. Сен маған таңдау құқығын бер. Сол кезде қазақшаны таңдамай жатсам, айт. Ол кезде тіпті өзім де үндемеуге уәде берем. Ал бүгінгі кинотеатр қойған уақытқа келісіп барып тұрып кіре алмауым енді адамды мазақ ету ғой.
Төлеген Байтукенов айтып жүрген материалдық жағдай да орынсыз емес. Рас. Қымбат. Сондықтан жиі барып тұруды көбінің қалтасы көтермеуі де мүмкін. Бірақ орысшаға барып жүрген қазақтың көбі билингуал ғой. Жиі баратындары да. Сондай-ақ, материалдық жағдай тек таза орысша сөйлейтін аудиторияда бар да, таза қазақша сөйлейтін аудитория құрыған кедей емес қой. Орынды аргумент. Бірақ тым әлсіз.
Сондықтан, адам, азамат құқығы мәселесі әрқашан бірінші орында тұруы керек. Ол талқыланбауы керек. Оған қарсы аргумент қарастырылмауы керек. Соны бірінші орынға қойып, соған зияны тимейтіндей жағдайға азаматтар бас қатырмауы керек. Ол  сол құқықты заңмен бекітіп, сақталуына кепілдік берген және сол құқықтың сақталуын міндетіне алған жалдамалының проблемасы.

 Ғалымжан Оразымбеттің фейсбук парақшасынан



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *